19 Қазан, 2017
Латын әліпбиін енгізудің мүмкіндіктері жоғары 

Тәуелсіз Қазақстаның қазіргі кездегі аса өзекті және бүкіл халық болып талдап жатқан мәселесінің бірі – қазақ әріптерін латын әліпбиі негізіне ауыстыру. Бұл – рухани жаңғыруымыздың басты тетігі ретінде және қазақ тілінің дамуына, қолданыс аясының әлемдік деңгейге көтерілуіне де қажетті мәселе.


Әліпбиді ауыстыру – бірнеше стратегиялық мәселелерді шешуге  жол ашады,  біріншіден ұлттық мүддемізге сәйкес келе бермейтін, көрші елдер тарапынан ақпараттық құралдар күшімен жүріп жатқан идеологиялық отарлаудың қарқынын бәсеңдетуге септігін тигізуге тиіс.



Екіншіден, жаһандану үрдісі барысында  өркениеттер төрінен орын аламыз десек, ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай ғана сақтап қоймай, оны әлемдік сападағы брендке де айналдыру жағын ойластырғанымыз жөн, бұл өз кезегінде тілдің қолданыс аясының кеңеюуі арқылы жүзеге аспақ. 



Үшіншіден, оның негізгі тиімділігі латын әліпбиінің қазіргі заманның барлық ақпараттық байланыс инфрақұрылымдарын, электрондық-сандық жүйелерді, интернеттік-компьютерлік құралдарды пайдалануға өте ыңғайлығында. Яғни, бүкіл әлемде латынша баспа әріптері үлгілерінің мыңнан аса түрі қолданыста жүргенін ескерер болсақ, сол арнаға енудің өзі біз үшін қаншалықты тиімді екендігі айтпаса да түсінікті.



Латын әліпбиінің енгізілуі тек компьютерде мәтінді теріп, баспаға дайындауды жеңілдетуде ғана емес, сонымен қатар, тек латын әріптерін қолдануға негізделген компьютерлік бағдарламалар жасау мен қолдану мүмкіндігін жеделдетуге, жадын тез бейімдеуге сол арқылы ақпарат алу қорын ұлғайтуға жол ашылады демекпіз. 



Әлемдік электрондық кітапханалармен жұмыс істеуге және  дүние жүзінің  аяқ жете алмайтын құнды жәдігерлері сақталған мұражайларына әрбір Қазақстандықтың виртуальды саяхат жасауына да латын әліпбиінің қосар үлесі болар еді.



 



Әуезхан Шашаев, тарих  ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі







 


ruh.kz