1 Қараша, 2017
Латын әріптерімен жазылған маңдайша жақсы көрінеді – Алматы облысының әкімі

Алматы облысының тұрғындары қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдайды. Бүгінде аймақ әкімдігі латын қаріпіндегі маңдайшалар бойынша жұмыс істеуде. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Батталов ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында хабарлады.



«Аймақ тұрғындары Мемлекет басшысының латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын қолдап отыр. Барлық жерде жаппай дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіліп, жаңа әліпбидің нұсқасын кеңінен талқылаулар жүргізілді», - деді әкім.  



Сонымен қатар, Амандық Баталов журналистің әкімдіктің басшылығы өзге аймақтар сияқты маңдайша жазуын латын қаріпіне өзгертеме деген сұрағына жауап берді.



«Біз әкімдіктің маңдайшадағы жазуын өзгертпедік, бізде бірнеше жоба бар. Біз бірқатар аймақтар мен қалаларды аралап шықтық. Кейбір нысандарымыз аяқталуда. Енді олардың маңдайшадағы жазуын кириллицада немесе латынша жазу керек пе деген мәселені қарастырып жатырмыз. Латынша жазатын шығармыз, бір жұмысты екі рет істеудің қажеті қанша, оның үстіне латынша жазу жақсы көрінеді. Бүгінде осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп түйіндеді әкім.  



Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 27 қазанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әліпбиді кириллицадан латын қаріпіне көшіру туралы жарлыққа қол қойды.



Ақбота Күзекбай


ruh.kz
фото ОКҚ