18 Сәуір, 2018
Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғырту жолы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасы Мемлекеттік тілді дамыту қорымен бірлесіп «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғырту жолы» атты семинарлар өткізді, деп хабарлайды Ішкі саясат басқармасы.


Семинардың бірінші кезеңі облыстағы студенттер, жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, өзге ұлт жастары, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімдері, аудармашылар, ғалымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен облыс әкімдігінің әкімшілік ғимаратының мәжіліс залында өтті. 

Семинардың екінші кезеңі мектеп ұстаздары мен 9-11 сынып оқушыларына № 3 Красный-Яр көпсалалы орта мектеп-гимназиясында өтті.

Семинар барысында смартфон және планшеттерге (Android және ІOS платформалары үшін) арналған латын әріптерімен қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard» жаңа жобасының тұсаукесері жасалады. 

Семинарды Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова жүргізді. Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевтің, Қазақстан жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры, ақын Бауыржан Қарағызұлының, Қор жобаларының үйлестірушісі Әсет Оспановтың және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдардың магистрі Лайс Мусиннің баяндамалары тыңдалды. 

Семинарға қатысушылар үшін Ақмола облысы архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Қазақ латын әліпбиі тарихының архив құжаттары» тақырыбында және Ақмола облысының білім және мәдениет басқармалары тарапынан «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбындағы көрмелер ұйымдастырылды. Көрмеге латын графикасы жөнінде Жарлықтың жарияланымдары, мерзімді басылым беттерінде шыққан мақалалар, зиялы қауымның ой-пікірлері, 1929-1940 жылдар аралығындағы қазақ жазуының латын графикасында кеңінен қолданылғанын растайтын мұрағаттық құжаттары, білім саласындағы соңғы инновациялар қойылды. 

Іс-шара соңында Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасы дайындаған өңірдегі жас ақындардың өнерін көрсететін үш бейнероликтердің тұсаукесері өткізілді. 



 


ruh.kz
Ақмола АБҚ