4 Ақпан, 2019
Латын негізді қазақ жазуының орфографиялық мәселелері

Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі – Елбасымыздың игі бастамаларының бірі. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясындағы сөзінде: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек


 Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік», - дей келіп, «Біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген болатын. Одан кейін Мемлекет басшысы өзінің 2012 жылғы «Қазақстан - 2050» cтратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында да атап көрсеткен еді. Ал 2018 жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы мәселенің бағыты айқындалды. 



Қазақстанда әліпбиді алмастыру мәселесі ел егемендігін алған кезеңдерден бастау алды. Латын әліпбиіне қайта оралу туралы қоғамдық көзқарас 1994 жылы көтеріліп, содан бері бұл бастама бірқатар ғылыми конференцияларға арқау болды және бұл мәселені жан-жақты талқылау барысында түйінделген пікірлер мен ұсыныстар әрдайым ақпарат құралдарында жарияланып отырды. 



Демек, осы уақытқа дейін тілге тиек болып келген көкейкесті мәселеге бүгінгі қоғам тиянақты дайындықпен келіп отыр деп айтсақ артық емес. 

Қоғамға, мемлекетке қызмет етіп отырған тілдің ең жоғары сапалы түрі – әдеби тіл десек, оның екі формада өмір сүретіні белгілі. Олар – ауызша және жазба тіл. Ауызша тіл қоғамдағы, әлеуметтік өмірдегі бүкіл өзгерістерді өз бойына қабылдап, жинақтап, сол өзгеріске бейімделіп, икемделіп дамиды. Ал жазба тілде ауызша тілдегі өзгерістердің қоғам тарапынан әбден екшеліп, сұрыпталып, қабылданғандары ғана қалыптасады. Бұл – әдеби тілдің табиғи, заңды даму жолы. Жазба тілдің қызметі мен дамуына қоғам тарапынан кең көлемді, түбегейлі өзгерістер енгізу бүкіл тілге әсер етеді. Сол себептен де әліпбиді өзгерту, оның ұстанымдары мен емле ережелерін қайта қарап, бекіту – бүкіл мемлекетке, ұлтқа, оның рухани құндылықтары мен болмыс-бітімі, таным-түсінігіне ықпал етеді.



Қоғамдық өмірдегі кез келген ауқымды шараға, ол экономикалық шара болсын, әлеуметтік шара болсын, көпшілік тарапынан өзіндік пікір, көзқарастар болмай қоймайды. Өйткені ондай шараның, жұртшылық жаппай қатыспаса да, өз жақтаушылары мен қарсыластары болады. Бүгінгі графика ауыстыру мәселесі де осы жайды басынан кешіріп отыр. Сондықтан бұл мәселенің тек-төркінін, себебін дұрыс түсінуге тырысуымыз керек. 



Латын әліпбиіне көшудің Қазақстан қоғамы үшін аса маңызды реформа екені даусыз. Заман тәжірибесі әлемдік ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын танытып отыр. 1940 жылдардан бері қарай қолданыста болған, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Аманжолов бастаған тілші-ғалымдар ұсынған кирилл әліпбиіне негізделген қазақ жазуы өзінің толыққанды қызметін атқарып отырғанымен, бұл графика санаулы елдерде, көбіне ТМД елдерінде ғана қолданыста болғандықтан Қазақстанның әлемдік өркениетке жақындауына тежеу болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Латын әліпбиі - әлемде ең көп қолданыстағы графика. Бұл графикаға көшу арқылы Қазақстан әлемдік өркениетке, жаһандану үдерісіне жақындай түседі. Бұл күнде латын әліпбиі Еуропа, Азия, Африка және Америка құрлықтарының көптеген мемлекеттерінің жазу жүйесіне негіз болып отыр. Латын графикасы бірнеше ғасырлық тарихы бар ең жетілген, өзін-өзі тарих тезінде ақтап шыққан графика үлгісі екенін естен шығармаған жөн және осы үлгіге сай заманауи әліпбиді қазақ жазуына пайдалану өз тіліміздің де өміршеңдігі мен бәсекелестік қабілетінің артуына әкелері сөзсіз. Латын әліпбиіне көшуден қандай да бір саяси астар іздеудің қажеті жоқ, бұл - прагматикалық қажеттілік. Түркі әлемінде қолданыс тауып отырған латын әліпбиі Қазақстанның туыстас мемлекеттермен рухани-мәдени байланысын арттыра түседі.Әрі латын графикасы Қазақстанда 1929-1940 жылдарда қолданылып келген. Сондықтан бұл жағдай біздің өткен тарихымызға қайта оралу деп бағалаған жөн. Сондай-ақ шет мемлекеттерде тұратын қазақтар күні бүгінге дейін латын әліпбиін қолданып жүргендіктен қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі қазақ ұлты өкілдерінің өзара жақындасуына, ұлт тұтастығына қызмет етпек.



Тілдің болашағы - елдің болашағы. Жазуымызды латын әліпбиіне көшіру бір күннің ісі емес. Елімізде латын графикасына көшу жұмыстарының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 2018 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің» жобасын әзірлеп, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасына сараптама жасау мақсатында ұсынып отырған емле ережелерінің негізгі қағидаларына, жалпы орфография мәселелеріне байланысты өз пікірімді білдірмекпін. Жаңа әліпбидің ең ұтымды тұсы ретінде, қазақ тілінде 28 фонема, оның ішінде 19 дауыссыз, 9 дауысты фонема бар екендігін ескерсек, кириллицаға негізделген әліпбидегі басы артық әріптердің азаюын атар едім. Әріптер саны азайған соң орфоэпия, емле ережелері де жеңілдей түседі. Бұл жайт қазақ тілін оқып-үйренуді жеңілдете түседі. Емле ережелерінің жеке сөздің және күрделі сөз сыңарларының түбір тұлғасы сақталып жазылатын морфологиялық ұстанымды басшылыққа алуын да құптаймын. Өйткені осы уақытқа дейін бір-біріне сәйкес келмейтін бірнеше орфографиялық сөздіктердің жарыққа шығуы көпшілік елді шатастырып, сауатсыздыққа әкелген болатын. Морфологиялық ұстанымды негізге алған емле арқылы жазу ережесі жүйеге түсіп, қарапайым көпшілікке түсінікті болары анық. Жалпы емле жобасын жасаушылар кириллицаға негізделген орфографиялық ережелерді басшылыққа алғаны байқалады. Бұл – үлкен жетістік. Өйткені қазіргі қолданыстағы ережелердің уақыт тезінен өтіп, әбден қалыптасып, екшеліп, жүйеленген ережелер екені белгілі. Бұл жағдайды барымызды пайдалана отырып, алға қарай дамыту деп бағалаймын. Бұған «қосымшалар түбір сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың үндесіміне қарай не жуан, не жіңішке болып жазылады» немесе бөлек жазылатын сөздердің емлесі, бірге жазылатын сөздердің емлесі сияқты бірқатар ережелерді атап көрсетуге болады. 

 



Латын негізді қазақ жазуының орфографиялық мәселелеріhttp://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2019-01/1548906372_1-kz.jpg" title="Латын негізді қазақ жазуының орфографиялық мәселелері" />







«Реттік сан араб цифрымен берілсе, оның түсірілген -ynshy (-inshi), -nshy (-nshi) қосымшасының орнына дефис қойылады және қосымша үндестік заңына сәйкес жалғанып, дефис арқылы жазылады, ал рим цифрымен берілсе, дефис қойылмайды: 6-ǵa, 100-ge deıin,10-15-ten; 2018-jyl, 5-sanat, 3-kireberis, 10-qazan, 2-aqpan, 136-bap, 1-úı, 9-páter, ХХІ ǵasyr, III tom, IV taraý. Бірақ № шартты белгісімен тіркесетін араб цифрлы сан есімдер дефис арқылы ажыратылмайды: №82 mektep, direktordyń №5 buıryǵy, №107 qaýly, №17 kiris»,- деген ереже де бірқатар даулы мәселенің басын ашқан. 



«Кейбір кирилл әріптері мен шеттілдік сөздердің емлесі» тарауындағы «Ц әрпі s әрпі арқылы жазылады: sırk, sıfr, sılındr, sırkýl; desımetr, medısina, proporsıonal, abzas, kvars, konstıtýsıa, korporasıa. Ескерту. Қос ц тұлғасындағы сөздер ts әріп тіркесі арқылы таңбаланады: pitsa, Nitsa»,- ережесі де қазақ тілінің айтылу заңдылығына сай жасалған.



«Э әрпі бар шеттілдік сөздер е әрпімен жазылады: element, elevator; poetika, epopeа»,- деген ереже де көпшілік қауым үшін өте ыңғайлы.



С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да 2018 жылдың қаңтар айында «Қазақ жазуы және латын графикасы» орталығы ашылған болатын. Орталық мамандары қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесіне байланысты конференция, семинар, дөңгелек үстел, кездесулер мен танымдық, әдістемелік шараларды ұйымдастыруда. Осы жұмыс барысында «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасы ыңғайлы, тілдік заңдылықтарға сай жасалған емле ретінде байқалды.



Қорыта айтқанда, латын негізді қазақ жазуының орфографиялық ержелерін жасаушылар өз еңбектеріне асқан жауапкершілікпен қарап, емле ережелерін қалыптастырған. «Көш жүре түзеледі» демекші, халық тарапынан қолдау таппай жатқан тұстары кездесіп жатса, ол - келешек үдесінде. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі - заман талабынан туындаған келелі де, киелі мәселе. Ұлт болашағы үшін орындалып жатқан бұл реформаның келер ұрпаққа берері мол. Ал тілшілер қауымы алдында тілдің қолданбалы аясын жетілдіру міндеті тұр.



Айгүл Алимхан


автор