6 Сәуір, 2018
Латын және қоғамдық сананың модернизациялануы

Артта қалған елдердің алдыңғы қатардағы елдердің деңгейіне жетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі қозғаушы күшіне айналған модернизация құбылысы бүгінгі таңда бүкіл әлемді шарпып келеді. Осындай әлемдік жаһандану кезеңі қазақ елін де айналып өтпесі анық. Күн санап қарқынды түрде жүріп жатқан осындай әлемдік даму үдеріске қазақ елі өзінің салымын салып, жарқын болашаққа бағдар түзеуі тиіс. Бұл ретте Елбасының «Рухани жаңғыру»мақаласының  жекелеген жобаларының алар орны ерекше.


 



Модернизациядан бөлек дамушы қоғамның экономикалық құрылымы тәрізді әлеуметтік даму парадигмасы да күн санап өзгеру үстінде. Кез келген нәрсенің екі қыры болғаны секілді, жаһанданудың көптеген жағымды және жағымсыз жақтары бар. Біз өзгерістің жағымды жағын ұтымды пайдалана білсек, еліміздің жан-жақты дамуы қарқынды түрде жүзеге аспақ.



Яғни, қарқынды даму кезіндегі кез келген мемлекеттің жетістігі оның жаһандану үрдісіне қаншалықты бейімделе алатындығына және оны өз игілігіне пайдалануына байланысты екендігін адамзат әлдеқашан саналы түрде түсініп үлгерді. Ендігі кезекте, дамудың даңғыл жолына түскен елдерге, соның ішінде қазақ еліне арттақалушылыққа жол жоқ. Бұған қоса, бұл үдеріс негізінде азаматтық қоғам, экономика, әлеуметтік даму мен менталитет, мәдени, адамгершілік сала, тілдік орта сияқты барлық салаларға жеті бақылау жүргізіледі. Бұл туралы Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстан үшін тұрақты өзгерістердің стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды.



Елбасы ең бастысы жеке бәсекеге қабілеттілік пен прагматизм, ұлттық бірегейлік пен білім беру мәдениетін сақтау, көптілділік және қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру сияқты мәселелер қазақстандықтар үшін маңызды екендігін ерекше атап өтті. Көптеген мәдениет қайраткерлері, тарихшылар мен әлеуметтанушылар елдің рухани жаңғыруы мен интеллектуалды дамуында тілдің модернизациясы ерекше рөл атқарады деп санайды. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – еліміздегі әрбір тұрғынның қоғамдық санасының өзгеруін айқындайтын рухани жаңғырудың нақты қадамы. Бұл әр азаматтың өзін-өзі жетілдіруге жол ашатын, дамуына басты назар аударатын процесс. Әрі жаһандық мәдениет көшіне ілесу мен осы қайнардан ауызданудың бірден бір даңғыл жолы деуге болады.



Сонымен, қазақ қарпін латындандыру не береді дегенге сауалға келетін болсақ, бір қарағанда бұл тек таңбалардың «техникалық» жүйесінің өзгеруі ғана сияқты көрінуі мүмкін жайт. Дегенмен, латындандыру халыққа өзінің ана тілін табиғи қалпында сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттауға мүмкіндік беретін стратегиялық бағдар. Сонымен қатар, біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда тұрып жатқанымызды ескере отырып, жаңа форматтағы қазақ тілі барлық қазақстандықтарды біріктіруге, қоғамның нығаюына әсер етуші мықты фактор бола алады.   



Сондықтан да, Елбасының аталмыш бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап қазақ қарпін латын графикасы ауыстыру жөнінде екі бірдей шешім қабылданып үлгерді. Нәтиже жаман емес, оқулылықтардың орны әртүрлі сын-пікірлерді ескеру нәтижесінде толысып келеді. Талқыға қоғамның барлық топтары қатысты. Миллиондаған адам қазақтың жаңа латын әліпбиі қандай болуы керектігі туралы пікір білдірді. Соңғы қабылданған нұсқасы халықтан оң бағасын алды, бұл жалпы талқылаудың нәтижесі.



Кейбір сарапшылар жазғандай, латын әліпбиінің жалпы пікірталасқа айналуы тек «таза қазақстандық мәселе» ғана емес. Латындандыру – бүкіл қазақстандық қоғамның, оның барлық этникалық топтарының дамуындағы басты фактор. Әңгіме жаңа сапалы деңгейдегі даму турасында болып отыр. Әлеуметтік-саяси жаңғырту тұрғысынан алып қарағанда, бүгінгі күні латын әліпбиіне көшу – тілдің мәселесі ғана емес, сонымен бірге саяси мәселе. Біздің тіліміздің әлемдік қоғамдастыққа түсінікті болуы сананың ашықтығы мен Қазақстанның әлемдік аренадағы даму стратегиясының көрінісі. Мұндай өзгерістер Қазақстандағы тілдік ортаны дамыту үшін өте маңызды. Өйткені, қоғам нақты үш тілділікке аяқ басады. Қазақстандық қоғам біздің көз алдымызда өзінің дамуында прогрессивті жалпыадамзаттық құндылықтарға мән беретін болашаққа ұмтылған заманауи азаматтардың, полиглоттардың ұлтына айналып келеді.



Бұдан шығатын қорытынды, Қазақстанның Мәңгілік Елге айналуы үшін әлемдік жаһандану үдесінен қалыс қалмай, жан-жақты даму жолына түсуі керек. Ол үшін Елбасының стратегиялық жоспарлары мен елеулі жаңғыртуларына ел болып үн қосып отыруымыз керек.



 


ruh.kz