19 Наурыз, 2019
МАҒЖАН АТЫЛҒАН КҮН

19 - наурыз – ұлт ақыны, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Мағжан Бекенұлы Жұмабайдың атылған күні. 


Мағжан ақынның әлемі – сұлу, мөлдір әрі шынайы. 1938 жылы НКВД-ның «Үштік» шешімімен ату жазасына кесілген қайран ақынның 45 жылдық ғұмыры елін сүюге, бодандық құрсауындағы қайран елін азаптан шығаруға бағытталды. «Алаш!» деп ұран салып, теңдік іздеді. Ұлт тарихының даңқты тұлғаларын өлеңге қосып жырлады. «Түркістан!» деп ұлы түркі халықтарының баба рухын асқақтатты. «Алыстағы бауырыма...» деп Анадолы жұртынан Түркия мемлекетін құрған Мұстафа Кемал Ататүріктің саясатын қолдап, өлең арнап, екі бауырлас елдің ынтымағын көрсетті. «Педагогика» оқулығын жазып, ұстаздық етті. «Батыр Баян» поэмасымен қазақ әдебиетінің кеңістігін кеңейтті. Міне, сұлу Мағжан осындай еді... Амал не, қайран алапат сезімді ақын оққа ұшып, жазықсыз құрбан болды.

      Бүгін –  ұлт арысы Мағжан ақынды, аяулы шайырды еске алатын күн. Жұбанатын күн. Жылайтын күн. Ұлы рухты аңсайтын күн... Замананың заңғары Мұхаң, атақты Мұхтар аға Әуезов Мағжанның поэтикасына, алапат сезімді ғаламат поэзиясы хақында: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған «Абай» деген сөз «Қазақ» деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар секілді. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып кіндік кескен жерді сүюмен барабар болатыны бар», - деп жоғары бағалап еді. Тағы да осы бір құнды сөзінде ұлы жазушы замандас досы, «Қазақтың Пушкині» атанған Мағжан ақын туралы: «... Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда бұл бір заманның тегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» , - деп жүрек сөзін тебіреніп айтқан еді. Сөздің шыны керек, бұл сөз – қазақ әдебиеттану ғылымындағы аса жоғары бағалау сөзі. Шынайы пікір. Үзеңгі жолдастың ақ сөзі еді... Бірін-бірі аласартпаған арыстар-ай десеңізші! Тар заманда, тар кезеңде қара бастарын қатерге тігіп, елдің үмітін, азабын арқалап өткен оғландар!

                                                                                          Алдаспан ақынның ескерткіші

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz


Ruh.kz
Ғаламтор желісінен