19 Сәуір, 2019
МАҢҒЫСТАУ ҚЫЗЫҚТАРЫ

      Туған елдің тамаша табиғатын тамашалау үшін біріншіден, виза жасатып, елшілікке барудың қажеті жоқ. Екіншіден, тілдік барьер жоқ. Үшіншіден, жинаған теңгеңді өзге елдің валютасына ауыстырып, курстық айырмашылықтан ұтылмайсыз, баға төмен. Төртіншіден, елімізде соңғы жылдары бір жолға түсіріліп келе жатқан ішкі туризмді дамытасыз. Ал, бесіншіден, егер сіздің төленбеген айыппұлдарыңыз болса да, ел ішінде кедергісіз  қыдырып жүре аласыз.  Еліміздің көрнекті жерлеріне саяхаттау, ол жерлердің тау-тасымен, өзен-суларымен танысу соңғы жылдары жақсы үрдіске айналуда. Жаз маусымының алдында оқырмандарымызды еліміздің  туристтік бағыттарымен таныстыруды қолға алдық.


Бірінші кезек - Киелі Маңғыстау жерінің аңызға толы Қазақстанның «Аризонасына» айналған керемет мекені – Бозжыра борлы тауы туралы болмақ.



Осыдан 5 миллион жыл бұрын Маңғыстау жері Лавразия мен Гондвана суперконтиненттерінің арасын алып жатқан Тетис мұхитының мекені болды.





Дәуірді дәуір ауыстырды, теңіз сулары кетіп, жер құрғаған кезде фантастикалық пейзаждар, жерасты үңгірлер барлығы да табиғаттың тылсым құбылысына айналды. Маңғыстау Үстірті бүгінгі күні өзінің тылсым табиғатымен еліміздің көп саяхатшыларын өзіне тартуда. Үстіртте болған әр адам өзін басқа ғаламшарға барып келгендей сезінеді. Себебі космостық ландшафт сол әсерді сыйлары анық. Бозжыра да осыдан бірнеше миллион жыл бұрын тау түзілімдерінің бұзылуынан дүниеге келген-ді. Бұл алқаптың ақ борлы таулары мен шегі мен шеті жоқ аппақ даласы кез келген туристті өзіне баурап алады. Бозжыраның тылсым сұлулығын көргіңіз келсе, алдымен Ақтау қаласына теміржол көлігімен немесе әуе қатынасы арқылы жетесіз. Ақтау қаласы мен Бозжыра мекенінің арасы 298 километр. Алқаптың солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы 17 километр, ал батыстан шығысқа дейінгі қашықтық  11 километрді құрайды. Бозжыра даласының ең көрнекті бор таулары биіктігі теңіз деңгейінен жоғары 200 метрді құрайды.  Халық арасында «Азу тістер» деген атқа ие болған екі борлы таудың төбесіне кезкелген саяхатшы жол тауып көтеріле алмас. Адам көзінен таса болған жіңішке жолды тауып, Бозжыраның биігіне көтерілген кезде, Үстірт түбегінің ең керемет көрінісі көз алдыңа жайғасады. Борлы таудың үстінен жасалған фотосуреттер Маңғыстау өлкесінің визиткасына айналды. Ақ түсті құздар, ақтүсті таулар мен жыралар -бұл көріністерді шынайы өмірде көрудің өзі бақыт. Бозжыраның шынайы табиғатын тамашалау үшін саяхатшыға бір күн аздық етеді, сол себепті жергілікті туристік компаниялар бұл саяхаттың ұзақтығын екі күн деп белгілейді. Бозжыра тауларын тамашалауға алғаш рет барған әр саяхатшы өзін басқа әлемге аяқ басқандай сезінетіні айдан анық. Параллельді әлемнің ертегісіне түскендей күй кешетін әр турист Бозжыра тауларына тағы да келуге ынтық болады.



Бозжыра борлы тауларына қалай баруға болады:



Ақтау қаласына теміржол қатынасымен немесе әуе көлігімен келу;



Жергілікті туристтік компаниясына жүгіну: компания сыйымдылығы үш адам болатын жол талғамайтын көлікті гид-жүргізушісімен және палаткамен бірге ұсынады. Жалпы көлікті толықтай 100 000 теңгеге жалға аласыз, ал егер үстінен 20 000 теңге қоссаңыз, таңғы, түскі және кешкі асты компания қосып береді. Бозжыра тауларына дейінгі жол уақыты алты сағатты құрайды немесе 298 шақырым. Яғни, 120 000 теңгеге гид-жүргізушісі бар жол талғамайтын машинаны екі күнге жалға алып, космостық көрінісі бар борлы тауларға саяхаттай аласыз деген сөз. Сондай-ақ, Бозжыра шатқалынан 20 шақырым жерде Бекет ата мешітіне және Шопан атаның қорымына баратын автожол бар. Туристтік компаниямен келіссеңіз, жүргізуші жолда Бекет атаның мешітіне соғады.



Бозжыра тауларына барудың екінші тәсілі, ол жергілікті такси қызметіне жүгіну. Екінші тәсілдің жол картасы алғашқы нұсқадан ауытқымайды. Айырмашылық – жол ақысында. Туристік компанияға беретін сомма 120 000 теңге болса, ал такси қызметіне беретін сомма 50 000 теңге.



Маңғыстау даласы саяхатшыны Бозжыра тауларымен тамсандырып қана қоймайды. Ежелде теңіздің түбі болған қазіргі Маңғыстау даласы өте кең әрі қызыққа толы. Мыңдаған шақырымға кеңінен жайылған қасиетті жердің табиғатын көріп, аңыздарымен танысу үшін саяхатшы өзінің жол жоспарын бірнеше бағытқа бөлуі керек:



Аспандағы күннің өзі тұзды Тұзбайыр көлі мен жергілікті халықтың арасында аңыздары көп Айрақты бор таулары. Жаздың ыстығында қарды көрем деушілерге Тұзбайыр көліне жол тарту керек. Айналасы ақ тұз бен ақшыл әктас жаулаған көл маңы қыс мезгілін еске түсіреді. Аңызақ жел мен ыстық күн Тұзбайыр көлін ғасырлар бойы көркемдеп ерекшелендірген сияқты. Ал, Шетпе елді мекенінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан Айрақты бор тауларының биіктігі 350-400  метрге жетеді. Зерттеушілер «Дала симфониясы» деп атаған Айрақты тауларының маңында көктем ылғалды болған жылдары кішілеу келген жұпар иісті согдийлік қызғалдақтар қаулап өседі екен.



 





Жұмбаққа толы Жығылған мүйісі (шатқалы) мен Торыш даласындағы домалақ тастары. Торыш тастарының диаметрі 3-4 метрге дейін жетеді. Кең далада шашылып жатқан үлкен тастардың бұл өлкеде қалай пайда болғаны құпия. Ал, Жығылған шатқалының неге осылай аталуы туралы ел арасында аңыз бар. Сол аңызға сенетін болсақ, ертеректе өмір сүрген жері белгісіз, бір Пайғамбар жүйрік тұлпарына мініп, осы таудың басына келіп күнде намазын оқитын болған. Сондай күндердің бірінде, намазын оқып болған Пайғамбар атының жоғалып кеткенін байқайды. Қу далада ұрының жүруі екіталай еді, «жылқыны жартас жұтқан» шығар деген шешімге келген Пайғамбар ашуға мінеді. Осындай ойдың келуіне бір сәт еді, Пайғамбардың астындағы тау жығылып, жартастар құлай бастайды. Таудың «Жығылған» атауының бір аңызы осындай екен.    





Жұмбағы мол, аңызы көп, халқы қонақжай киелі Маңғыстау жері кез келген саяхатшы үшін таптырмас хикая. Ежелгі уақытта Ұлы Жібек жолының бойында өзінің ерекшелігімен тарихта қалған 362 әулиенің қасиетті мекеніне сапарлап келген кез келген турист үшін рухани азық. Маңғыстаудың әр тасы мен әр тауы ғарыштық сипатқа ие. Бір кездері қалың теңіздің мекені болған Бозжыра, Жығылған, Торыш, Тұзбайыр даланың тылсым көрінісіне айналды. Космостық көріністерді көріп, ғарыштық атмосфераны сіз де сеңініңіз. Маңғыстауға келіңіз!



 



Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,



 Ruh.kz



 


Ruh.kz
автор