2 Қараша, 2017
Маңғыстау облысында киелі жерлерге апаратын жолдар қайта қалпына келтірілуде (ФОТО)

Маңғыстау облысында туристерге жағдай жасап, туризмді дамыту мақсатында «Ата жолы» автожолын жаңарту жобасы жүзеге асырылуда.



«Ата жолы» автожолы өңірдегі туристік орындарға, яғни Шопан-Ата, Оғланды және Бекет-Ата зиратына апаратын жол. Бұл орындар Маңғыстау өңірінің ғана емес, еліміздің мәдени мұрасы саналады. Сонымен қатар Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құруға бағытталған «Киелі мекен» арнайы жобасына кіреді.



Сонымен, ұзындығы 97 шақырымды құрайтын жол 2011 жылы пайдалануға берілген. Алайда, бірнеше қабаттан тұратын автожолдың соңғы қабаты, яғни асфальттау жұмыстары биыл қолға алынып, оған 5 млд. теңге бөлініп отыр. Жобаның реконструкциялау жұмыстары басталып, Маңғыстау облысы Қарақия ауданының аумағында асфальт төселді.  



«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі атап өткендей отандық туризмді дамыту үшін алдымен логистика мен инфрақұрылымды жандандыруымыз қажет. Бүгінгі «Ата жолы» автожолын жаңартудағы негізгі мақсатымыз осы. Яғни, сапалы жол салынса, ел-жұрт келеді, тіршілік басталады. Басқа да қызмет көрсету орталықтары бой көтеріп, көптеген кәсіпкердің табыс табуына жол ашылары анық. Бұл жол жақсылыққа бастайтын жол болмақ», - деді маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.



Сондай-ақ, ол бұл жаңарту жұмыстары Үкіметтің қолдауы арқылы Маңғыстау облысы әкімдігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бірлесіп атқарып жатқан көп істердің бірі ғана екенін атап өтті.



Әкімдіктің мәліметі бойынша жобаның жалпы құны 5,042 млрд.теңгені құрайды. 97 шақырым жолдың 51 шақырымын асфальттауды 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр.


ruh.kz