8 Қараша, 2017
Маңғыстауда археология саласын дамытудағы жаңа бағыттар талқыланды (ФОТО)

Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесінің отырысы өтті. Алқалы жиын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.



Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, облыс әкімі Ералы Тоғжанов төрағалық еткен жиынға Астана, Алматы қаласынан арнайы келген Сәдуақас Ағытаев, Дмитрий Воякин, Зейнолла Самашев, Ислам Жеменей, Ақан Оңғарұлы сияқты архелог, тарихшылар қатысты.



Кеңестің мақсаты – тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану мәселерін шешуге белсенді ықпал ету. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының ғылыми маңызды деңгейін көтеру.



Археология мен этнография, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеудің ғылыми логикалық жүйесін анықтау.     Ұйымдастырушылардың айтуынша кеңес 2007 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі басқосуда облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғау саласындағы атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, олардың сақталуы бойынша алдағы міндеттерін айқындады. Сонымен қатар, зерттелген дүниелерді насихаттаудың өзекті мәселесі талқыланды.



2007 жылы іргесі қаланған Кеңестің құрамына тарих және археология, этнография, сәулет, қала құрылыс мәселелерін білетін білім мен біліктілікке ие ғалым, сәулетші, мәдениет және өнер өкілдері кіреді.



Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз жолдауында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, тарихымыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. 


ruh.kz