14 Шілде, 2018
Маңызды дүниені ұмытпаудың 5 қағидасы

Бүгінгі күні айналамызда санамызға еріксіз кіріп жатқан ақпараттардың саны жоқ. Осы себепті қажетті ақпараттардың ұмытылып кетуі сізде де жиі кездесуі мүмкін. Бәсекеге қабілетті қоғам құру кезеңінде мұндай қасиеттің азаматтар бойынан табылмағаны дұрыс. Сондықтан, біз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында міндеттеп берген бәсекеге қабілетті қоғамды құрушылардың  қаперінде жүрсін деген ниетпен қажетті дүниелерді ұмытпаудың немесе осы бір кереғар қасиетпен күресудің жолдарын сіздерге ұсынып отырмыз.  


Сіз өзіңізге қажетті нәрселерді көп ұмытасыз ба? Хабарласуға міндетті адамдарға қоңырау шалуды ұмыт қалдырасыз ба? Немесе уақытында жасалу керек істі мүлде жадыңыздан шығарып аласыз ба? Қазіргі кезде осындай есте сақтау қабілетінің нашарлауы адамдардың көпшілігінде кездесіп жатады. Егер сіз өз бойыңыздан осындай кемшілікті байқасаңыз, онда АҚШ-та өтетін есте сақтау олимпиадасының төрт дүркін жеңімпазы Нельсон Деллистің кеңестеріне құлақ түріңіз.  



Деллистің айтуынша, оның есте сақтау қабілеті қалыпты жағдайда болған. Ол, тіпті, есте сақтау бойынша жеңімпаз атанамын деп те ойламаған. Қазір ол - адамдардың есімін жаттау бойынша әлемдік рекордтың иесі. Олимпиада чемпионы 15 минут ішінде 201 адамның ныспысын жаттап үлгереді екен. Деллистің жадын жаттықтыруына түрткі болған не нәрсе? 



Деллис өзінің есте сақтау қабілетімен 2009 жылы әжесі Альцгеймер ауруынан қайтыс болғаннан кейін ғана жұмыс жасай бастаған. Альцгеймер науқасына ұшыраған адамның орталық жүйке жүйесі зақымданып, есте сақтау қабілеті, сөйлеу қабілеті нашарлай бастайды. Асқынған жағдайда мүлде қызметін тоқтатуы ықтимал.  



«Ол өзінің өмірден өтерінен он жыл бұрын ғана есте сақтау қабілеті тұрақты болатын», - дейді Деллис. Әжесінің қазасынан кейін ол өзінің басынан сондай қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін жадының қызметін арттыратын жұмыс жасай бастаған. Әртүрлі жаттығулар арқылы ол тамаша қабілетке ие болып, әлемдегі ең мықты есте сақтау мүмкіндігі бар адамға айналды.  



Деллис өз жадының қандай дәрежеде екенін білу үшін конкурстарға қатыса бастайды. Сізге жүздеген адамның есімін жаттау қажетсіз болғанымен, өз жадыңыздың қызметін арттыру үшін келесі кеңестерге көз жүгіртіп шыққаныңыз абзал.  



Қарапайым заттарды өзге нәрсемен ауыстырып қараңыз 



Есте сақтау қабілетін арттырудың ең үздік тәсілінің бірі - ерекше дүниелердің жатталу қарқынын анықтай білу.  



«Адамдардың көпшілігі ерекше дүниелерді немесе оларға психологиялық соққы берген нәрселерді жаттап алуға қабілетті», - дейді Деллис.  



Біздің күніміздің 90 пайызы күнделікті қайталанатын немесе ешқандай эмоцияға әсер етпейтін дүниелермен айналысумен өтеді. Сондықтан, өзіңізге қажетті ақпараттарды ерекше нәрселермен алмастыруға тырысыңыз. Ал бұл үшін өзгеше есте сақтау қабілетінің қажеті шамалы. Адам санасы ерекшеліктерді жақсы көреді және оларды ми қыртысына өшірілместей етіп жазып алады.  



Өз санаңызды ерекше көркемсуреттермен алдаңыз. Өйткені, адам санасы ерекше картиналарды, қарапайым ойлардан гөрі жақсырақ сақтайды. Егер үйге қайтарда пицца ала баруды ұмытпауды мақсат етсеңіз, онда пиццаның үстіндегі шұжық пен ірімшіктің тіл үйіріп тұрған картинасын елестетіңіз.  



«Көз алдыңызда түрлі-түсті картинаны елестетіңіз. Сонда ол барынша шынайы көрініс беріп, қашан мақсатыңызды жүзеге асырғанша ұмытылмайтын болады», - деп кеңес береді Деллис.  



Бұл тәсіл адам есімдерін жаттауда да маңызды рөл ойнайды. Мысалы,Қайрат деген есімді ұмытпау үшін Қайрат Нұртасты еске алыңыз. Сол кезде автоматты түрде көз алдыңызға әнші Қайраттың бейнесі елестеп, сізге адамның есімін ұмытпауға көмектеседі.  



Әр затты бір нәрсемен байланыстырыңыз 



Деллистің ең тамаша тәсілдерінің бірі – кез-келген орында (офисте, үйде) заттарды сақтайтын орындарды санаңызға сіңдіру. Мысалы, үйдің кіреберісіндегі сөреде қағаз майлықтар сақталады делік. Сонда үйден шығып бара жатқанда немесе дүкенде зат алып жүрген кезде сол картина еріксіз көз алдыңызға оралады. Міне, сананың қабілеттілігі осылай дами түседі.  



Тағы бір мысал келтіріп өтелік. Сүт сатып алуды ұмытпау үшін есік алдында мөңіреп тұрған сиырдың келбетін жаттанды етіңіз. Сонда бұл картина сіздің санаңыздан ұмытылмай, қораптағы сүтті көрген кезде өз-өзінен қолданысқа енеді.  



Олипиадаға қатысушылардың көпшілігі сананың осындай қабілетін дамыта отырып, қоланады. Бірақ әркім өзіне ыңғайлы қалыпта.  



Заттар мен бейнелер арасындағы байланысты дамытыңыз 



«Сіз алғашқы кезде белгілі бір бейнелер арқылы өзіңіздің есте сақтау қабілетіңізді дамыта бастайсыз. Уақыт өте келе бұл әдіс таптаурын болады. Одан әрі қарай дами түсу үшін өзге тәсілдерді қолданысқа енгізген жөн», - дейді Деллис.  



Мысалы, сіз өзіңіздің бұзылған компьютеріңізді жөндету үшін ІТ-бөлімшеге хат жазып немесе қоңырау шалып, кездесуді белгілеуді ұмытып қалмау үшін келесі тәсілді қолдансаңыз әбден болады. Сіз өз меншігіңізді жөндетуге келіскен адам ондаған компьютерді ұрлап кеткен қылмыстық топтың мүшесі екенін елестетіңіз. Енді сіз соған барып, өз мәселеңізді шешуіңіз керек. Мүмкін солай немесе олай емес деген екіұдай ойларға ерік беріңіз. Сол кезде сіз бұл кездесу туралы компьютеріңіз жөндеуден өтіп, қолыңызға тигенше арыла алмайсыз.  



«Қызықты немесе қорқынышты оқиғаларды ойлаған сайын адамның сол дүниені есте сақтау деңгейі арта бермек. Біз өте ерекше дүнилерді жақсы есте сақтаймыз», - дейді Деллис.  



Өзіңізді ақпарат қабылдауға даярлаңыз 



Есте сақтау қабілеті назар аударуға тікелей байланысты. «Әрине, бұл тәсіл сізге өте таптаурын түрде естілуі мүмкін. Бірақ біздің назарымыз кез-келген нәрсеге асығыстықпен аударылады. Өткені, бүгінгі қоғамда ақпарат өте көп», - дейді Деллис. Сондықтан, өз-өзіңізді бір нәрсеге ұзақ назар аударуға бейімдегеніңіз абзал.  



Нельсон өз тәжірибесінде жаңа адаммен танысар алдында іштей өз-өзіне «Бұл кісінің есімі кім еді?» деген сұрақты бірнеше рет қайталап қоятынын айтады. Содан кейін ғана жаңа танысының есімін сұрап, онымен әңгіме-дүкен құрады. Әлгі таныстық алдында өз-өзіне бірнеше мәрте қойылған сұрақтың арқасында ол өз санасына жаңа танысының есімін білудің маңыздылығын жеткізіп, сақталу деңгейін артырады.  



«Осындай мән беруге тұрмайтын дүние сияқты көрінетін тәсіл арқылы сіздің барлық назарыңыз есте сақтап қалғыңыз келетін нысанға ауады. Сіз ол кезде сол нәрсені білуден өзге барлық дүниені бір сәтке естен шығарасыз. Санаңызды осылайша жаңа танысатын адамыңыздың есімін жаттап қалуға дайындайсыз», - деп мысал келтіреді Деллис.  



Әрбір күн сайын жаңа тәжірибелер жасаңыз 



Әртүрлі бағыттағы жаттығулар мен сынақ тәжірибелер арқылы сіз өзіңіздің есте сақтау қабілетіңіздің деңгейін ұлғайта түсесіз. Тәжірибе жасайтын онлайн түрдегі бірнеше сайттар да қазіргі ғаламторда қолжетімді. Деллис өзі қолданатын бірнеше сайтты сіздерге ұсынған. Мысалы, MemoCamp атты ақылы сервис бар. Бұл бетте сіз сандар мен сөздердің жылдам өзгеруі арқылы реттік санын, орын ауысуын жаттап алуға үйренесіз. Бұл сайтты Деллис чемпионаттарға дайындық кезінде қолданады екен. Сондай-ақ, MemRise атты тегін нұсқа да бар. Бұл нұсқада сіз өзіңіздің жадыңызбен ойын түрінде жұмыс жасайсыз. Егер сізге сөйлемдермен жұмыс жасау ыңғайлы болса, онда Деллис Anki қосымшасын қолдануды ұсынады.  



Бұлардан бөлек, Нельсон Деллис Art of Memory атты осы бағытта жұмыс жасайтын сайттың негізін қалаушысы болып есептеледі. Автордың жеке сайтында да күнделікті есте сақтау қабілетін арттыру бойынша арнайы сынақтарды бірізділікке қойған.  



Өзіңіздің есте сақтау қабілетіңізді сынап көруден қорықпаңыз. Қарапайым ғана мысал. Сіз дүкенге немесе базарға барар алдында сатып алуға тиісті заттардың тізімін жазудан бас тартыңыз. Бұл сізге берілген сынақ болсын.  



Өзіңіздің миыңызға салмақ түсірген сайын оның қабілеті де арта түседі. Мысалы, көптеген тақпақтар жаттап, заттардың орынын ауыстырып қайта қоюдың, карталарды араластырып, алғашқысын қайта тауып алудың пайдасы зор. Ең бастысы, бұл бағытта өзіңізге қызықты нәрсені емес, пайдалы дүниені таңдаңыз.  



Адамның миы көптеген нәрсеге қабілетті. Дегенен, жалқаулық пен еріншектік, жаңа нәрсені үйренуге талпынбаушылық сананы дамытуға, есте сақтау қабілетін арттыруға кедергі болып жатады. Осыдан келіп, адамның жүйке жүйесінің ауруларына ұшырау жиілігі көбейеді. Ал болашақта аталған ауруларға тап болмау үшін, есте сақтау қабілетінің нашарлығынан зардап шекпеу үшін бүгіннен бастап сананың деңгейін арттырумен жұмыс жасау қажет.  



Сіз, мейлі, адамдар есімін жаттаумен айналыспай-ақ қойыңыз. Өзіңізге қажетті ақпараттарды жаттау арқылы бір уақытта екі ісіңізді қатар тындырасыз. Мысалы, сіз мұғалім немесе оқушы болсаңыз, өзіңіздің ертеңгі сабағыңызға дайындалу барысында барлық назарды алдыңыздағы қағаздарға аударсаңыз, оның жатталу деңгейі артады. Ал ертеңіне сіз сол жаттанды болып қалған ақпараттар арқылы жақсы жұмыс күнін өткізесіз немесе жақсы бағаға ие боласыз.  



Ал есте сақтау қабілетін дамытуға таптырмайтын ең тамаша уақыт – Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық кезеңі. Тест жауаптары мен жылдық деректерді жаттау барысында сіз оған қайталау жұмыстарын жүргізесіз. Сол уақытта әрбір жауапқа аса үлкен назар аударып, жаттар алдында санаңызды соған дайындап отырсаңыз, ол жауаптың есте сақталу деңгейі артады.  



Есте сақтау қабілетіңізді дамытып, нық қадам басыңыз! Бұл арқылы сіз өз  денсаулығыңыздың нашарламауына кепілдік аласыз. Сондай-ақ, есте сақтау қабілетіңізді арттыру арқылы өзіңізге жаңа мүмкіндіктер ашасыз.  


ruh.kz
healthgoesup.com