25 Сәуір, 2019
МЕЙІРІМ

Өр мінезді ақын Фариза Оңғарсынова: «Бар қазаққа ана еді ғой!» деп жырлаған Мәриям анамыздың шығармашылығын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында насихаттау ісі басталыпты. Тобыл, Торғай өңірінің зерттеушілері ақын апамыздың шығармашылығын Тәуелсіздік тұрғысынан зерттей бастағаны көңілге медеу болды. 


Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасының бірі – ақын, халық жазушысы Мәриям Хакімжанова. Оның есімі әдеби ортада үлкен беделге ие. Халқымыздың аяулы қызының ақындық, жазушылық дарынымен қатар қарымды журналист, халық мұрасының жанашыры, рухани ортаның қамқоршысы ретінде атқарған қызметі де оның жан-жақты шығармашылық тұлға екенін айғақтайды.





 Мәриям Хакімжанова 1906 жылы қарашаның 16 жұлдызында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданының Қобыланды ауылында дүниеге келген.Талантты ақын әр жылдары газет-журналдардың редакциясында қызмет атқарып, қазақ баспасөзінің дамып-өркендеуі жолында жемісті еңбек еткен. Халық жазушысы Мәриям Хакімжанова поэзиясының негізгі өзегі – отан, өмірдің сан түрлі сәттері, бейбіт күн, туған жерге деген сүйіспеншілік. Аудармашылық қабілеті жетік ақын қызымыз балалар жазушысы Т.Диктің «Отты бұлақ» повесін, қырғыз әдебиетінің өкілдері А.Тоқамбаевтың, Т.Сатылғановтың шығармаларын ана тілімізге аударып, қазақ әдебиетінің халықаралық байланысын кеңейткен.  




Ақынның халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы ретіндегі еңбегі жұртшылыққа беймәлім. Мәселен, Мәриям ақын әлемдік мәдени мұра «Қырымның қырық батыры» эпосын жаңартып, жаңғыртып жырлаған Мұрын жыраудың жырларын жазып алып қана қоймай, оның шығармашылық келбеті хақында да тың деректер ұсынады. Жыраудың мақамы, қимыл-қозғалысы, домбырасы туралы бұрын айтылмаған деректерді келтіреді.  Сонымен қатар ақын халқымыздың тұңғыш ағартушы-педагогы, «Дала қоңырауы» Ыбырай Алтынсарұлының мұрасын жинақтаушы екенін де ұмытпаған дұрыс.



Мәриям Хакімжанованың өнегесі әдебиетіміздің белгілі өкілдеріне көрсеткен рухани қамқорлығы екені жасырын емес. Көпшілік бұл жайында біле бермейді. Ақын қызымыз жастардың шығармашылығын жіті бақылап, олардың өсуіне, кітаптарының басылып шығуына әрқашан көмек беріп отырған. Бұл – шығармашылық, әдеби ортада кездесетін сирек құбылыс. Ақын Мәриям апайымыздың игі ісі бүгінгі ұрпақ үшін де үлгі боларлықтай деп айта аталамыз.



Әдебиет жанашыры қазақ-совет ақыны Шолпан Иманбаеваның өлеңдерін түгендеп, жинақтап, 1950 жылы жеке кітап етіп шығаруға атсалысады. Сонымен қатар ақын алаштың қайраткер қызы Ш.Иманбаева туралы материалдарды жинап, ол туралы естеліктердің жазылуына бастама жасап, өмір жолы мен қызметінің көпшілікке танылуына зор еңбек етті.



Осы күні аңыз сияқты естілетін деректерге сүйенсек, М.Хакімжанова өзінің замандас құрбыларына шығармашылық қолдау мен демеу көрсеткені жазылады. Мәселен, Зияш Қалауованың есімінің ардақталуына, өлеңдерінің кітап болып басылуына күш-жігерін салды.




М.Хакімжанова, әсіресе, көптеген ақын-қаламгер қыздарымыздың бағын жандыруға оң ықпалын тигізген. Мәселен, 1963 жылы Ғылым академиясында бүкіл дүниежүзі әйелдерінің Мәскеуде өткен конгресіне қатысқан Моңғол әйелдерінің делегаттары мен Қазақстан әйелдерінің өкілдері алдында сөйлеген сөзінде қазақ қыздарының шығармашылын жоғары бағалайды. Оның ішінде Тұрсынхан Әбдірахманова, Шәрбану Құмарова, Марфуға Айтқожина сынды аяулы ақын-жазушылардың шығармашылық жолынының қалыптасуына бағыт-беріп, әділ бағасын береді.



Сыншы ретінде М.Хакімжанова республикаға танымал газеттерге жастар шығармашылығы турасында әрдайым ой-талғап мақалалар жариялап отырған. Сондай бір сын мақалаларының бірінде Гүлнәр Шәмшиеваның туындылары, ақындық күш-қуаты туралы пікір қозғайды. Мұнда да жас буынның өкілдеріне рухани кеңестерін айтып, ақ батасын да тілейді. Сыншы мен автордың байланысы, оқырманның пікірі әдеби шығармашылықтың дамуына оң әсер ететін маңызды фактордың бірі. Бұл ретте М.Хакімжанова өз заманында жас таланттардың шығармашылықта өз орындарын тауып, шындалуына үнемі назар аударып отырған.





Мәриям Хакімжанова ұлттық әдебиеттің жарық жұлдыздары Сара Мыңжасарова, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Ханбибі Есенқарақызы, Күләш Ахметова, Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова сынды ақын-жазушыларға тәлім беріп, жол сілтеді. Бүгін де қаламгер апаларымыздың көркем шығармалары – ұлтты тәрбиелеуші құрал ретінде қызмет етіп, құндылығы өміршең мұра болып танылып, бағасын жоймай келе жатыр. Бұдан Мәриям ақынның әдебиетте өзіндік мектеп қалыптастырған тұлғалардың бірі екеніне көзіміз жетеді. Қазақ әйелдер поэзиясының ардақты есімдерінің арасында Мәриям Хакімжанованың есімі әрдайым бірінші болып айтылатыны сөзсіз.



 



Елдос ТОҚТАРБАЙ, 



Ruh.kz


Ruh.kz
Елдос Тоқтарбайдың жеке мұрағатынан