23 Маусым, 2018
«Мен – қазақпын» мега жобасының облыстық кезеңі мәресіне жетті

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодты сақтай отырып, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту керектігін айтқан болатын. Осы ретте, атадан балаға мирас болған ұлт өнерін ұрпаққа насихаттаған «Мен - қазақпын» атты мега жобаның аудандық, қалалық іріктеу кезеңі өткен еді. Енді сайдың тасындай іріктелген 35 үміткер республикалық кезеңге жолдама алу үшін облыстық кезеңде бас қосты. 


Ұлттық өнерді дәріптейтін «Мен - қазақпын» республикалық мега жобасы биыл да өз жалғасын тапты. Облыс орталығында өткен шара ашық аспан астында құрылған сахнада өтті. Байқауға  35 өнерпаз қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.



Байқауда өнерпаздар  3 аталым бойынша сынға түсті.  Ол дәстүрлі ән, терме, және күй өнері.  Айта кетейік, осыған  дейін әр аудан мен әр қалада өнер додасының іріктеу кезеңдері өткен болатын. Сондықтан да, бұл жолғы кезеңге тек іріктеуден өткен кіл мықтылар ғана қатысты. Өз өңірінің  намысын арқалап келген әнші, күйші, термешілер ортаның көрігін қыздырды. "Мен  - қазақпын" мега жобасының облыстық іріктеу кезеңіне қатысушылардың бірі – Жалын Құнанбай. Ол Павлодар облысы, Успен ауданынан келген. Байқауда дәстүрлі ән бойынша өнер көрсетіп, қазақ әнін төбе құйқаны шымырлата шырқады. 



Жалын Құнанбай, «Мен - қазақпын» мега жобасының қатысушысы:



"Байқау барысында өнерпаздар өз аталымдары бойынша бір-бір туындыдан орындады. Оларға қойылған басты талап –  орындаушылық шеберлігі. Бұл жерде қатысушылардың барлығы бірдей кәсіби өнерпаз емес екендігін айта кеткен жөн болар".



Самал Қарашиянова, «Мен - қазақпын» мега жобасының қатысушысы:



"Осындай ірі жобаның қатысушысы болып, қазылар алқасынан әділ бағамды алғаным үшін шын жүректен қуаныштымын. Осындай ұлттық дәстүрді насихаттайтын, ұлттық болмысымызды, ұлттық руымызды оятатын бастамалар көп болса дейміз".



Бір айта кетерлігі, облыстық кезеңге қатысуға аудан, қалалардан осы кезге дейін барлығы 60-тан астам өнерпаз қатысқан. Олардың өнерін бағалаған қазылар алқасы Ертістің Кереку өңірі өнерден кенде емес екендігін айтуда. Әсіресе, байқауға жастардың көп қатысуы көз қуантқан. 



Екі жарым сағатқа созылған байқау өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша республикалық байқауда  өнер көрсетуге  дәстүрлі әннен Жалын Құнанбай,  термеден  Нұрлан Сейітов, күйден Ернат Мотышевті лайық деп тапты. Енді олар осы күзде  өтетін республикалық байқауда Павлодар облысының намысын қорғайтын болады. Айта кетейік, "Мен Қазақпын" мега жобасының облыстық іріктеу кезеңі "Қазақстан" ұлттық арнасынан көрерменге тікелей  эфирде көрсетілді.



Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының аясында ұлттық салт-дәстүр мен, ұлттық өнерді республикалық деңгейде қолдау мақсатында жүріп жатқан "Мен - қазақпын" мега жобасының телеарна көрермендері мен жалпы қоғамда үлкен қызығушылық танытқанын білеміз. ендеше Кереку жерінде өткен байқауда топ жарғандар республикалық бәйгеде өз өнерлерін паш етеді. республикалық байқауда дәл осындай өз өңірлерінен қара үзіп келген қас жүйріктердің аламаны екенін де тілге тиек еткеннің айыбы жоқ болар, сірә.  


ruh.kz
Stwity.com