27 Қараша, 2017
М.Мырзахметұлы: Хәкім Абайдың ілімі – жаңғыру кілті

С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру идеясындағы Абай ілімі» тақырыбында Абай мұрасын зерделеген ғұлама ғалым, айтулы абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының директоры Мекемтас Мырзахметұлымен сұхбат кеші өтті.


ОҚО әкімдігінен хабарлағандай, іс-шараға ақын-жазушылар, жоғары оқу орындарының ұлағатты ғалым-ұстаздары, М.Ауезов атындағы ОҚМУ «Абайтану» ғылыми зерттеу орталығының қызметкерлері және М.Мырзахметұлының шәкірттері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ОҚО бойынша жобалық кеңсесінің басшысы Б.А.Әшірбеков және әдебиетке жаны жақын кітапхананың белсенді оқырмандары қатысты.






«Рухани жаңғыру үшін өзге елдерден үлгі іздеудің керегі жоқ. Баба дәстүрі мен заңғар тұлғаларымыздың шығармалары - баянды болашаққа жетелейтін төте жол. Жат ағымдарға ілесіп, жоғалтып ала жаздаған рухани байлығымызды жаңғырту... оңды іс болады, - деді сөз басында  қоғам және мемлекет қайраткері Мекемтас Мырзахметов.




Жалпы, «Рухани жаңғыру идеясындағы Абай ілімі» тақырыбында өткен басқосуда бүгінгінің басты проблемалары әңгімеге арқау болды.




«Абай мұрасы - қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты. Өз заманында қараңғылыққа налып, қандастарының жаңғырып, көкірегі оянғанын қалаған, һәм үміт отын жағуға талпынған заңғар тұлға. Қазақ жаңғыру үшін алысқа бармай-ақ Абайды үлге етсе болады. Ал, бабалардан қалған әр мақал-мәтел ғылыми еңбекке арқау болатындай рухани байлық», - деп түйіндеді  М.Мырзахметұлы. 




Атап өтер болсақ, рухани кешке келген меймандар тағылымды әңгіме мен дәлелді ой-пікір тыңдап, қанаттанып тарқасты. 


ruh.kz
ОҚО ІСБ