22 Қараша, 2020
Терминдерге мониторинг жасау қолға алынды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Бекітілген терминдерге мониторинг жасау әдістемесі» атты республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырды. 

«Терминологияның өзекті мәселелері бойынша биылғы өткізілген әдістемелік семинарлардағы басты мәселенің бірі – терминдерді біріздендіру. Қазақ тілін ғылым мен қазіргі озық технологияның тіліне айналдыру үшін ұлттық терминқорды қалыптастырудың, оны біріздендіру және жетілдірудің аса маңыздылығы мен қажеттілігі жөнінде жиі ой қозғаймыз. Бекітілген терминдердің сапасы көңілден шыға бермейтіні, яғни мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыруға толық қауқарлы еместігі де жасырын емес. Сондықтан соңғы бас қосуымыздың бірінде 1971 жылдан бері бекітілген терминдерге мониторинг жасау қажеттігі айтылып, ол туралы қарар қабылданды. Бүгінгі семинарда мониторинг жасаудың әдістемесі ұсынылып отыр. Әдістемелік құралда мониторинг жасаудың талаптары, терминдерді сала бойынша іріктеудің амал-тәсілдері, мониторинг жүргізудің алгоритмі және тағы басқа мәселелер көтерілді», - деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

f2cbf257-d62e-49f4-9ef2-86db25b65b2e.jpg

1971-2019 жылдар аралығында бекітілген 27 мың терминге мониторинг жасау әдістемесін айқындау арқылы терминдерді біріздендірудің шешу жолдарын ұсыну уақыт талабынан туындап отыр. Осы бағытта өрбіген шараға «ТС ғылыми-техникалық компаниясы» ЖШС директоры, филология ғылымдарының кандидаты Байыржан Жөнкешов, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының редакция-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдарының докторы Ербол Әбдірәсілов, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева қатысты.

1dee44d6-2a45-4e85-b9cb-e1a1847feef1.jpg

Әдістемелік құралда бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу талаптары, амал-тәсілдері, терминдерге қатысты оның тілдік және функционалдық аспектілері, қолдану ерекшеліктері қарастырылған.

Сонымен қатар, әдістемелік құралда қазақ тілінің терминологиялық әлеуеті мен халықаралық терминдердің қолданылу қағидаттары барынша толық көрсетілген, осының нәтижесінде тілдік материалдың үлкен бөлігіне мониторинг жасау қолға алынады.

Әдістемелік құрал терминшілерге, терминологиялық жұмыстарды жүргізуге құзыретті мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлеріне, терминдерді аудару ісімен айналысып жүрген филологтар мен сала мамандарына арналған.

Ruh.kz