30 Қазан, 2017
Музыка майталманы – Қуат Қоңырұлы

Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде белгілі сазгер, дирижер, қазақ өнерінің жанашыры Қуат Қонашевті еске алу кеші өтті, деп хабарлады Маңғыстау облысының әкімдігі.



Қуат Қоңырұлы – Маңғыстау облысының Ұштаған ауылында туған. Бала кезінен музыкаға құштар болған ол есейе келе өнер жолын таңдап, осы бағытты аянбай тер төгеді. Бүгінде ол негізін қалаған «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі көптеген мемлекеттік жəне халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр.



«Сахнаға көтеріліп, «Шығармашылық қанаттары» аталған өнер кешін ашқан облыстық мәдениет басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Пания Сармурзина мен Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжазира Алдашева марқұмның отбасы мен оның өнерін жалғастырушыларға игі тілектерін жеткізді. Небәрі қырықтың қырқасынан аса бере қыршын кеткен азаматтың үзеңгілес достары мен әріптестері, бауырлары мен жанына жақын адамдары естеліктер айтып, сыр ашты. Сондай-ақ бұл кеште марқұм болған өнер иесін еске ала отырып, оның ізін басқан өнерпаздардың өнерін тамашалауға мүмкіндік болды», - делінген хабарламада.



Арнайы қойылыммен басталған концерттік бағдарлама барысында Қуаттың ұлы Ибрагим Қонашевтың «Әкеме арнау»  монологы оқылып, кеш «Ақтау сазы» ансамблі мен өңір өнерпаздарының ән-биімен жалғасты.



Бүкіл аймаққа есімі танымал болған Қуат Қоңырұлы туралы «Ақтау сазы. Өнері өмірі» атты естеліктер кітабы жақында жарық көрген екен. Кеш қонақтары Қуаттың сәулелі ғұмырындағы жарқын фотосуреттер мен оның өзі жазып кеткен партитуралар енген осы кітаппен танысып, жылы лебіздерін білдірді.


ruh.kz