16 Тамыз, 2019
Музыкада өз атыңа кір келтірмесең, биік асуларды алуға болады!

Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек – «Рухани жаңғыру».

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет»  жобасына ерекше назар аударылды. Талантты жастар қазақ мәдениетінің бүгіні мен ертеңін қалаушылар. Олардың өнеріне қолдау көрсету және елмен таныстыру БАҚ өкілдерінің де міндеті. ЖасStar айдарының кезекті қонағы – П.И.Чайковский атындағы халықаралық конкурсының лауреаты, Қазақ ұлттық музыка академиясынан, Мәскеу мемлекеттік консервоториясынан және Гамбург музыка және театр мектебінен білім алған Әбдіқалықов Жасұлан Тұрарұлы. Жас музыкантпен сұхбатымызды бастамай тұрып, айта кететін бір ақпарат: осы күнге дейін қазақстандықтар арасында 

П.И.Чайковский атындағы халықаралық конкурсының лауреаты болып Айман Қожабекқызы Мұсақожаева мен Майра Мұхамедқызы атанған еді. Үшінші қазақстандық лауреат болып біздің Жасұлан Тұрарұлы ілікті.

Ruh.kz: Жасұлан, қайырлы күн! Біздің оқырмандарға өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

Жасұлан Әбдіқалықов: Қайырлы күн! Әбдіқалықтың ұрпағы Жасұланмын. Сол кездері Торғай облысы деп аталған мекеннің Амангелді ауылының тумасымын. Мәскеу мемлекеттік консерваториясының және Гамбург музыка және театр мектебінің студентімін. Ес білгелі өнер жолындамын. Себебі мектеп табалдырығын елордамыздағы Қазақ ұлттық музыка академиясында аттадым, сол өнер ордасында білім алдым. Еліміздің бетке ұстар оқу ордасында біліммен сусындау мен үшін үлкен құрмет еді. Оқу жылдарында өзімнің музыкаға деген сүйіспеншілігім артып, өнер жолының менің өмірімде үлкен рөлге ие болғанын түсіндім. Ата-анам мен ұстаздарымның қолдауының арқасында көптеген конкурстарға қатысып, лауреат атандым. Оқуымның үшінші курсында білім ордасының «қабырғасы» маған тар болғандықтан, кәсіби білімімді Мәскеудің мемлекеттік консерваториясында жалғастыруды ұйғардым. Консерваторияға оқуға түсуге түрткі болған сол кездегі жасөспірімдерге арналған «Балдаурен» жазғы демалыс лагері еді. 2008 жылы «Балдауренге» консерваторияның профессорлары келіп, қазақ балалары арасынан таланттарды іздеді. Ресейлік профессорлардың ұсынысынан бас тартпай, консерваторияға жол тарттым. Жүз жылдан аса тарихы бар білім ордасында музыка әлемінің көп сырымен танысып, қазақ баласының трубаның клавишаларында керемет ойнай алатынын көптеген адамдарға дәлелдедім. Мәскеулік оқудан соң мені Еуропаның ең беделді музыка мектебі күтіп тұрды. Гамбург музыка және театр мектебіне де неміс профессорының шақыртуымен келдім. Қазақстанда алған білімім іргетас болса, Ресей мен Германия елдерінде сол «іргетастың» үстіне мықты әрі сапалы білім «қабырғасын» қалай білдім десем де болады.


0Z9A0763.jpg


Ruh.kz: Қазір немен айналысып жүрсіз?

Жасұлан Әбдіқалықов: Гамбург музыка және театр мектебін тәмамдап болған соң елге ораламын деген жоспар болды. Тағдырдың жоспары мен менің ойым сәйкес келмеді (күлді). Менің жолым болып, қазіргі күні классикалық музыка ортасында танымал ресейлік «Мusik Aeterna» оркестрі мені ресми түрде жұмысқа шақырды. Бұл уақытқа дейін осы оркестрдің құрамында шақырылған музыкант ретінде кейде өнер көрсететін едім. Оркестрдің негізгі құрамы Санкт-Петербург қаласында орналасқанмен оркестр бір қаламен шектеліп қоймай, әлемді өз бағдарламасымен шарламақ. Музыкалық топтың ерекшелігі де сонда, классикалық өнер ордалары бір жылдық бағдарламасымен жазғы маусымға дейін жұмыс жасаса, біздің оркестрде ондай түсінік жоқ. Яғни біздің құрам жер шарын бір жылдың екі жүзден аса күнінде үздіксізден көрерменге өнерлерін көрсетеді. Мысалы, осы жылдың қыркүйек айынан басталған музыкалық іссапарымыз тура бір жылға созылады. Турне Еуропа жерінен басталып, АҚШ жерінде ұласады.

Ruh.kz: Жасұлан, сіздің ойнайтың музыкалық аспабыңыз труба. Қазақ көрермендер бұл аспапты қалай қабылдап жатыр?

Жасұлан Әбдіқалықов: Дұрыс сұрақ қойдыңыз. Отандастарымыз арасында музыкалық аспаптар ретінде көп танылғаны домбыра, қобыз, пианино, скрипка, саксафон және тағы да басқалары. Сондықтан да шығар «Мен трубада ойнаймын» деп айтқан кезде, «ол саксафон ба?» деп шатастырып жатады. Трубаны көрген кезде көз алдына джазды елестетеді. Ол қате пікір. Бұл аспап джаздың көлемімен ғана шектелмейді. Труба жез музыкалық аспаптардың тармағына жатады. Бұл аспаптың өзіндік музыкалық бағыттары бар. Трубамен ойналған әуен ерекше. Оны тыңдай бергің келеді. Тағы да ескере кететін ақпарат, труба оркестрде де жақсы үйлесімде бола алады. Сол себепті Еуропаның классикалық сахналарында труба аспабы үлкен сұраныстарға ие. Жеке репертуар үшін труба аспабының төрт түрі болғаны жақсы. Қазір менің иелігімде төрт аспаптың үшеуі бар. Ең үлкені «В» категориясына жатады. Бұл категория си-бемоль тоналдығына қатысты. Одан кейінгі «С» категориясы ми-бемоль тоналдығымен бір тонға төмендеу және трубаның ең кіші түрі пиколла-труба. Труба ұзын болған сайын оның дауысы төмендей береді және керісінше аспап қысқа болған сайын оның дауысы жоғарылай береді. Және трубаның төрт түрін бірден меңгеріп алу мүмкін емес. Аспаптың әр түрінің дауыс ырғағы әртүрлі. Сол себепті, оның әр түріне музыкалық шығарылымдар да бөлек-бөлек жазылады.


0Z9A0791.jpg


Ruh.kz: Өнер жолын біржола таңдадыңыз ба?

Жасұлан Әбдіқалықов: Менің ұстазым ылғи айтатын еді: «Музыкада өз атыңа кір келтірмесең, биік асуларды алуға болады», – деп. Осы сөздер менің жадымда. Музыка әлемінен басқа жол жоқ маған. Жаз маусымына, жазғы демалыс мезгіліне қарамастан күнделікті жұмысымды тастамадым. Мен үшін сенбі, жексенбі күні де жұмыс күні. Себебі мен үшін ноталармен бір күн жаттықпаудың өзі мүмкін емес нәрсе. Мен өз ісімнің жанкүйерімін!

Ruh.kz: Басыңыздан өткен музыкалық қызықты оқиғаңызды айтып беріңізші?

Жасұлан Әбдіқалықов: Айтып берейін.

 Мәскеу музыкалық консерватриясына оқуға түскен жылы болған оқиға еді. Он сегізге толмаған едім. Оқу орнына құжаттарымды тапсырып болып, жергілікті миграция департаментіне тіркелу керек едім. Оқуға қабылданып, қуанғаным бар, сосын алысқа шығып көрмеген соң ата-анама деген сағыныш бар, салдарынан бұл рәсім есімнен мүлдем шығып кеткен еді. Құжаттарды тіркеуге кеш бардым. Жергілікті шенеуніктер менің тіркелуге кеш келгенімді айтып, Ресей Федерациясының заңын бұзғандығым туралы ақпаратты алдыма жайып салды. Енді не істеймін? Сол кезде баламын ғой (күлді). Эмоцияға қатты беріліп, қорыққаннан көз алдыма неше түрлі сценарилі картиналар елестей бастады. Заң бойынша 50 000 Ресей рублін төлеу керек болдым. Қалтамда ондай ақша жоқ. Үйдегілерге айтуға жүрексіндім. Сұрастыра келе бұл тығырықтан шығудың басқа жолын таптым. Сол түні Ресей территориясын кесіп өтіп, көрші мемлекетке «барып-келу» болды. Жақын орналасқан көрші мемлекет –Украина және оның қаласы Харьков болды. Шұғыл билет сатып алып, Харьковқа бет алдым. Қайдан білейін ол жерде де кедергілерге тап болатынымды. Поез Украина территориясына кірген кезде кейбір шекарашылар тарапынан түсініспеушіліктер де болды. Стресс, уайым, кедергілерге қарамастан бұл оқиға жақсы аяқталды. Оқуымның басқы «қатты» болып, аяғы «тәтті» болған еді (күлді).

Ruh.kz: Шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

Жасұлан Әбдіқалықов: Ең алдымен білім мен тәжірибе жинап елге оралғым келеді! Еліміздің болашақ өнерлі жастарымен ескі еуропалық өнер мектебінің тәлімімен бөліскім келеді. Елімнің патриоты ретінде сол жауапкершілікті сезінемін. Ал әзірше, «Musik Aeterna» оркестрімен елдерді аралап, қазақтың қарапайым баласының қолынан не келетінін көрсетемін.


0Z9A0749.jpg


Ruh.kz: Жасұлан, өнер жолындағы шабытыңыз тауысылмасын! Шығармашылығыңыз шыңдала берсін!



 

 

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz