8 Маусым, 2019
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ, ақын: Алаш жұртына пайдам тисе, арманымның орындалғаны...

Жастар жылы аясында еліміздің мәдени дамуына өз үлесін қосып жүрген талантты жастарды оқырманға танытуды жөн көрдік.

 

Бұл ретте Нұрбек Нұржанұлы есімді жас ақын жігіттің де үлесі бар. Біздің Нұрбек Нұржанұлы – 1995 жылы 29 мамырда Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 

Бүгінде Түркиядағы Ардахан университетінің «Түрік халық әдебиеті» мамандығының магистранты. «Мұң Ай» жыр жинағының авторы. Халықаралық, республикалық әдеби байқаулар мен мүшәйралардың жеңімпазы. 

Иірімі бөлек, сүрлеуі басқа ойлы өлеңдерімен оқырманның ықыласына бөленіп, әдеби ортаның өкілдеріне танылған үмітті өрен. Нұрбек екеуіміздің әдеби әңгімемізді оқырман назарына ұсынамыз.

9ab21ea6-6e96-4081-8d58-f4b634e95cb0.jpg

Ruh.kz: Жас ақын, жазушы ретінде танылған Нұрбек Нұржанұлы қазір не істеп жүр? Не жазып жүр?

Нұрбек Нұржанұлы: Қазір қолым босаған кезімде көбіне кітап оқимын. Бұрын кітапқа көп құмарта бермейтінмін, ал қазір кітап көрсем қазына көргендей елең ете қалам. Әрине, таразылап, талдап ішінен өзіме қызықтысы мен керегін ғана оқимын. Кез-келген жанрда оқуға тырысамын. Сосын кітап жинайтын әдетім бар. Барған жерімнен естелік ретінде кітап алып қайтамын, барынша ескілеуін алуға тырысамын. (Қызығы, кейбір мемлекеттерде ескі кітап жаңа кітапқа қарағанда құны қымбатырақ.) Көзім қызығып кітап жинай бергеніммен, оқылмай қап қойғандары да қаншама. Әйтсе де, айналамыздың бәрі онсызда оқудан құралған ғой; жер мен көк, тау мен орман, көл мен шөл, күллі адамзат, бәрі-бәрі – кітап. Қысқасы, өмірді оқып жатырмын.

Анда-санда өлең жазам. Өлең өміріме айналды десем де болады. Өлең жазбай қалсам бір нәрседен құр қалғандай есеңгіреп жүрем. Мына өмірге келген әрбір пенде өз миссиясымен келеді емес пе, сол секілді Құдай берген өнердің ақысын беру керек деп білем. Тіршілігімізде сан түрлі ақымыз болғаны іспетті, өлең де пікірдің, сезімнің, шүкірдің – ақысы. Бұл да Жаратқанға жасаған тәфәккүр-ғибадат. Арасында әңгіме жазамын, алғашында балалар әдебиетімен бастағам, кейіннен басқа да жанрларға қалам тербеп көрдім. Фантастика мен мистика солғындау шықты. Уақыт өте келе менікі еместігін түсіндім. Барынша өлеңмен бере алмаған дүниелерді әңгімемен жеткізуге тырысамын. Кейіпкерлерім, жаныма қатты әсер еткен ауыл мен қала тұрғындарының тағдырлары. Кейде, қалам мен қағаздан алыстап кететін кездерім болады, сонда суытып алмау үшін әңгіме жазатын әдетім бар. Аударма саласында да бағымды сынап көрдім; Лев Гумилевтің өлеңдерін аудардым. Және түрік ақыны Едип Жансевердің жинағын аударып шыққаныммен көңілімнен шыға қоймады. Десе де бағасын оқырман бере жатар. Әзірге азды-көпті істеп жүргендерім осы. Бастысы адамзат руханиятының кәдесіне жараса етті...            

Ruh.kz: Бәрекелді! Түркияда білім алып, көзқарасы мен дүниетанымын кеңейткен жастардың бірісің. Анадолыдағы қандас елдің қазіргі мәдени, рухани ахуалы қалай? Ақын Нұрбектің шығармашылығына әсер етті ме?

Нұрбек Нұржанұлы: Түрік бауырларымыздың мәдениеті мен руханиятына қызығып қайттым. Олар өнерді түсінеді, сүйеді әм өнерліні мойындайды. Өнерден ешнәрсе түсінбейді деген адамның үйінің өзінде, оқып жүрген бірнеше әдеби кітаптары табыла қалады. Баспа ісі, кітап жарнамасы өте жақсы дамыған. Екі көшенің бірінде кітап-кафелері, кітап-шәйханалары, кітап-үйлері. Және автобус-кітапханасы бар, оқырманды саяхаттатып жүріп кітап оқытады. Әрбір мекемеде көзге оттай басылатыны, халық зиялылары мен ақын-жазушыларының сөздері. Көше бағаналары, аялдамалары, тұрғын үйлері мен кафелеріңде т.б. өлеңдер мен қара сөздер жазылған плакаттар, рамкалар ілініп тұрады. Міне, осыдан кейін халық кітап оқымайды деп көр. Мұнаралары көкке ұшатын ракетадай тізіліп тұратын мешіттерден азанның үні тынбайды. Дін ілімін үйренем дегендерге мешіт пен медрселердің құшағы ашық. Ғылым, әдебиет, кино, музыка, театр т.б. салаларда оқ бойы озық келе жатқан мемлекеттердің бірі. Алайда, біздің мәдениетке орыс ұлтының әсері тигені іспетті олардың да ішкі, сыртқы мәдениетіне еуропаның үлкен ықпалы болды. Әрине, жақсы жағынан болса бір сәрі... Бұл енді ұзақ әңгіме. Түрік ағайындарға, өз басым қарыздармын. Олардың бауырмашылдығы мен қонақжайлығына таңдай қағам. Түбіміз бір болған соң ба, біздің болмыс пен мінез-құлыққа жақын келеді. Қазақты көрсе болды, Мұстафа мен Мағжанды көргендей құшақтай кетеді. Өйткені, олардың қай-қайсысы да Түркі бірлігіне сенеді. Ауыздарынан тастамайтын сөзі «біз бірігуіміз керек» дейді. Соған қарап, Әлихандар аңсаған күн де алыс емес екен деп қаласың.

Түрік әдебиеті мен мәдениеті менің шығармашылығыма әсерін тигізбей қоймады. Маңдай алды ақын-жазушыларының түгелін болмаса да, танымал туындыларын оқып шықтым. Диуан әдебиеті, халық дастандары және заманауи әдебиетімен таныстым. Өзімнің оқыған мамандығым «түрік халық әдебиеті» болғандықтан болар, көп пайдасы тиді. Заманауи жас ақын-жазушыларымен араласып, олармен ой-пікір алмастық. Осының бәрі өлеңдеріме өз таңбасын қалдырды.      

Ruh.kz: Соңғы екі жылдан бері елімізде "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүріп жатыр. Игі істер де атқарылды. Осы елдің азаматы ретінде осы бағдарламаны дамытуға қандай үлес қоспақшысыз?

Нұрбек Нұржанұлы: Осы ұлттың азаматы ретінде, халқына қызмет ету әр перзенттің парызы. Сол себепті, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда елің үшін тер төккенге не жетсін! Белгілі бір бағдарламаға үлес қосам ба ол жағын білмеймін, бірақ алаш жұртына пайдам тисе, арманымның орындалғаны. Арабтарда нақыл сөз бар: «бір гүл – бақша бола алады, бір адам – әлем бола алады» дейді, сол секілді «рухани жаңғыру» өзімнен басталуы керек-ау. Бұрынғы дәуірдегідей қолға қылыш алатын күн өтсе де, қаламымыз – семсер, қағазымыз – қалқан боп тұр бұл заманда. Мендік үлес осы болар, құдай қаласа!

 Ruh.kz: Бүгінгі қазақ әдебиетінің даму процесі хақындағы ойыңыз қалай?

Нұрбек Нұржанұлы: Бүгінгі қазақ әдебиеті ептеп, еңбектеп болсын алға қадам басып келе жатыр деп ойлаймын. Әдебиетіміздің өркендеуі үшін сан түрлі іс-шаралар, бағдарламалар жалғасын тауып жатыр. Белгілі бір қалып пен ескі соқпақпен жүруді де қойдық. Соны жол, жаңа бағыт іздей бастадық. Өткенде өкпе жоқ. Аға-апаларымыз, бабаларымыз жазарын жазып, әдебиетті тың биікке көтеріп, біз-жастарға аманаттап кетті. Біз сол аманатты көтере аламыз ба һам көтере отырып, алдағы ұрпаққа әсемдеп, қазынамен толытырып бере аламыз ба, деген сауал ғана кескестей береді. Қазіргі әдебиетте өсу, даму, шарықтау бар. Десе де тамырынан ажырап бара жатқандай күйде қалдырады. Күнде өзгеріс, күнде жаңашылдық. Өзгеру мен даму міндетті түрде керек, әйтседе діңгегінен айрылмағаны абзалырақ. Түпкі болмысынан, сона-а-у тамырынан айрылған өнерді сел де, жел де жетекке ап кете бере ме деп, қорқасың. Қазіргі жазылған туындылардың арасынан із тастарлықтай шығармалар ілуде біреу ғана. Соған қарамастан, өнердің кез-келген бағытында жеңіл-желпі дүниелер тез таралуда. Талғам төмендеді ме, өнер - өнер деңгейінен түсіп кетті ме, онысын білмедім! Сонда да, қазақ әдебиетінің болашағынан зор үміт күтемін әрі сенемін. Асар асуымыз әлі алда. 

c055e7f8-a5e1-4457-9da8-6c02dc8e0e44.jpg

 

Ruh.kz: Бәрекелді! Нұржан жазарыңыз көп болсын! Шалқар шабыт тілейміз!

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Елдос Тоқтарбай
Ruh.kz
Әнел Қанатқызы