19 Наурыз, 2019
#Наурыз-2019: Наурызкөк келді, көрдің бе?!

Наурызкөк дегеніңіз қандай құс еді? Ол құстың Наурыз мерекесімен қатысы бар ма? Наурызкөктің басқа да атауы бар ма екен? 


 



Төрткүл дүниедегі мұқым түркі халықтарына ортақ мейрам, алты Алаш баласына ортақ ырыс – Наурыз мерекесі. Есте жоқ сонау ескі замандардан бастау алған бұл мейрам – жақсылық пен ырыстың, береке мен тоқшылықтың, тәубешілдіктің символы тәріздес.



Бала күнімде атамнан жиі естуші едім: «Мизам-көк шықты. Наурызкөк те келді. Ел тұрмысы оңалып, шат-шадман өмір сүреді екенбіз», -деп таспихын тартып, шүкір етіп отыратын-ды. Мизам-көк дегеніміз – ерте шыққан көк шөп. Яғни, осы мамыражай мезгіл наурыз айы. Ал, наурызкөк дегеніңіз – қандай құс еді? Ол – бақыт құсы. Қар еріп, өкпек есіп, күн жыли бастаған шақта, өзге құстардан бірінші болып елімізге ұшып келетін құс-ты. Бұны қазақ – наурызкөк, наурызек немесе нау құсы, я болмаса көкқұс деп атайды. Тіпті кей жерлерімізде оны жылқышы құс немесе бақыт құсы деп те атайды. Наурызкөк – құйрығы ұзын, түсі көк құс. Қазақстанда бұл құстың үш түрі бар екен. Жалпы дүниежүзінде алпысқа жуық түрі бар. Бір қызығы - ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Реңі бөлек, тұрпаты ерекше құс.



 



Наурызкөк келгеннен кейін күннің қатуы сынып, мұз жібіп, жер ақ көрпесін түріп тастайды. Наурызкөк келгенде қариялар: «Уа, жыл құсы келдің бе?»; «Наурызкөгім келдің бе?»; «Наурызек, туған жерге келдің бе?» деп жатады. Ескі заманнан жеткен аңыз желісіне сенсек, Наурызкөктің анасы – Жер-Ана екен. Жер-Анаға көктем келеді, табиғат, жер-жаһан, табиғат жаңарады. Тіршілік құлпырады. Аңыз желісі осындай бір қуанышты шаттық сыйлайтын-ды.



Наурызкөк  наурыз айының басында, ақпан айының соңғы күндерінде келіп, «есік» қағатын құс дедік. Ол келген соң, бағзы замандарда көшпелі ел мәдениеті «Ұйқышар» өткізеді. Бойжеткендер «Селтеткізер» ұйымдастырады. Ал, ақсақалдар, егде тартқан кісілерге «белкөтерер» тамағын береді екен. Яғни, жеңіл-желпі, тіске басар ас түрі.



 



Енді, міне, жер жүзі құлпырып, адамдар бір-бірімен «көрісіп», «құшақтасып», «қол алысып» жүргенінде, наурызкөже ішіп , наурызнама тойлайды. Наурыз жырын айтады. Наурыз батасын береді. Наурызкөк келді, ырыс оң болсын! Наурыз тілек қабыл болсын!



Ал, Сіз Наурызкөкті көріп пе едіңіз?! Көрсеңіз, міндетті түрде үмітті тілек тілерсіз...



 



Жарқын ӘЛІ



Ruh.kz



 



 


Ruh.kz
Ғаламтор желісінен