5 Желтоқсан, 2019
Нұр-Сұлтанда деструктивті діни сенімдердің таралуы сөз болды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында дәл осындай атаумен Ұлттық баяндаманың таныстырылымы өтті.


Конференцияның басты мақсаты – жастар арасында деструктивті діни сенімдердің таралуы секілді ұғымдар туралы арнайы дайындалған Ұлттық баяндамамен таныстыру. Ұлттық баяндаманы әзірлеуші – «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ. 

1.jpg

Кемелбек Ойшыбаев, Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ-ның Басқарма Төрағасы:

- «Аталған баяндаманы бүгін барлықтарыңызға жариялап, презентация түрінде береміз. Сұрақтарыңыз, пікірлеріңіз болса, әрқашан ашықтығымызды көрсетуге дайынбыз. Біріншіден, мен осы Ұлттық баяндама біздің құзырлы министрлігіміз – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен жасалып отырғанын айтқым келеді. Осы мәселе барысында биыл бірқатар жұмыстар атқарылды. Келер жылы да күн тәртібінен түспейді дегім келеді», - деді К.Ойшыбаев.

3.jpg 

Бауыржан Бакиров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті Төрағасының орынбасары:

- «Бүгінгі қозғалып отырған «Жастар арасында деструктивті діни сенімдердің таралуы» тақырыбы бүгінгі қоғам арасында маңыздылығын жоймайтын мәселе болып табылады. Әсіресе, бұл біздің халық үшін ерекше мәнге ие. Негізінен мұндай зерттеулер өзге институттарда, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарында бұрыннан жүргізіліп жүр. Алайда олардың көбі ескірген мәліметтер екенін жасыруға болмайды. Бірақ тыңғылықты зерттелген материалдар ешқашан да өзектілігін жоймай, ұзақ жылға дейін жарамды болады. Көпшілік қауымға қазіргі жас ұрпақ өте ширақ, көп нәрсенің алдын алуға дайын секілді көрінеді. Шын мәнісінде жастардың арасында діни тұрғыда адасқандар саны күннен күнге күрт өсу үстінде. Тіпті олар айналамызда да толып жүр десек те болады. Бұны мен өз тәжірибемнен көріп, біліп жүмін дей аламын. Қасымда адасқан жастарды көп байқаймын», - деді Б.Бакиров. 

7.jpg

Татьяна Липина, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ-ның аналитик-менеджері:

- «Жастардың арасында жүргізілген саулнамада көбі діни ұғымды қалай түсінесің деген сұраққа: «Дін – әлемдік мәдениеттің бір бөлігі, дәстүрге деген адалдық» деп жауап берді. Яғни бұл жастардың дінге қатысты көзқарасы осындай екендігін білдіреді», - деді Т.Липина. 

Әсия Абитова, Ф.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Дінтану кафедрасының профессоры:

«Статистикаға сүйенсек, жастар 2017 жылы діни ұғымдарға, салт-дәстүрлерге аса көп қызығушылық танытпаған. Ал қазір жастарымыздың 45-80 пайызы дерлік өздерін діни ұғымдарға сенетін адам ретінде көрсетеді. Бұдан шығатын түйін: жастардың діндарлығы күн санап артып келеді». 

9.jpg

Жиын барысында «Ақниет» ақпараттық-насихат және оңалту орталығы» ҚҚ-ның директоры Шәуметов Әлім Фазылжанұлы да осыған дейін түйген ой-пікірін ортаға салып, тәжірибесімен бөлісті. 

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото: Джамиля Мурзабекова