28 Наурыз, 2019
Нұрғиса Дауешов: Мәскеу, Петербор, Пекинде концерт береміз

 «Халқымыздың осы оркестрге деген шексіз махаббаты, музыка әлемінде ойып орын алған бедел-абыройы – бұл күллі ұжымның тер төккен еңбегінің жемісі» деген академик, ұлы композитор Ахмет Жұбановтың Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі туралы қанатты сөзі өз актуальдігін ешқашан жоғалтпаған.  


 



Биыл оркестрдің құрылғанына тура 85 жыл. Ондаған жылдар бойы халықтың назарында болу, халықты өнермен сусындату және қазақ мәдениетін әлемге паш ету жолында жасалған еңбектер тарихы терең ұжымның зор еңбегі. Оркестрдің мерейтой жылы қандай шаралармен есте қалмақ, қандай премьералармен тыңдарманын қуантпақ? Жақсы жаңалықтарды білу үшін  Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешовті әңгімеге тарттық.



Ruh.kz: Нұрғиса Мұратұлы, қайырлы күн! Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің мерейжасы құтты болсын! Оркестр ұжымының ағымдағы жылдың гастрольдік сапарлары қандай болмақ?



Нұрғиса Дауешов: Сәлеметсіз бе! Құттықтауыңызға рақмет! 2019 жыл біз үшін айтулы болары анық. Өзіңіз айтқандай, біздің халық аспаптар оркестрі 85 жасқа толып отыр. Осыған орай ұжыммен жоспарланған жұмыстар тізбегі көп. Құрманғазы оркестрі мерейтойлық гастрольдік сапарын еліміздің батыс өңірлерінен бастау алады. Соның ішінде, сәуір айында Ақтөбе және Орал қалаларына барамыз. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, араға тура жиырма жыл салып, біздің оркестр Ресей еліне жол тартпақ. Жоспар бойынша мамыр айларының басында, Мәскеу қаласының ең ірі театрларының бірі «Геликон-опера» музыкалық театрында және Санкт-Петербург қаласының Михайловский театрында жеке шығармашылық концертімізді халық назарына ұсынамыз. Билеттердің сатылымы басталды. Ресей елінен соң Қытайдың Пекин қаласына баруды жоспарлап отырмыз.  Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларынан келген соң, еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда да концертімізді өткіземіз деген ой бар. Күз айында, жылдың қорытындысы ретінде Алматы қаласында, өз шаңырағымызда халықтың назарын өзімізге аудартамыз.





Ruh.kz: Өткен жылы оркестр ұжымы жаңа ғимаратқа көшті. Концерттік бағдарламалар да өзгеріске ұшыраған шығар?  



Нұрғиса Дауешов: Дұрыс сұрақ. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен халық аспаптар оркестрі жаңа ғимаратқа ие болды. Біздің жыл басталғаннан бері атқарған қызметіміз көп. Соның ішінде, елімізде алғаш рет ұйымдастырылған жоба – «Оркестр түні». Бұл іс-шарада әлемдік сахналарда хит болған туындыларды қазақ ұлттық аспаптарында орындау басты мақсаттардың бірі болды. Байқағанымыздай, «Оркестр түні» халықтың сұраныса, басқа ұжымдардың қолдауына ие болды. Сондықтан аталмыш жобаны алдағы айларда қайталау ниетіміз бар. Әлемдік хит туындылары жобасымен қатар, біз өткен бір айдың өзінде жеті үлкен концерт бердік. Драматургия жағынан алғанда, ұжым үшін бұл жеңіл дүние емес. Өйткені өткізілетін әр концерттің өзіндік бағдарламасы бар, жоспары бар.



Жастарды рухани тәрбиелеу мақсатында, концерттеріміздің мазмұнына әлемдегі ең танымал шығармаларды қостық. Жыл басталғаннан бері сахнамызда өткізілген шығармашылық кештердің саны өткен жылдармен салыстырғанда өте көп. Сол үшін өзімнің ұжымыма айтар алғысым шексіз.



Ruh.kz: Бұл шығармашылық кештердің басқа концерттерден айырмашылығы неде?



Нұрғиса Дауешов: Айырмашылық бар. Өзіміздің ұлттық аспаптарымызды насихаттайтын ұжым болған соң, халыққа халық музыкасымен бірге, халқымыздың басқа да өнерлерін жақын еткіміз келеді. Сол себепті, әр кешіміздің алдында көрме, мастер-кластарды өткізуге тырысамыз. Мысалы, «Оркестр түні» кеші басталар алдында, ұлттық аспаптар көрмесін және де осы аспаптарда ойнау мастар-кластарын өткіздік. Кешке келген халық қолдарына қобызды, сыбызғына алып, мамандардың көмегімен ойнап көрді. Шет мемлекеттерден қонақ болып келген азаматтар да бұл кеште байқалды. Олардың мастер-кластан алған әсерлері өте жоғары болды. Ал, нәзік жандарға арналған «Миллион, миллион раушан гүл» атты концертіміз гүлдер көрмесінен басталды. Тамаша кешті тамашалауға келген нәзік жандылар керемет гүлдердің хош иісіне бөленді. О.Тансықбаев атындағы Сәндік және қолданбалы өнер колледжінің қолдауымен ұлттық киімдер, сәнді әшекей бұйымдар мен тұрмыста қолданылатын ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі де өткізілді.



Ұлттық аспаптардан шеберлік кластарын өткізумен қатар, осы аспаптарды дүниеге алып келетін шеберлердің еңбектерін де халыққа таныстырамыз. Соның ішінде, домбыра, қобыз, сырнай, сазсырнай, жетіген аспаптарын жасаудың шебері Жолаушы  Тұрдығұлов ағамызға арналған көрме жыл басында өткізілді. Осы концерт алдындағы барлық көрмелер барысында халқымыздың ұлттық сусындары қымыз бен шұбаттың дегустациясы болды. Осындай дәрежеге жету, ол үлкен еңбек, ұйымшыл ұжымымның үлкен еңбегі.





Ruh.kz: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрымен бірлесіп өткізгелі отырған жоба туралы оқырманмен бөліссеңіз.



Нұрғиса Дауешов: Тың жобалардың қатарынан орын алатын туынды деп те айтуға болады. Ғ.Мүсірепов атындағы театрмен жасасқан меморандумның негізінде, жақын күндері «Аманат» концерт-спектаклі көрерменге жол тартады. Театр мен оркестр арасындағы сабақтастық бұрын-соңды болып көрмеген. Екі ұжымды шығармашылық тұрғыдан байланыстырудың өзі үлкен жетістік. Туындыны «Аманат» деп атаудың бірден-бір себебі, ол бабаларымыздан құнды дүниелер - жырларды, күйлерді жастарға аман жеткізу. «Аманатқа қиянат жасамайық», деген екіжақты ойдан туындаған дүние десек те болады. «Аманаттың» премьерасы наурыз айының аяғында, Ғ.Мүсірепов атындағы театр қабырғасында өтеді. Бүгінгі күннің өзінде халықтың ықыласы осы туындыға ауып отыр. Біздің мақсат -  Қорқыттан бастап Құрманғазыға дейін, Абайдан бастап Мұқағалиге дейін, Дәулеткерейден бастап Қаршығаға дейінгі шығармаларды қамту. Сахнада күйдің соңын поэзия, жырдың соңын монолог, әуеннің соңын ән жалғайды. Бұл тамаша қойылымды жаз айында Нұр-Сұлтанға да алып келеміз деген жоспар бар. Жаны бөлек концерт-спектакльдің дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы оркестрінің бас дирижері  -  Абылай Тілепберген.



Дирижер Абылай Тілепберген



Сценарий авторы -  Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының Жастар сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы – Ақзия Көлбаева. Ақын, жазушы – Ақзия Көлбаева



Қоюшы режиссер – актер Данияр Базарқұлов. Екі ұжымның творчестволық еңбегімен туындаған тың жобаның жастарға, өнерді құрметтейтін жандарға берері мол.





Актер Данияр Базарқұлов



Ruh.kz:  Нұрғиса Мұратұлы, сізге және сіз басқарып отырған берекелі ұжымға творчестволық табыстың шыңын тілейміз! Бабаларымыздың аманатына қиянат жасамай, оны жастарға жеткізу аясындағы қызметіңіз әрқашан да елене берсін! Сұхбатыңызға рақмет!



Нұрғиса Дауешов: Айтқан жылы лебізіңіз үшін рақмет!



 



Оркестр туралы мақаланы оқи отырыңызhttp://ruh.kz/kz/news/kobilandi_gasirdan_da_uzak_kun_anna_karenina_korermenin_kuantpak">http://ruh.kz/kz/news/kobilandi_gasirdan_da_uzak_kun_anna_karenina_korermenin_kuantpak



 



 



Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz