24 Наурыз, 2019
#Наурыз-2019: Нұр-Сұлтан шаһарындағы Наурыз тойы (фоторепортаж)

Еліміздің Бас қаласы Астана  Ұлық мереке қарсаңында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен "Нұр-Сұлтан" шаһары болып аталды. Міне, осындай қуанышты күні қос тойымыз абат болып келді. Қазақтың төл Жаңа Жылы күні, яғни тұтас түркі халықтарының ортақ мерекесі аясында тілшіміз қала тұрғындары мен қонақтарының Ұлысты ұлықтаған мөлдір сәтін таспаға жазып алыпты. Назарларыңызға фотообьектіге іліккен мөлтіл сәттерді ұсынамыз:


                                                             Міне, Жігіт!



Ұлтық ойын жаңғырып, ұмыт болған дәстүр ұлықталып, халық қуанышты кейіпте қарсы алған әз Наурыз тойы. Жыл сайын жұрт асыға күтетін, "Наурыз көже" ішетін, амандық сұрасып, келер күнге үміт қылатын иманды һәм берекелі мереке. Наурыздың тарихы сонау ықылым заманнан басталады. 



 



Жер-жаһанның жаңарып, Самарқанның көк тасы еритін ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі. Ежелгі күнтізбеге сәйкес халқымыз жаңа жылды наурыз айының 22 - жұлдызынан бастаған. Жер аяғы кеңейіп, күн мен түннің теңелетін мезгілін жаңалықтың, жаңа күннің, жаңа жылдың белгісі ретінде, түбі бір Түркі түмендері бес мың жылдан артық уақыт бойы тойлап келеді. Жаңа жылды Қазақстаннан басқа Түркменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай, Иран, Үндістан, Түркияда ерекше атап өтіледі.



Бұл тарихқа айналған дәстүрлі мейрам. Жоғарыда аталған мемлекеттерде мейрамды наурыздың 21-і, кей мемлекеттерде 22-сі тойлайды. Ал, Қазақ халқы жаңа жылды наурыз айының 21-23 аралағында үш күн тойласа керек. Наурызды тойлауда бізден ана құрлым асып түсіп, 13 күн қатарынан тойлайтындар да бар. Өмір сүру салтына, дәстүрі мен ғұрыптарына байланысты тойлануы да әртүрлі болады.



 





 



                                                                             Бүркіт ұстап, рух алған баһадүр



 



Жаңа жылды тек атап өтумен тоқталып қалмай, мейрам қарсаңында ренжіскен адамдарынан кешірім сұрасып, алыс-жақын ағайынның амандығын есітіп, мұқтаж адамдарға көмек қолын созып, арада болған түсініспеушіліктерін ұмыт қылып, татуласып, көңілін де, өмірін де жаңартып, жаңғыртып қалысады. Жақсылықтың, ықыластың, мейірімнің мейрамы осылай басталмақ-дүр.



Татуласып, амандық-саулық сұрасқан жақын, жұрағаттың басы қосылатын үлкен дастархан жайылады. Дастарханның ажарын аша түсетін оы мейрамның негізгі дәмі – наурыз көже. Наурыз көже жеті түрлі тағамнан дайындалады. Жеті түрлі тағам әуелі жеті аптаны білдіреді. Сонымен қатар, жеті саны бағзыдан киелі сан деп саналады. Осы санға қатысты мейрам қарсаңында әртүрлі салттар бар. Мысалы: Тәжіктер «с» әрпінен басталатын жеті түрлі ас пісірсе, Өзбектер жеті түрлі тағамнан тұратын «сумалақ» дайындайды. Ал, Әзірбайжан халқы жанып тұрған оттың үстінен жеті рет секіреді екен.



 





Келбетіңнен айналайын күлімдеген...



 



Күн мен түннің теңіеліп, жердің бусанып, төрт түліктің төлдеп, аспан асты мәре-сәре болып жатысатын көктем мезгілінің алғашқы айы. Алғашқа айының 22-жаңасында ескіше күнтізбемен алғандағы Қазақтың жаңа жылы. Кей кездері ұмыт болып кете жаздап, тойланбай қойған бұл мейрам осы күні халықтың ерек ықыласымен, ұлтқа деген, ұлттық салтқа деген сүйіспеншілігімен аталып өтіледі. Назарларыңызға наурыз мейрамын кімнің қалай тойлайтынының бірнеше нұсқасын ұсынғымыз келеді:



 



Студент Еламан Алтай: Наурыз мейрамын тойлау біз жақта айдың 14-жұлдызынан басталады. 14 наурыз – амал мерекесі. Қыстың әбігерінен енді арылған, жер аяғы кеңіген кездегі алыс-жақын ағайынның бір-бірінің амандығын сұрасып, бұрын-соңды араларында болған реніштің кешірілімі сұрасып, жастар үлкендерден бата алып, аңыз-әпсаналар айтылып ерекше тойлап басталады.  Осы амал мерекесінен басталған думал жаңа жылға ұласады. Жаңа жылда қазан көтеріліп, ұлттық тағамдар қайнатылып, ұлттық ойындар ойналып, бір-біріне жақсылық тілеп, ән шырқалып, би биленіп кіршіксіз көңілдердің тоғысып бір арнада толқиды.



 



Ұстаз Айман Аманжолқызы: Көктем адамды әлсіретеді дейді дәрігерлер. Көктем адамға қанат бітіреді. Жаңа өмір бастап берген іспетті болады. Жаңа өмір, жаңа жыл... Жер жаңарады, уақыт жаңарады, ел жаңарады. Ескі реніштердің орны жаңа қауышулармен, сағынышпен толады. Біз наурыз мейрамын үйіміздегі наурыз көженің дайындығымен бастаймыз, көрші-қолаң, дос-жараң, туған-туыстың басын қосып, дастарханнан дәм татөызамыз. Орталықтарда ұйымдастырылған мерекелік концертті ттамашалап тарқасамыз.



 



Аманберлі Исабеков:  Жаңа жылды отбасымыз ғана емес әулетіміздің мерекесіне айналдыра алдық. Ұлыстың ұлы күні барлық балалардың, немерелердің, шөберелердің басын қосып қара шаңырақтың шаңын ортаға шығарамыз. Ұлттық астар дайындалып, немерелерге ат мінгізіп, ауыл адамдарымен кездесіп, есендік сұрасамыз. Жаңа жылдың қарсаңында әулетіміздің жылдық қорытындысын жасаймыз. «Жылдың үздің келіні», «Жылдың үздік күйеу баласы», «Жыл немересі», «Жыл жаңалығы» секілді бірнеше аталымдарды сабақ үлгерімі, жұмыстағы жоғарғы көрсеткіші, ата мен апаның қолқанаты бола білуді, ең көп қонақ шақырғаны да есепке алынып анықталады. Меніңше осындай тәрбие олардың бірін-біріне жақындата түседі. Үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, бауырын сағынуға тәрбиелейді. Отан отбасынан басталады емес пе?! Біз отбасымыздан, әулетімізден бастадық.



 



PS:  Қазақстанда наурыз мейрамына дейін, көрісу салты тойланады. Қыстан есен шыққан ағайын, дос-жараң, көрші-қолаң, ауыл ақсақалдарымен көрісіп, бірін-бірі қонаққа шақырып, ілтипатын көрсетіп қалысады. Көрісу күнінде барлық өкпе-реніштер кешіріліп, ағайын арасында қайта ынтымақ орнайды. Бұл – «Амал» мерекесі. Келер жылға амал ету осылай басталады. Көрісу, наурыздың он төртінен басталып, жыл соңына дейін жалғасын табады. Белгілі бір себептермен көрісу мерекесінде қауыша алмаған жақын адамдар кез-келген жолы түскен уақытта көрісуге келеді. Осы күні бұл салт Батыс өңірде жақсы сақталып қалған.



Аталмыш мереке бұл күнде де мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Салттың жаңғырып, дәстүрдің дәріптелуі мақсатында мектеп оқушылары, мекеме қызметкерлері өз араларында рөлдерге бөлініп, белгілі бір салтты көрсетеді. Алаңдарда киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылып, наурыз көже қайнатылып арқа-жарқа болып жатысады. Мейрамға келген ақсақалды аталар мен ақ жаулықты апалардан бастап алақайлаған балақайларға дейін арнайы дайындалған ұлттық тағамдардан дәм татысып, ойындарға қатысып, ән салып, би билеп көңілдерін көтеріп, бусанып жатқан далаға ерек әр береді.



Бибігүл ҚҰЛАМАН,



 Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz