19 Маусым, 2018
ОҚО «Рухани жаңғыру» бойынша бір жылдық есеп беру рәсімін өткізді

Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай «Ұлт тарихындағы Ұлы белес» атты республикалық жиын болып өтті.


Жиынға қатысушы қонақтар, ең алдымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында құнды жәдігерлерден жасақталған кешенді көрме мен облыста атқарылған жұмыстар туралы фильмнің көрсетілімін тамашалады.



Ұлттың ұйытқысы Оңтүстік Қазақстанда болған басқосуда «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында өңірде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер мен жоспарлар талқыланды.



«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының Оңтүстік Қазақстан облысында орындалу барысы мен алда тұрған міндеттер жайын баяндаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев әлемдегі әрбір ұлттың әлеуеті тарихтың сабақтарынан үлгі алуы мен тәжірибе жинақтаудағы қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.



«Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз мұны екі арнада іске асыруымыз қажет. Оның бірі – ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамуда өз үлесімізді алу. Екіншісі – өткен тарихымыз бен дәстүріміздегі асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу. Осы орайда, Елбасы ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағытын қолға алуды ұсынып, оны жүзеге асырудың нақтылы жолдарына дейін көрсетіп берді. Осы мақсатта өңірімізде «Туған жер» арнайы бағыты бойынша бүгінгі күнге кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан өңірлік жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Шымкент қаласында құны 300 миллион теңге болатын «Қос ана» балабақшасы, Төле би ауданында 100 миллион теңгелік көшелерді абаттандыру жұмыстары, Бәйдібек ауданында 340 миллион теңгеге «Домалақ ана» кесенесін абаттандыру жұмыстары мен кесене жанынан конақ үй салынды. Ал Отырар ауданында құны 80 миллион теңге болатын балабақша, 50 миллион теңгелік этноауыл, 56 миллион теңгелік «Ардагерлер» саябағы салынса, Ордабасы ауданында 45,3 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Бұл осы бағдарламалық мақала шеңберінде іске асырылып жатқан өңірлік жобалардың бір парасы ғана», - деді әкім.



Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өткен жылдың сәуір айында "Егемен Қазақстан" газетінде жариялаған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласының жемісін аз уақытта көріп отырмыз. әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысының жасап жатқан игіліктері зор. Әрине, еліміздің барлық облысында бағдарламалық мақаланың және оның кіші бағыттарының көлемінде атқарылып жатқан шаруалар қыруар. Жоғарыда аймақ әкімі атап өткендей, "Рухани жаңғыру" аясында қала мен аудандарда, ауылдарда халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, азаматтарға қолайлы жағдай туғызуға бағытталған мемлекеттік және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат толығымен игерілген. 



 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» кіші бағыты ұлттың, мемлекеттің тарихи һәм мәдени құндылықтары болып саналатын ескерткіштерді ұлықтауды, сондай-ақ, ауылдардың, елді-мекендердің тұрғындарының тұрмыстық әлеуетін арттыруды, ауыл азаматтарының даму көшінен қалтарыс қалмауын қадағалауды міндеттейді.



Қазір дәл осы кіші бағыт бойынша республиканың барлық өңірлерінде қарқынды шаруалар жүзеге асып, халыққа ұсынылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ел бюджетінен бөлінген қыруар қаражаттың барлығы өз орынымен, өз уақытымен қолданылып, оның қорытындысындағы жетістіктер көзге көрінуде. Осындай игі бастамаға, Елбасы бастамасына жергілікті меценаттар тартылып, олар өз өңірлерінің дамуына, заманауи технологиялар мен өзгерістердің көпшілікке қолжетімді болуына атсалысып жатыр.



Сондай-ақ, жастардың мемелекет басшысы ұсынып отырған бастаманы өте жоғары деңгейде қолдап, міндеттемелерді жүзеге асыру жолында ерен еңбек етіп жатқаны туралы да сөз қозғалып, бұл бастаманы одан әрі қарай дамыта беру қажет деген түйін жасалды. Аталған ұсыныс бірауыздан қолданды.



 


ruh.kz
Ontustik.gov.kz