27 Қараша, 2017
ОҚО-да латын графикасына көшудің тиімділігі сөз болды

Облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Латын графикасына көшудің тиімділігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі. 


Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ бірлесе ұйымдастырған шараға партия белсенділері, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың оқытушылары, тіл мамандары және жастар қатысты.




«Елбасы қазақстандықтардың алдына қойып отырған мерейлі міндеттерді нәтижелі іске асыруға білек сыбана кірісеміз. Латын графикасына негізделген әліпбиді әрбір азаматқа ұғынықты ұғындыру үшін сала мамандарымен бірлесе жұмыс істейміз. Жаңа әліпби арқылы дамудың даңғыл жолына түсуді көздеп отырған барша отандастырымызбен бірге бір сапта бой түзеп, рухани жаңғыруға нақтылы қадам жасаймыз», - деді облыстық күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Әзімбай Садықов.




Ал, жиынды жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының орынбасары Бақытжан Қуанышбеков қазақ тілінің латын графикасына көшуі рухани жаңғыруға бастайтын үлкен қадам екенін айтып өтті.



Сонымен қатар, ол жиынды қорытындылап, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бағытында ассамблея мен партия алдында тұрған міндеттерге тоқталды.


ruh.kz
ОҚО ІСБ