11 Шілде, 2018
Оқу өнімділігін арттыру үшін нені қаперде ұстау керек?

 Бүгінгі дәуір – білім заманы. Сондай-ақ, ақпараттың толассыз уағы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялағалы бері білім саласына өзгеше серпіліс келді. Бұл – бір. Екіншіден, жалпылама серпілістен гөрі қазіргі уақытта жекелеген адамдардың білім сапасын жоғарылату маңызды болып отыр. Өйткені, бәсекеге қабілетті болу үшін білімді болу – алғашқы алғышарттардың бірі. Бұл ретте ел азаматтары өздерінің білім деңгейін жан-жақты дамытып, өздерін алға сүйреуі тиіс. Оқудың да өз реттілігі бар. Ақпарат саралау – бүгінгі уақыт талап ететін басты қасиет. Ендеше оқу сапасын, өнімділігін арттыру үшін не нәрсені қаперде ұстаған жөн?  


Кез-келген еңбек жолында өнімділікті арттыру һәм құлдырау атты қос ұғым бар. Өз өнімділігін арттыру арқылы азаматтар ірі жетістіктерді бағындырып, саласының үздік маманы, озық қызметкері, тіпті, басшысы атануы мүмкін. Өнімділікті арттыру дегеніміз – бір бағыттағы бәсекелестеріңнен өз қарым-қабілетіңе сай жасайтын еңбек мөлшерін көбейту әрі сапаға қызмет жасау. Білім өнімділігін, білім сапасының деңгейін арттыру – біздің қоғамның басты талаптарының бірі. 



Екінші жағын қарастырып көрелік. Құлдырау ұғымы - жоғарыда айтқан тұжырымдарға толықтай кереғар келетін дүние. Бір құлағанның қайта тұруы қиын екені айтпаса да түсінікті. Оқу өнімділігі, еңбек өнімділігі бір орында тұрмауы керек. Кейбір азаматтар өзін дамытып жатса, енді бірі барына тоқмейілсіп, тоқтап қалады. Міне, дәл осы жерден құлдырау кезеңі басталады. Мен үздікпін деген оймен кеуде керіп жүргенде, өзінен бірнеше есе мықтыны жолықтырады да, іштей депрессияға түседі. Бұдан әрі ол тұлғаның өнімділікті арттыруы екіталай дүние. 



Біз бүгінгі тақырыпқа арқау етіп, оқу өнімділігін арттыру жолдарын алдық. Өнімділіктің бұл түрін қалай арттыруға болады? Әрі қарай оқыңыз. 



Қажетсіз ақпараттардан арылыңыз 



Әлгінде айтып өткендей, бүгінгі уақытта ақпарат өте көп. Санаңызға толассыз құйылатын қажетсіз ақпараттардан арылғаныңыз жөн. Мысалы, түрлі сайттарды парақтап, әлеуметтік желідегі лентаны сүзіп отырғаннан келер пайда жоқ екенін түсініңіз. Өзіңізге қажет ақпараттарды ғана алуға тырысыңыз. Егер кәсіпкер болсаңыз, өз салаңызға қатысты жаңалықтар, осы салада жетістікке жеткен адамдардың ақыл-пікірлері секілді мәліметтер сізге пайдалы болуы тиіс. Оның үстіне бұл ақпараттар арқылы сіздің өз салаңыздағы білім деңгейіңіз артып, бәсекеге қабілеттілік дәрежеңіз арта түспек. 



Не оқитыныңызды анықтаңыз 



Біздің көпшілігіміздің қателігіміз – оқудың жөні осы екен деп оңды-солды, кез-келген нәрсені оқи береміз. Бұлай жасау еш пайдасыз және уақытыңызды зая кетіруге әкеліп соғады. Өзіңіз алдымен не оқитыныңызды, кімді оқитыныңызды анықтап алыңыз. Әрине, бұны анықтау үшін тәжірибе жасау керек. Мысалы, желіде кімнің блогын оқыған пайдалы, кімге жазылған дұрыс, қай сайттың берері мол деген сияқты сауалдарды өзіңізге іштей қоя отырып, санаңызға мониторинг жүргізіңіз. 



Біліміңізді өмірде пайдаланыңыз 



Оқу – үлкен еңбек. Оқыған нәрселеріңізді, алған кеңестеріңізді өмірде пайдалана білу – өнерге татитын қасиет. Оқу өнімділігін арттыруда да басты мақсат – осы. 



Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілеттілік туралы айтылған. Бәсекеге қабілетті адамға қойылар алғашқы талаптың бірі не? Ол, әрине, білім. 



Білімді азамат – оқу өнімділігін сәт сайын күшейтіп, алған білімін өмірде қажетіне жарата білетін азамат. Міне, ол осы қасиеті үшін бәсекеге қабілетті болады. Сіз де «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өз қабілетіңізді көрсетіп, елдің, ұлт тарихының, руханияттың жаңаруына өз үлесіңізді қосыңыз. 


ruh.kz
Kkoop.ru