15 Мамыр, 2019
Олар – «Z ұрпағы»

Шынайы және виртуалды әлемнің айырмашылығын ескермейтін Z – ұрпағы туралы не білеміз? Олардың әлем дамуына қосып отырған жаңалықтары мен алдағы жылдары алып келетін идеялары адамзат цивилизациясын қаншалықты өзгертпек? Қызық па? Әлемнің болашағы "Z – ұрпағы" жайында оқыңыз.

Ruh.kz өз оқырмандарын "Z- ұрпағының" жарқын өкілдерімен таныстыруды бастайды. Сізді таң қалдыратын бүгінгі қара көзді жас буын несімен ерекшеленуде? Сайтымыздан жуырда оқи аласыздар! Ал бұл материалымызда жалпы "Z – ұрпағы" санатына кімнің қосылатынын талқылаймыз. 

 Дэвид Стиллман  «Z – ұрпағы жұмыс барысында» атты кітабында 1995 - 2012 жылдар аралығында дүниеге келген жасөспірімдердің барлығын Z – ұрпағы деп атайды. Тоқтай тұрыңыз! Бұл балалар «Миллениал» ұрпақтары емес пе? Деген сұрақ көкейге келеді. Олай емес. «Миллениалдар» қазіргі таңда ата-ана атанып отыр. Міне, сол «миллениалдардың» балалары - Z – ұрпағы, Z – ағымы.

    Назарларыңызға Z – ұрпағы туралы деректерді ұсынамыз. Әлемдік сандарды жазатын болсақ, бұл жасөспірімдердің саны шамамен 73 миллионнан асады, бұл толқынның алды жасы жиырмадан асты.


    «Z ұрпағы» бәрінен де бай.

    Олар өз бетімен ақша табу үшін мектептің қабырғасынан бастап жұмыс жасайды. Жастардың 76 % - ы өз хоббилерін табыс көзіне айналдырғысы келеді. Олар тәуелсіздікке ұмтылуда және тәуелсіз жұмыс жасау үшін алдыңғы ағым ағалармен бәсекелестікке түсуден қорықпайды. Сандарды сөйлететін болсақ, жоғары сынып оқушыларының 72%-жеке бизнестерін ашуға дайын.

    «Z ұрпағы» бос уақыттары жоқ.

    Z – ұрпағы сөздің тура мағынасында әлемді өзгертпек. Жастардың 60%-ның ойынша, олардың жұмыстары қоршаған ортаға және қоғамға пайда әкелуі тиіс екен. 16 мен 19 жас аралығындағы жастар еріктілердің қатарынан табылуда. Сол себепті жас ұрпақ мамандық таңдауда әлеуметтік салаға жиі бет бұруда.

    Y-ұрпағының өкілі Facebook-тың негізін қалаушы Марк Цукерберг өз компаниясын 20 жасында қаласа, Z – ұрпақтары өздерінің қоғамдық белсенділіктерін одан да ерте, 13-16 жаста бастауда.

«Z ұрпағы» әлемге шынайы қарайды.

 Олар «11 қыркүйек» күнінен кейінгі әлемде өсіп келеді. Бұл әлемнің атмосферасы хаосқа, жалпыәлемдік тұрақсыздыққа және сенімсіздікке толы. Жастар аға буынның қателіктерінен көп үйренуде. Білім алып, өзін тұлға ретінде дамыту үшін шет ел асудан қорықпайды. Z – ұрпағының әр екінші өкілі жоғары білім алған, ал Y-ұрпағының әр үшінші өкілінің, X-ұрпағының әр төртінші өкілінің жоғары білімі бар.

«Z ұрпағы» тәуелсіз.

 Олар өздерінің жасаған істеріне, айтқан сөздеріне жауап беруге дайын. Бала бола тұра балалықтан ерте шығады. Қолға түскен қаражатты шашпай, жинақтауға ұмтылады. Z – ұрпақтарымен сауал жүргізген кезде, олардың тек 25% ғана көшедегі төбелестерге қатысқан екен. Салыстырмалы түрде Y-ұрпақтарының 42%-көше төбелестерінің ортасында болған. Сондай-ақ жас буын арасында денсаулыққа зиянды заттарды, тиым салынған өнімдерді пайдалану саны төмен. Олардың ата-аналары қамқорлықты шектен тыс пайдаланбайды. Нәтижесінде, жас балалар арасында жеке уақыт және жеке кеңістік деген ұғымдар сіңісіп кеткен. Олар өздерінің шабытын, ойларына келген сұрақтардың жауабын интернет кеңістігінен табады. Тәуелсіздікпен қатар, Z – ұрпақтары ата-әженің мейірімін көріп, ата-баба құндылықтарының мазмұнымен етене таныс.

«Z ұрпағы» интернеттің екжей-текжейін жақсы біледі.

 Z – ұрпағының 85%-ы өмірінде бір рет болса да, ақпаратты табу үшін интернет көмегіне жүгінді. Жасөспірімдердің 52%-ы Youtube пен әлеуметтік желіні үй жұмысын жасау үшін пайдаланады. 13-17 жасар балалар теледидар қарағаннан көрі смартфонға жиі жүгінеді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін Z – ұрпағы теледидардың, смартфонның, планшеттің, ноутбуктың, музыкалық плеердің, электронды кітаптың экранына қарап үлгереді. Нәтижесінде жастардың ақпаратты қабылдау межесі өсіп, ал бір затқа өзінің назарын 8 секундтан артық бөле алмау проблемасы туындайды.


«Z ұрпағы» кеңістікте қажет бағытты таба алмайды.

  3D және 4D графика, көлемді дыбыстау, мінсіз компьютерлік графика әлемінде туған Z – ұрпағының балалары кеңістікті өзгеше қабылдайды. Олар үшін нысананы жақындату функциясы бар гугл-карта қашан да болған. Сол себептен болар, көп жасөспірімдер өз қалаларында GPS-мобильді қосымшасыз жүре алмайды. Белсенді жастар интернет әлемінде өз тәуелсіздіктерінің шектелуін де қаламайды. Әлемдік зерттеулер көрсеткендей, 2014 жылдан бастап 13-17 жас аралығындағылардың Facebook-тан «шығып кету» тенденциясы үзілмей келеді. «eMarketer» Маркетингтік зерттеу компаниясының айтуынша, 2017 жылыдың өзінде бұл әлеуметтік желіден кеткен жастардың (13-17 жас) саны 3,4% құрады. Цукербергтің желісінен қызығушылық таппаған жасөспірімдер Instagram, Telegram мен Youtube  әлеуметтік әлеміне назар аударуда. «eMarketer»-тің пайымдауынша, Instagram желісіне тіркелген 12-17 жастағылардың саны 2017 жылы 8,8%-ға өсті. Қалай болса да интернетке еркін кіре алатын жасөспірімдердің 81%-ы әлеуметтік желілердің тұтынушылары. Виртуальді әлемнің небір қосымшалары смайлдар мен стикерлердің тілін дамытуда, бұл дегеніміз - визуальді тіл Z – ұрпағы үшін ұзын тексттерді біртіндеп ауыстырады.


«Z ұрпағы» қызығушылықтары мүлдем басқа.

Z – ұрпағы үшін интернет ойындары ерекше орынға ие: 6-11 жас аралығындағы балалардың 66%, ал жасөспірімдердің 51% уақыттарын өткізу үшін интернет ойындарына жүгінеді. Олар талғаммен дайындалған тағамдарға көп тоқталып, интернет арқылы сауда жасағанды әдетке айналдыруда.

Z – ұрпағын экономикалық процестің салдары мен әлемдік нарықтың бағалары толғандырады. Олардың бұл мәселелерге назар аударуы алдыңғы толқынға қарағанда ерте басталды.

Z – ұрпағы адамзаттың қоршаған ортамен үзілмес байланысы туралы біледі: соның ішінде, 80 %-ы экологиялық проблемалардан хабардар болса, 76 %-ы экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға тырысуда. Жасөспірімдердің  78 %-н әлемдегі аштық жағдайы толғандырады. Әлемдік проблемаларға қарамастан, болашақ экологияның жақсаруына он жастың жетеуі сенім білдірсе, жарқын болашағына оптимистік көзқараспен онның тоғызы қарайды.


Технологиялар дамып, барлық ғылым салаларында адамзаттың мүмкіндіктері артқан сайын өскелең ұрпақтың өмірге деген көзқарасы өзгеруде. Біз алға қарай қадам басқан сайын өзгеріске ұшыраған көзқарастар түбегейлі өзгеруде. Жастардың өмірлік құндылықтары да өзгеріске ұшырауда. Алдыңғы буын мен кейінгі буын бір-бірін түсіну үшін ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі керек.

  Ruh.kz өз оқырмандарын "Z- ұрпағының" жарқын өкілдерімен таныстыруды бастайды. Сізді таң қалдыратын бүгінгі қара көзді жас буын несімен ерекшеленуде? Сайтымыздан жуырда оқи аласыздар!  

Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Ruh.kz