20 Маусым, 2018
Өлкетанушылар мұражай мәселелерін талқылады

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Оралда өлкетанушылардың «Жайықтың қасиетті орындары» атты республикалық форумы өтті. Оған Қазақстан өңірлерінен келген өлкетанушылар, тарихшылар, музей саласының мамандары  қатысуда. Бес күнге созылатын форум Достық үйінде өткен пленарлық отырыспен ашылды.


Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру барысында музей ісін сапалық жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығын атап көрсетті. Қазіргі таңда музейлер мен қасиетті орындар ішкі туризмді дамытудың драйверіне айнала алады.



ҚР Мәдениет және спорт министрлігі музейлер және кітапхана басқармасының бас сарапшысы Назгүл Кадрымбетова өңірдегі үздік музей қызметкерлеріне министрліктің алғысхаттарын табыс етті. Сондай-ақ, мемлекеттік «Есік» тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми-зерттеу бөлімі басшысы Ғалия Файзуллина, музейтанушы, «Kazmuseum.kz» жобасының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс музей ісін дамытуға байланысты өз ой-толғамдарымен бөлісті. Бұл орайда Ұлыбритания, Ресей секілді елдерде қолға алынған озық жобаларды да пайдалану керектігі айтылды.



«Күні бүгін Қазақстанда музейлер саны 238-ге жетсе, соның төртеуі - жеке музейлер. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қолға алынғаннан бергі уақытта өңірлерде 7 музей ашылды. Аталмыш бағдарлама аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі форум - Астанадағы Ұлттық музейде мамыр айында өткен «Рухани жаңғыру» фестивалінің жалғасы. Сол фестивальде «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымын Сырым ауданындағы Сырым Датұлы атындағы музей (жетекшісі Айнагүл Ойшыбаева) жеңіп алғаны белгілі. Сонымен қатар, «Қазақстанның облыстық өлкетану музейлері одағы» құрылып, оның төрағасы болып Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев сайланды. Форум мақсаты музей мен өлкетану саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, шешу болып табылады», - деді Н.Кадрымбетова.



БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың мәлім еткеніндей, Қазақстандағы ең көне мұражайлардың бірі Орал қаласында орналасқан. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1832 жылы қаланып, 1920 жылы қалалық реалдық училище мен казак-орыс әскерлері мұражайларының негізінде қайта құрылған.



Қазіргі таңда БҚО тарихи-өлкетану музейі қоры жағынан еліміздегі ең бай, жәдігерлері мол музейлер қатарында. Сегіз залдан тұратын музей қорында 140 мыңнан астам жәдігер бар. Онда археологиялық жәдігерлердің, зергерлік, этнографиялық бұйымдардың мол коллекциясы жинақталған. Оған қоса музей құрамында 11 филиал халыққа қызмет көрсетеді.



«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес, Елбасы тапсырмасы негізінде Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылғаны белгілі. Республикалық дәрежедегі Қазақстанның киелі нысандары қатарына Батыс Қазақстаннан жеті нысан енгізілді. Олар - ортағасырлық Жайық қалашығы, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені, Тақсай обалар кешені, Жұмағазы хазірет қорымы, ақын, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш жерленген жер, Күнбатыс Алашорда астанасы - Жымпиты және күйші Дәулеткерей кесенесі.



«Қазіргі таңда музей саласында шешілуі тиісті мәселелер бар. Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан секілді көршілес елдерде музей туралы заңдар бар. Заң музейлердің мәртебесін анықтап, жұмысын ретке келтіреді. Біздің елде де осындай заң керек. Музейлерге халықты тарту, кадрлармен қамтамасыз ету, музейлерге ортақ кеңістік құру, қазіргі заманғы талаптарға сәйкес озық әдіс-тәсілдерді,  ІТ технологияларын енгізу бағытында жұмыстану қажет-ақ», - деді М.Ерсаев.



Республикалық форум аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде Павлодар және Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің және суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмелері ашылды. Ұлттық салт-дәстүрлер, қолөнершілер жәрмеңкесі, домбыра-party, сән көрсетілімі, мерекелік концерт  дәстүрлі «Музей түні» шарасына ұласты. 



Бірнеше күн бойы тәжірибе алмасатын музей мамандары туристік сапарларға шығып, Орал қаласы ғана емес, Теректі, Сырым, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарындағы қасиетті орындармен танысады.


ruh.kz
tote.qamshy.kz