18 Маусым, 2018
Өнер жұлдыздары бағдарламалық мақаланың бағыттарын жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда

Қазақстанның өнер жұлдыздары еліміздің әр аймағын аралап, концерт бермек. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тарихи орындардың насихатын арттыруды мықтап тапсырған еді. Содан бері Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі қазақ эстрадасының жұлдыздарын осындай сапарға аттандырды. Өйткені, қоғамдық пікірді басқаруда шоу-бизнес өкілдерінің ықпалы басым болып тұрған жайы бар. Әншілер жүрген жерлерін әлеуметтік желілердегі өз парақшаларына салып, миллиондаған желі қолданушыларының назарына ұсынады.


Мақпал Жүнісова, Сәкен Майғазиев, Жанболат пен Жазира, Ерке Есмахан, Лұқпан Жолдасов сынды әншілер Атырау, Қызылорда мен Түркістан облыстарына сапар шегеді. Олар осы қалалардағы қазақ тарихында өзіндік маңызы бар әрі үлкен оқиғалардың куәсі ретінде сақталып келе жатқан ескі қалалар мен қасиетті орындарды аралайды. Бұл әдіс ғылымда «медиа-тур» деп аталатынын білеміз. Бұл турдың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бағыттарын жүзеге асыруға үлкен көмек көрсетері айқын.



Мақпал Жүнісова бастаған топ Сарайшықта алдымен Құран бағыштап, киелі орынның тарихымен танысты.



«Сарайшыққа келіп жатырмыз. Қасиетті орындарды аралап, өзімізге бір рухани азық алуға, халыққа әннен шашу шашуға», – дейді Мақпал Жүнісова.



«Ұлы дала астаналарын аралаудағы мақсат, әншілер арқылы егер біздің тыңдармандарымыздың назары ауып жатса, біздің тамырымыздың тереңде жатқанын көрсетуге бірден бір мүмкіндік шығар деп ойлаймын», – дейді Сәкен  Майғазиев.



“ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің қолдауымен "Рухани қазына" бағыты аясында "Ән мен Әнші Ұлы дала астаналарында” жобасын жүзеге асыру мақсатында Атырау қаласының маңындағы тариxы тереңде жатқан, уағында Қазақ xандығының астанасы болған Сарайшық қаласында болдық. Көптеген құнды дүниелерді жадымызға сіңіріп қайттық. Жасы 82-ге келген Молдаш атамыздың қазыналы әңгімесін, Сарайшықтың тариxын тыңдап, біраз күш жинап қайттық”, – деп жазады Айгүл Иманбаева желідегі парақшасында өз қуанышын оқырмандарымен бөлісіп.



Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Елбасы жариялаған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Рухани қазына", "Атамекен", "Қазақстанның қасиетті жерлері", "Туған жер" секілді кіші бағыттарын іске асыруға зор үлес қосып, ерен еңбектер атқаруда. Жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік желіде және халық алдында, халықаралық дәрежеде аты мен бет-бейнесін қалыптастырып үлгергендер мемлекет басшысының дамушы мемелекет үшін үлкен маңызы бар бағдарламалық мақаласындағы міндеттемелерді жүзеге асыруда үлкен рөл ойнайды. Өйткені, біздің халық қарапайым әрі ресми насихаттан гөрі шоу-бизнес немесе спорт өкілдерінің сөздеріне көбірек иланады.



Өнер жұлдыздарының осындай іссапарларға шығып, халыққа өнерден шашу жасауы - "Рухани қазына" бағыты аясында ұйымдастырылып отырған ізгі игіліктердің бірегейі.



Ал халықтың біртұтас қалыптасып, даму бағытында, руханиятты жаңарту жолында жұмылған жұдырықтай ынтымақтастықпен топтасуы - аталған міндеммелерді жылдам іске асыруға мүмкіндік беретін бірден-бір маңызды фактор. 


ruh.kz
Baq.kz