17 Сәуір, 2018
Өнертапқыштар фестивалі

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының қабылданғанына бір жыл толуына орай Қостанайда «Ғылым мен техника» фестивалі өтіп жатыр. Әдетте бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. 


 



Биылға шараға қатысушы жүзден астам өресі биік өрендер биылғы сайысқа өз қолдарымен жасаған роботтарды айқас алаңына шығарды.  Жарыс 7 кезеңнен тұрады. Қатысушылар электронды құрылғыларын қазылардың көз алдында бөлшектеп, бағдарламаларын ағытып, қайта құрастыруы тиіс. Тапсырмалар кезең-кезеңімен күрделене береді. Жасөспірім өнертапқыштар жасаған жобалар ғылым мен техниканы ұштастырып, тұрмысты жеңілдетуге бағытталған. Олар құрастырған үлгілер «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының барлық бағыттарын қамтиды.  



– Елбасының «Рухани жанғыру» бағдарламасы робототехниканың дамуына үлкен серпін берді. Қазір көптеген оқу орнында робототехника зертханалары ашылды. Бұл салаға балалардың қызығушылығы өте жоғары. Мысалы, біздің ғана университетте студентерден басқа мектеп оқушылары да робототехника және 3D модельдеуімен айналысып жүр, – дейді фестивальді ұйымдастырушы Есімжан Баймақанов.  



Мұндай сайыстар болашақ инженерлердің тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік беріп, жас буынның ынтасын арттыратын болады. Шараға қатысқан балалар саны 2016 жылы 400 бала болса, былтыр 1300 бала болды. Биыл 3 мыңдай қатысушы тізімге кіріп отыр. Екі күндік фестиваль аясында студент жастардың инженерлік қабілеттері үш өлшемді модельдеу олимпиадасында сарапқа салынады. Үздік шыққандар республикалық байқауға жолдама алмақ.


ruh.kz
ҚазАқпарат