25 Мамыр, 2018
Оңтүстік Қазақстан облысы рухани жаңғыру белесінде

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде көптеген істер қолға алынып, күрмеуі қиын мәселелер өз шешімін табуда. Сонымен қатар, осы мақаланы жүзеге асыру барысында елімізде қанша тың істер жолға қойылып, жаһандық дамудың даңғыл жолына аяқ басып келеміз. Осы тұрғыда еліміздің әрбір аймақ пен әрбір өңірлерінде тыңғылықты істер атқарылуда. Соның ішінде ОҚО-ның да алар орны ерекше.     


Түркістан аумағында археологиялық қазба жұмыстары  басталды 



Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты негізінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің «Түркістан археологиялық экспедициясы» аясында Түркістан қаласындағы Бабайқорған ауылдық округінің Мерген төбе жерінде археологиялық қазба жұмыстарын бастады. Аталған экспедиция аймақтағы қасиетті жерлерді насихаттау мақсатында "Қазақстанның қасиетті географиясы" бағыты негізінде құрылған.  



Аталған қазба орны Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 33 км-дей жерде, Жаңақорған өзенінің жағалауында орналасқан. 



Бүгін аталған орынға «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов арнайы барып, жасалған жұмыстармен танысты. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында киелі жерлердің Қазақстан халқы үшін маңыздылығын, онымен танысу өскелең ұрпақтың бабалар жүрген жолды білуіне мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Қазіргі археологиялық қазба нәтижесінде ежелгі обалар орны анықталды. Демек, тарихи іздің анықталып, танылуы, жаңа құнды дүниенің сыры айқындалуы ұрпақ үшін де маңызды екендігі анық. 



Осы орайда, археолог Талғат Өсеров аталған обалар ерте Темір және ерте Түрік дәуірлеріне қатысты деген болжам жасады. Қазба жұмыстарын 15-тен аса мамандар жүргізуде, оның ішінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің археологы Бақытжан Нұрханов пен Нұржан Тәжібаев та бар. 



Археолог мамандардың айтуынша обалар құрылысының сыртқы тұрпатына қарағанда бұл ескерткіштер өте құнды ақпараттар береді деп үміттенуде. 



Айта кетсек, биыл «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі археологиялық қазба зерттеу жұмыстарын жүргізуге лицензияға ие болған. Музей тарихында осындай археологиялық қазба жұмыстары музей тарапынан алғаш рет жүзеге асуда. 



Шардарада кітап оқитындар көбейді 



Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру"  бағдарламалық мақаласы аясында облыстық «Рухани жаңғыру»  жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен мектеп кітапханаларында «Лидер Reader ON» кешенді іс-шаралары өткізіліп жатыр. Аталған шаралардың бірі Шардара ауданындағы Б. Соқпақбаев атындағы мектепте өткізілді.   



Аталмыш жобаның негізгі мақсаты - мектеп оқушылары арасында кітаптың маңыздылығы, кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, өмірде жақсы жетістікке жету үшін көп оқып, іздену керек екенін ұғындыра отырып, оларды адамгершілікке, мейірімділікке, әдептілікке тәрбиелеу. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, дүниетанымын кеңейту, сана-сезімдерін, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру.  



Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының негізгі мақсаты ұлт руханиятының деңгейін көтеру екенін білеміз. Руханияттың дәрежесін арттыру үшін жоғарыда айтылған адами қасиеттердің маңызы зор. Ал жас буынды адамгершілікке баулуды мектеп қабырғасынан бастау - үздік тәсіл. Бәсекеге қабілеттілік - бүгінгі күні Елбасы міндеттеп беріп отырған ең үлкен талаптардың бірі. Бәсекенің адал болуы үшін де әлгінде айтқан ізгі қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Міне, сондықтан, бағдарламалық мақаланың аясында жас буынды ізгілікке баулитын іс-шараларды өткізу қолға алынып отыр. 



Осы жоба барысында кітап оқуда үздік атанған 13 оқушы анықталды. Үздіктер жергілікті ақындардың шығармашылықтарын мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыды. Сонымен қатар, ақын-жазушылардың еңбектерінен құралған буктрейлер көрсетілді.  



«Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің өкілі С.Кендірбаев ұйымдастырылған іс-шара өз кезегінде оқушылардың кітап оқып, рухани азық алып, отансүйгіш азамат болып қалыптасуына игі ықпалын тигізетінін айтты. Қатысушыларға алғысын айтып, сәттілік тіледі.  



Мектеп оқушылары өздерінің "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында жасап жатқан игіліктерін таныстырды. Сонымен қатар, іс-шара аудандық балалар саз мектебінің оқушыларының концерттік бағдарламасы мен шеруге жалғасты. Іс-шарада үздіктік танытқан оқушыларға аудан әкімдігінің арнайы дипломы берілді. 



Оқушылар сабақты ашық аспан астында оқыды 



Төлеби ауданындағы Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектептің  оқушылары Есімхан ордасы төбешігінде «Есімхан тұсындағы қазақ хандығы» тақырыбында ашық сабаққа қатысты. 



Елбасының бағдарламалық мақаласында патриотизм туған жердің тарихын танып білуден басталатыны айтылған. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің қолдауымен мектеп оқушыларына Қазақстан тарихы пәнін киелі жерлерде оқыту арқылы өлкенің тарихын, ондағы болған оқиғалардың ерекшеліктерімен таныстыра отырып, киелі орындарды зерттеу арқылы  танымын  қалыптастыру,  ұлттық  құндылықтарды қадірлеуге үйрету іс-шарасы қолға алынды. 



Өлкетанушы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, археолог-ғалымдар Кеңесарық ауылындағы Төрткүлтөбені  тарихи орын екендігін бұдан бұрын да айтып, заңды түрде дәлелдеп қойған. Деректерге сүйенсек, Есім хан жаугершілік заманда өз ордаларының бірін дәл осы Төрткүлтөбенің маңынан тіккен екен. Ал тарихи нысанның хронологиялық шеңберіне көз жүгіртсек, сонау Түркеш қағанатымен астасып жатқаның байқауға болады. Моңғол-татар шапқыншылығы кезінде бұл төбе маңындағы мәдениет жермен-жексен болған екен. Мұндағы табылып жатқан құмыраларды археолог мамандар шамамен екі мың жыл бұрын жасалған деген болжам айтуда. Ал, жалпы, мұндай жәдігерлердің Кеңесарық тұрғындары арасында біразы кездеседі, тіпті ішіне адам сыйып кететін құмыраның табылғанын білеміз. 



 


ruh.kz
kazinform.kz