18 Маусым, 2018
Оңтүстікте «Қымызмұрындық» мерекесі тойланды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында ежелгі дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті. 


Жұртшылықтың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығын насихаттау мақсатында өткен ұлттық сусын мерекесіне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихаттың депутаттары, өңір ардагер­лері мен зиялы қауым өкілдері, этно­мәде­ни орталықтар­дың төрағалары қатысты.





Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйым­дасты­ры­лып отырған «Қымызмұрын­дық» фестивалі­нің орны орасан зор екенін айтқан өңір бас­шысы Ж.Түймебаев: «Бұл дегеніміз – ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қымыз­мұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Бие сауы­лып, оның сүті қорланып, ашы­тыл­ған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар қымыз­мұрындыққа шақырылған. Яғни, алғашқы қымыз адамдарға салта­натпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен берілген. Қазақта сусынның құнан қымыз, дөнен қымыз, уыз қымыз, жазғы қымыз, түнемел қымыз сияқты түрлері бар. Бұлардың әрқайсысының дайындалу тәсілі де әртүрлі. Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ауызымызды ақтан айырма­сын» деп тілек айтысқан, олай болса бүгінгі «Қымыз­мұрындық» тойы құтты болсын!» – деді.





Сонымен қатар, дүбірлі тойда делебе қоздырған талай жарыстар өтті. Қымыз баптаушылар сайысы, қолөнер шебер­ле­рі­н­­ің көрмесі, құлынды бие және сәйгүліктердің шеруі, ұлттық ат спорт түрлерінен көріністер көрсетілді. Қымыз ішу сайысына 15 аудан, қалалардан үміт­кер­лер қатысып, жеңімпаздар облыс әкімі­нің арнайы сыйлығымен, диплом­дар­мен марапатталды. Бұдан бөлек өңірдегі барлық аудан, қалалар киіз үй тігіп, оны безендіріп, этноауыл ұйымдастырып қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.





Фестивальде қымыз баптаудан бас жүлдені тау баурайында бапталған бал қымыз иесі Түлкібас ауданының үміт­кер­ле­рі иеленді. Бас жүлде иегерлеріне құлынды бие тарту етілді. Бірінші орынды Бәйдібек ауданының қымыз баптаушылары еншілесе, екінші және үшінші орынды Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданының үміткерлері иемденді. Қолөнершілер байқауында түркістандық шеберлердің бағы жанса, сәйгүліктер сайысында Шымкент қаласының атбегілері жеңімпаз болды. Жұртшылық назарын аударған қымыз құмарлар бәсекесіне барлық ауданнан ынталы азаматтар қатысты. Аса қызықты өткен жарыста 10,5 тостаған қымызды тоқтамай сімірген Арыс қаласы, Монтай­тас ауылының тұрғыны Алмас Жаман­құлов жеңіске жетті. Бұл күні осылайша, қазақтың салт-дәстүрі дәріптеліп, жинал­ғандар риза болып тарқасты.


ruh.kz
Ernur.kz