30 Шілде, 2019
Оңтүстіктің киелі орындары

Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы өңірімізге ат басын бұрды.


Қазығұрт ауданы мен Шымкент қаласында орналасқан киелі жерлер тізіміне енген бірнеше нысандарды, сонымен қатар Қазығұрт аудандық мұражайын аралап көрді. Қазығұрт тауы баурайындағы Ақбура ата әулие кесенесі, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Кемеқалған және Исмайыл ата сәулеттік кешендерін аралап көріп, ғимараттардың дуалдары зәктеніп, құлай бастағанына алаңдаушылық білдірді. Содан жөндеу жұмыстарын қолға алу керектігін айтып өтті.





Екінші күні Шымкент қаласындағы Қошқар ата кесенесі мен бұлағы және Ибраһим ата, Қарашаш ана кесенелерінде шырақшыларымен әңгімелесіп, әрқайсысының тарихымен танысты.





Ордабасы ауданындағы Қажымұқан бабамыздың атындағы және аудандық мұражайдың атқарып жатқан жұмыстары орталық басшысының қызығушылығын тудырды. Қажымұқан  Мұңайтпасов кесенесі басына барып құран бағыштады. Аққойлы ауылындағы Ақмешіт (Ишан базар) нысанын және Ордабасы тауындағы Бірлік монументін көріп шықты.





Ордабасы ауданын аралау барысында, «Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жобалық кеңсесінің» басшысы Бақытжан Әшірбаев пен «Қ.Мұңайтпасов атындағы облыстық мұражайдың» директоры Гүлдария Райымбекова бірге жүріп атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде мағұлматтар берді.

Отырар ауданында республикалық және аудандық мұражай басшыларымен Отырар қалашығы мен Арыстан баб кесенесін бірге аралап, жүргізіліп жатқан іс-шаралардан хабардар болды.



Берік Әбдіғалиұлы қазіргі жұмыстар алдағы істердің бастамасы ғана екенін атап көрсетті. Алдағы атқарылар жұмыс көп. Қасиетті, киелі жерлерді таңдағанда, оның тарихына көбірек көңіл бөлуді, халық үшін қастерлі болуы керек екенін баса айтты.


ruh.kz
Е.Көшербай