11 Сәуір, 2018
Оңтүстіктің кино және анимациялық фильмдері республикаға жол тартады

Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Ж.Түймебаевтың қолдауымен өткен жылы балаларға арналған тарихи-танымдық 3 анимациялық фильм мен облыстың киелі жерлерін насихаттайтын көп сериялы телехикая түсірілді.


Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» деп атап өткен болатын. Атап айтқанда, «Күш атасы ­– Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» сынды мультфильмдері мен 10 сериялы «Көне Жетігеннің сыры» атты фильмі. Аталған туындыларды «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «САҚ» киностудиясы дайындады.      



Қазіргі таңда шетелдік телеарналар қызығушылық танытып отырған тың дүниелердің алдағы уақытта Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық облыстарында таныстырылымы өтіп, көрерменге жол тартатын болады. 16 наурыз бен 20 мамыр аралығында республиканың барлық облыс орталықтарындағы мәдениет үйлері мен кинотеатрларында «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», анимациялық фильмдері, «Көне жетігеннің сыры» телесериалы көрсетіледі. Мұның өзі өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық,  туған жерге деген адалдық сынды қасиеттерді дарытып, төл тарихты бойларына сіңдіруге сеп болмақ.  



Сонымен қатар, бұл жоба ағымдағы жылы да жалғасын тауып отыр. Облыс басшысының бастамасымен Қарлығаш әулие деген атпен елге есімі таралған, атақты ұлтымыздың биі Төле бабаның толық өмірбаянына негізделген 10 сериялы «Төле би» кино жобасы және үш жүздің басын қосқан киелі мекенге арналған «Ордабасы – бірліктің туы» атты анимациялық фильмі дайындалады.    



Сондай-ақ қазақ хандығының ордасы болған, халқымыздың ұлы тұлғалары мәңгілік мекен тапқан киелі жерді жас балғындарға таныстыруға арналған «Түркістан» және Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи қалалардың бірі, әлемдегі екінші Ұстаз атанған Әл Фарабидің туған жері Оқсыз қаласының тарихы мен ұлы ғалым жайлы «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмдері қалың көпшілік назарына ұсынылатын болады.


Қошқар мен теке