26 Тамыз, 2019
Open Qazaqstan

Түркия – Кападокия, Франция – Эйфил мұнарасы, Ресей – ну ормандар, Қытай – ұлы Қытай қорғаны, ал біздің еліміз Қазақстан ше?

Жер планетасының әр азаматы осы елдерді естігенде сол елдермен байланысты ассоциациялары бірден ойға келеді. Ал Қазақстан ше? Әрине біз жас мемлекетпіз, алайда тәуелсіз республика атанғанымызға көп уақыт өтпесе де, халық болып қалыптасқанымызға бірнеше ғасырдың жүзі болды. Бұл дегеніміз тарихы терең тамырдай жайылған қазақ ұлты мен қазақстандықтардың әлемге паш етер тарихы, мәдениеті мен табиғаты жетерлік. Осы рухани байлықтарды дұрыс «қаптамаға» орап, қалың жұртшылық назарына ұсыну керек. Бұның барлығы да PR мен маркетинг саласында талқыланып және нәтижелі жұмыстың қортындысы шығуы тиіс.

Күні кеше ғана елордамызда ерекше шара өтті. «Қазақстанды таны» халықаралық блогерлер форумы өз алаңында Ұлыбритания, Австралия, АҚШ, Италия, Ресей, Тайланд, Үндістан, Грекия, Канада, Оңтүстік Корея, Түркия, Филлипин елдерінен тревел-блогерлер бас қосты. Олар еліміздің бес бағыты бойынша блог-тур жасап, табиғат пен сакралды жерлердің атмосферасымен танысып келді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев айтқандай: «Бүгінгі форум біздің елді мүлдем жаңа қырынан танудағы көзқарастың жаңа бастамасы боларына сенімдімін». Форум барысында жиналған спикерлер туризм дамуының жаңа жодарын, жаңа медианың саласы болып табылатын брендинг пен блогингтің мүмкіндіктері талқылады. Ruh.kz редакциясы да елордамызда болған ерекше контентті іс-шараның басы-қасында болып, қатысушылармен тілдесіп қайтқан еді.


20190825_162038.jpg

 Қиял әлемі студиясының жас командасы еліміздің ішкі туризмін дамыту үшін керемет идеяны жүзеге асырып, осы форумда қалың жұртшылық назарына ұсынды:

Командамыздағы талантты әрі креативті мамандардың көмегімен виртуалды қонақжай бағдарламаны ойлап таптық. Яғни, потенциалды турист басына арнайы құрылғыны киіп, Алматы немесе Ақмола облыстарының табиғаты тамаша жерлеріне саяхаттай алады. Бұл қалай десеңіз, технологиялар дамыған сайын IT-мамандардың да мүмкіндігі шексіз болып барады. Біз ойлап тапқан бағдарламаның көмегімен сіз Шымбұлақ тауының басына виртуалды түрде көтеріліп, аяғыңызға шаңғыны киіп алып, тау шыңынан түсе аласыз. Болмаса Шарын шатқалының космостық пейзажын 360 градус кеңістікте тамашалап, Көлсай көлінің мөлдір суын сезіне аласыз. Бұл мүмкіндіктің барлығын да басыңызға арнайы құрылғыны тағып, тұрған орныңызды тастамай пайдалана алу заманның бір орында тұрмауының салдарынан деп білеміз. Сонда біздің Алматы немесе Ақмола облысының ықтимал туристі сол мекендерге баруға асық туристердің қатарына қосылады. Міне көрдіңіз бе, ішкі туризмді теледидар арқылы ғана емес, осындай заманауи бағдарламалардың көмегімен де дамытуға болатынын біздің команда дәлелдеп отыр. Біз жас болсақ та, алға қойған мақсаттарымыз өте орасан. Еліміздің оқушыларының бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін ояту үшін аталмыш бағдарламаны одан әрі жетілдіргіміз келеді. Себебі қазіргі жас ұрпақ ақпаратты кітапты оқып қабылдағаннан гөрі, сезіну және көру арқылы жақсы қабылдайды. Мысалы, дүниетану сабағы кезінде біздің құрылғылар пайдаланылатын болса, бала кітаптан оқыған ақпаратын сол бойда көз алдында виртуалды әлем көмегімен сезініп, көре алатын болады. Бұндай практика Жапония мен Оңтүстік Корея елдерінің мектептеріне енгізілген екен. Ішкі туризмді дамуту арқылы сырттан келетін шет елдік қонақтардың саны мен сапасы артады деп ойлаймыз. Барлығы да бір-бірімен байланысты дүние.

20190825_162325.jpg

Ал Павлодар қаласының тумасы Аманат есімді жас тревел-блогер бұл форумға табиғаты бай Баянауылды насихаттап келді.

Қазір жастар арасында қалыптасып келе жатқан жақсы тенденциялардың бірі – өзінің туған өлкесінің тау-тасын аралау. Мен де өз құрдастарымнан қалмайын деп Баянауылдың тауларын бағындырып келемін. Алматы облысының және Баянауыл жерлерінің тауларын аралап, өзіме үлкен мотивация алғаннан соң Қазақстанды өз отандастарыма ашқым келді. «Қазақстанды таны» форумының насихаттап отырған контенті заманауи, әрі қазіргі жастардың санасымен қабылдана алатын контент деп ойлаймын. Себебі қазір уақыт басқа, адамдарға ақпарат классикалық түрден гөрі интернет кеңістігі арқылы тез жетіп, жақсы қабылданады. Сол себепті біз өз еліміздің ішкі туризмін дұрыс насихаттау үшін интернет контент жасау керекпіз. Жасалған контент сапалы және қызықты болуы шарт. Ел жастары Шарын шатқалына, Көлсай көліне, Бурабай тауларына, Ұлытау даласына демалыс сайын баруды әдетке айналдырса, біздің табиғатты аялау, туған өлкені шын жүрекпен сүю деңгейіміз де сапалы болады. Әр саяхатшы Қазақстанды өзі үшін жаңадан ашқан сайын адамның сана-сезімі де кемелденіп, рухани байиды деп ойлаймын. Мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің ықтимал туристерін туған өлкем Баянауылға шақырамын! Баянауылға келу және қонақ болу үшін жақсы жолдар салынып, инфрақұрылым деңгейі жақсарды. Бізге қонақ болыңыздар!

Расымен де, технологиялар дамыған сайын қандай да бір өнімді насихаттау жолдары өзгеріс тауып келеді. Демалыс алған қазақстандық Түркияға билет алдым деп мақтанатын болса, қазір әр жексенбісін еліміздің түрлі қалалары мен далаларында өткіздім деген мақтаныш сөздерін көптеп естіп келеміз. Әлеуметтік желілерге еліміздің табиғаты тамаша жерлерінің видеосы мен фотоларын жүктеген блогерлер кімнің де болмасын қызығушылығын оятары хақ. Бұл да туристік саланы қозғаушы күш. Ел ішінің сакралды жерлерін тамашалауға біз де шақырамыз!

 

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
Мурзабекова Джамиля, Ruh.kz