20 Қазан, 2018
«Орал-Жайық» экспедициясы аяқталды

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүзеге асырылуы барысында «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты қарқынды жұмыс істеуде. Бағыт аясында еліміздің киелі һәм тарихи жерлері қандастарымызға, мектеп оқушыларына, шетелдіктерге кеңінен таныстырылуда. Бұл – ұлт тарихын әспеттеп, қандастарымызды ұлттық қазықтан алшақтатпауға насихаттайтын қадам.


Атырау облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Атырау облысы әкімі аппаратының қолдауымен «Орал-Жайық» экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедицияның басты мақсаты – аталған аймақтағы киелі жерлер мен тарихи орындарды, көне нысандарды қатысушыларға көрсету, жастарға төл тарихымыздың тағылымын насихаттау.



Экспедицияға еліміздегі түрлі этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшелері, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері қатысып, басты мақсаттың жүзеге асуына, сапардың сәтті аяқталуына атсалысты.



Маңызы үлкен сапар барысында экспедиция  мүшелері Орал қаласына қарасты Жымпиты елді-мекеніндегі Алаш Орда үйіне, Жұмағазы Хазірет кесенесіне, Жайық қалашығына, Тақсай қорған кешеніне, Емельян Пугачев тұрған мұражай-үйге барып, аймақ тарихымен етене танысты.



Уағында Жаһанша Домұхамедұлы Алаш үкіметінің батыс аймағын қазіргі Орал қаласының төңірегінде, Жымпиты жерінде құрған. Ол кездегі атауы – Ойыл уәләяты. 17 ай бойы үкімет үстемдігі орнаған ғимараттар қазіргі күнге дейін мұражай ретінде сақтаулы.



Аталған экспедицияның, жалпы осы типтегі сапарлардың жүзеге асудағы басты мақсаты – әрбір аймақтағы қасиетті орындардың тарихын әңгімелеумен қатар, сол уақыттардан сыр шертетін нысандар арқылы шынайы жеткізу. Бұл әдіс жас ұрпақтың санасын тәуелсіз етуде, тарихына адал болуға баулуда, өз Отанының қасиетімен мақтануға үйретуде үлкен рөл ойнайды.



«Орал-Жайық» экспедициясына қатысушылар сапар барысында Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспақұловпен кездесіп, Тақсай ханшайымының құрметіне салынған кесененің ашылу салтанатына қатысты. Биіктігі жеті метрді, ені төрт метрді құрайтын кесенені жергілікті меценаттар қолға алып, жобаны сәтті жүзеге асырған.



Тақсай ханшайымы – 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданының аумағындағы Тақсай қорғанының маңынан табылған сармат әйелінің мүрдесі. Оның қабірінен ежелгі дәуірдегі әшекей бұйымдар мен жапырақты жапсырмалар, сәнді білезіктер табылған.



Барлық дүниелері алтыннан жасалған әйел мүрдесін Есәк қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адамды» қалпына келтірген ғалым-реставратор Қырым Алтынбек қаз-қалпына оралтты. Бұл жәдігерге «Тақсай ханшайымы» деген ат беріп, Астана қаласындағы Ұлттық мұражайға жіберді.



Жергілікті қалталы азаматтардың осындай ерекше жәдігер құрметіне арнап кесене салуы – төл тарихқа деген үлкен құрметтің айқын дәлелі, шын көрінісі.



«Орал-Жайық» экспедициясына қатысушылардың бірі «Светоч» атты славян этно-мәдени бірлестігінің төрайымы аталмыш сапар туралы ойын жасырмады. Оның айтуынша, ол сапар барысында Батыс Қазақстан облысының табиғатына, тұнба тарихына тәнті болып, өзінің географиялық һәм тарихи білімін жетілдірген.



Осындай сапарлар арқылы елдің халықаралық дәрежедегі бренді, көмбе тарихтың құнды мұраларының дәрежесі өсе бермек. Ұлт тарихының кереметтері бүгін-ертең айтып тауысатын әңгіме емес. Сондықтан, мұндай сапарлар алдағы уақытта өз жалғасын таба бермек.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
elana.kz