14 Желтоқсан, 2017
Орскта Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылжымалы көрмесі ашылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Ресей Федерациясының Орынбор облысымен мәдени байланысын нығайту жолында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Орск өлкетану музейінде музей қорында сақталған жүннен жасалған дәстүрлі ұлттық бұйымдар мен киімдерден жасақталған «Теплые традиции Актюбинской земли» атты этнографиялық жылжымалы көрмесінің ашылуы өтті.


Көрменің мақсаты: орынборлықтарға ғасырлар бойы жалғасын тапқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, көршілес екі ел арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайту.




«Орынбор өлкесі мен Ақтөбе өңірінің ғасырлар бойы жалғасқан тарихы мен мәдени байланысы ұзақ жылдар үзіліп енді жалғасуда. 1989 жылы музей қорында сақталған этнографиялық бұйымдар көрмесі осы музейде жасақталған енді бүгін «Теплые традиции Актюбинской земли» көрмесі ашылуда. Бұл көрмеден қонақтар қазақ халқының табиғатпен тікелей байланыста болып қалдықсыз технологияны жаңғыртып өмір сүргенін дәлелдейді, - деді көрменің салтанатты ашылуында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі А. Мақсатқызы.




Өз кезегінде, көрменің ашылуында Орск қаласының басшысы Андрей Одинцов қазақ халқының қолөнерінің ерекшеліктері мен құндылықтарының жарқын көрінісі болған көрменің ашылуымен құттықтады.




«Ресей мен Қазақстанның арасындағы мәдени байланысының жалғасын табуы осы тектес көрнекті көрмелердің болуы. Орск қаласы көп ұлтты сондықтан көптеген мәдениеттің тоғысқан жері, оның ішінде қазақ халқының мәдениеті ерекше. Бұл қала тұрғындары қазақ халқының мәдениетімен жетік таныс. Біз қазақ халқының ас үйін жақсы білеміз бауырсақ, ет тағамдары өте керемет. Бұл көрме қала тұрғындарына көптеген жақсы мағлұматтар береді деген ойдамын», - деді ол.




Бұдан басқа, Орск қаласының басшының ішкі саясат жөніндегі орынбасары Сергей Дунаев көшпенді халықтың озық мәдениетімен таныстыратын керемет көрменің ашылуымен құттықтай отырып, ақтөбелік әріптестеріне шексіз алғыс білдіре отырып, еңбектеріне табыс тіледі.  




«Жалпы қала тұрғындары мынадай керемет көрмелермен танысуға асық. Өйткені біз қалада жыл сайын «Бірлік күні» қарсаңында қала орталығында ұлттардың мәденитенің көрмесін ұйымдастырамыз. Осы тәрізді шараларда тығыз байланыста болсақ керемет болар еді. Қазақ халқының болмысын баян ететін көрмелердің алдағы уақытта да, жалғасын табатынына сенім білдірді», - деп толықтырды ол.




Ал, қалалық депутаттар кеңесінің төрағасы Виктор Франц өз сөзінде қазақ халқының ерекше мәдениетіне тоқталды.




«Қазақ халқының мәдениеті ерекше, тарихы терең, халқының ең басты ерекшелігі қонақжайлығын баса айтуымыз керек деді. Бұл көрмеде қазақтың қонақжай халық екенін киіз үйдің көп бөлігін дастархан алып тұрғанына назар аударған адам аңғарары сөзсіз. Өзім қазақ халқының арасында өстім, олардың салт-дәстүрі тұрмысы маған өте жақын. Киіз үй қыста өте жылы, жазда қоңыр салқын болатын керемет ойластырылған баспана. Оның ішкі жабдықтары көрген адамның көзін сүйсіндіретін өте әсем және көркем позициямен дайындалған. Бұл қазақ қыз-келіншектерінің өнерлі және ұшқыр ақылынан туындаған өлмес туынды. Бұл туындылар әлем мәдениетіне берері мол. Осы көрме арқылы Ресей мен Қазақстанның байланысы айқындалып, келушілер қазақ халқының ерекше мәдениеті мен өнерін тамашалай алады. Бұл мүмкіндікті бізге сыйлаған Ақтөбе облысының басшылар мен музей қызметкерлеріне шексіз алғыс білдіремін», -  деді қалалық депутаттар кеңесінің төрағасы Виктор Франц.




Салтанатты ашылу барысында сөз сөйлеген Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі А. Мақсатқызы көрмеге қатысушыларға алғыс білдіріп, екі жақты мәдени байланыстың жылдар бойы атқарылып келе жатқандығын алға тартып, алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстардың жүргізілетіндігін тілге тиек етті. Орск өлкетану музейі ұжымына рахметін білдіріп, музей атынан «Ақтөбе аймағының тарихи тұлғалары», «Ақтөбе облысының халықтық сәулет ескерткіштері» атты кітаптарды музей қорына сыйға тартты.



Көрмеге музей қорында сақталған жүнен жасалған бұйымдар мен киімдер қойылады. Онда қазақтың төл тұрағы 6 қанатты киіз үйдің тең жартысы қойылып, қазақ халқының ұлттық жүннен жасалған бұйымдарында табиғатпен байланысты өрнектердің сырына мән беріп, ұлттық құндылықтармызды көркем түрлері көпшілік назарына ұсынылды.



Көрме бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Б.Есіркепов және А.Мақсатқызы қонақтарға тұшымды экскурсия жүргізді. Көрмеге келген барлық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріліп, ұлттық құндылықтарымыз толық насихатталды.


ruh.kz
АО ІСБ