21 Ақпан, 2019
ӨРТЕНГЕН ӨРКЕНИЕТ

Баба тарихтың «тілін» шешіп жіберсең, сөйлейін деп ақ тұр... ХІХ ғасырдың ақырғы сәті таяғанда, Жетісу өлкесінің Қапал-Ақсу атырабынан Қарағаш қаласы салынды. Орыстың дворяндары тұратын усадьбалар сияқты салынған көк шатырлы үйлер қаз қатар тізілген. Бұл шаһардың бас қожасы – ұлтына дүние-мүлкімен, байлығымен қызмет еткен атақты Маман қажы әулетінің ұрпақтары еді. Атадан балаға жалғасқан ұрпақтар үндестігі. Қазақ даласына есім-сойы етене танылған ақ жүрек, жомарт жандар.

 

      Биыл, Маман қажы Қалқабайұлының өсиетімен, Тұрысбек қажы Маманұлының қажыр-қайратымен негізі қаланған Жетісудың жиделібайсыны атанған Қапал-Ақсудың өзегіндегі, Ежен жотасының баурайындағы, Қарағаш шәрінің төріндегі «Мамания» мектебінің ашылғанына тұп тура 120 жыл! Бұл мектеп –  қазақ даласында ашылған үшінші мектеп болса, Жетісудағы алғашқы мектеп болатын-ды. ХІХ аяғы мен ХХ ғасырдың басында ашылған медресе, мектептердің атауы «ИЯ» әріптерімен атануы әрі жаңашылдық, әрі кімге тиесілі екендігін көрсететін жәйт еді. Уфадағы башқұрт зиялылары ашқан атақты «Ғалия» мектеп-медресесі, татарлар ашқан «Якубия» сияқты «Мамания» мектебінің де өз жолы, өз бағыты болған. 1899 жылы әуелі медресе ретінде қазығы қағылған алтын діңгек уақыт өте келе мектепке, мектептен пансионаттық дәрежеге дейін өсті. Кейіннен Маман әулеті ашқан мектепке қызығып, қырғыз байы Манап Шабданов та мектеп ашып, «Шабдания» деп атағаны бар. 

 

       Маман қажының құты қонған қасиетті бақ мекенге алыс-жақын жерлердегі есім-сойы мәшһүр бола бастаған қазақ оқымыстылары келіп, «Паһ, шіркін!» деп тамсанып, таңырқанып кеткен-ді. Маман Қалқабайұлының арғы аталары батыр болған. Жоңғар шапқыншылығы заманында Бөрібай атасы сайын даланың тұтастығы үшін шыбын жанын қиған-ды. Дөсет атасы да аласапыран кескекті кезеңде батырлығымен, әділ билігімен жұрт есінде қалған кісі. Аталасы Тәнеке батыр Хан Кененің кегін қуып, ақсүйектің басын шапқан опасызды өлтірген еді. Маманға батырлық емес, байлық ұстар қасиет қоныпты. Маман баба 1820 – 1901 жылдар аралығында өмір сүрген. 1868 жылы Қапал дуанынан тұңғыш болып, қажылық сапарын өтеген мұсылман-ды. Хаж сапарын өтеп келгеннен кейін, туған жұрты оны «Байқажы» атап, құрмет көрсеткен. Қапал-Арасан атырабына қарайтын тоғыз болыстың дуанбасы, кейіннен төбе биі болған.  

 

        Маманның Нәлі есімді бәйбішесінен туған Тұрысбек (1844 –1904), Сейітбаттал (1864 – 1913) деген балалары өте ірі бай болған. Екеуі де әке жолымен қажылыққа барып, бес парызын толық өтеген жандар еді. Биыл Тұрысбек қажының туғанына 175 жыл, ал Сейітбаттал қажының туғанына 155 жыл толып отыр.

 

        Тұрысбек қажы мыңғырған малы, дәулет даңқы асқан қазақтың бағлан азаматы. Қарағаш қаласы – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан сонау Самарқан, Ташкент, Түркістан, Шымкент, Манкент, Сайрам, Пішпек, Тараз, Аспара, Верный, Қапал, Қойлық, Көкпекті, Құлжа, Үрімжі, Шыңжаң қалаларының керуен жолын жалғап жатқан, Таяу Шығыс пен Орта Азияның керуен сарайы еді. Сауда-саттық кәсібіне бейімделген Маман балалары тоғыз жолдың торабынан зор пайда тауып, өздерін де, елін де қарқ қылған.

 

          Маман балалары жыл сайын Қоянды жәрмеңкесіне қатысып, ұлы даланың түкпір-түкпірінен келген қазақтың байларымен, болыстарымен және оқымысты, ел зиялыларымен танысып, табысып отырған. Задында, Қоянды жәрмеңкесі қарағай тамырлы қазақтың басын қосқан ойын-сауығы, базары әм жәрмеңкесі бар үлкен жиын еді. Осы жәрмеңке қаншама елдік іске, ұлттық мүддеге қызмет етті.

 

          Келешек заманның сипатын көре білген әруағы асыл Маман Қалқабайұлы қажылық сапарын өтеуге Қапал, Верный, Аспара, Тараз, Сайрам, Шымкент, Түркістан, Саудакент, Сауран, Қазалы, Арал арқылы Хазар теңізіне жетіп, теңізден кемеге отырып, Бакуге, одан әрі Тбилиси, Батуми, Ыстамбұл өтіп, қасиетті Мекке, Медине топырағына жеткен екен. Осы бағытта жолаушылап жүргенінде түрлі ұлыстың өркениетін, тұрмысын һәм мәдениетін көріп, тамсанып, басын шайқап, «менің қазағымда осындай оразды жұрт болар ма еді!» деп армандаған-ды. Дүние-шіркін қажының арман-тілегін қабыл етіп, оның кіндігінен өрбіген ұрпақтарының маңдайына, тағдыр-талайына медресе, мектеп ашу бақытын бұйырыпты. Қажы қажылық сапарында жүргенде әр қалаға аялдап, сол жердің зиялы қауым, озық ойлы азаматтарымен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрыпты. Кейін, 1878 жылы Маман баласы Тұрысбек қажылыққа барғанында, Анадолы жұртындағы білім ошақтарында болып, жаңа білімнің көкжиегін бажайлап келіпті. Әке бала болып, аңсар арманды орындауға осылайша кіріскен-ді. Міне, содан бері 120  жыл өтті! Заман өзгерді. Патшалық империялық билік құлады. Қан төгіспен орнаған Совет билігі де ыдырады. Қаймана қазақ азаттыққа қол жеткізіп, егемендігін алды. Бірақ та, сонау заманда ұлысын оятып, бүткіл Жетісу, ақ селеулі қазақ топырағына білім шуағын шашқан «Мамания» мектебінің діңгегі, әлемдік өркениеттің ошағы болған Қарағаш қаласының орны... Ескі жұрт... Өртелген өркениет...

 

       1909 жылы «Мамания» медресінің құрылысы толығымен аяқталып, мектеп деңгейіне көтерілді. Тұрысбек қажы дүниеден өткен соң, оның жолын інілері Сейітбаттал мен Есенқұл жалғап, зерек ағаның сара жолыменен игі дәстүрді жаңғырта білді. Дәл осы жылдың қоңыр күзінде Қарағаш шаһарына Сейітбаттал қажының шақыруымен, осы топырақтың даңқты перзенті, Жетісу өлкесінен алғаш болып 1886 – 1890 жылдары Петербордағы Императорлық университте оқып, жоғары білімді игерген Барлыбек Сырттанұлының ұсынысымен Каир университетінің түлегі, Теке шаһарының тумасы, өз заманының интеллектуал, парасатты адамы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Қарқаралы қаласының тегеурінді перзенті, қазақтың алғашқы оқымыстыларының бірегейі, «Оқулық», «Ең жаңа әліппе», «Иман һәм намаз яки мұсылмандық» кітаптарының авторы Мұстақым Малдыбайұлы, Кереку қаласының зиялысы, ХХ ғасырдың бұлбұлы атанған Майра Уәлиқызы бастаған тұлғалар қоныс аударып, қазақ баласының сауат ашуына, дүние ілімін, дін ілімін үйренуіне жол ашу үшін оқытушылық қызметке қабылданады. Аузымен құс тістеген игі азаматтардың Қарағашқа келуі – прогрессивті ойдағы жаңа буын, жас ұрпақтың қалыптасуына, елшіл, жершіл тұлға болып өсуіне зор еңбек сіңірді. 1909 жылдан революция орнаған кезеңге дейін Қарағашқа, «Мамания» мектебіне Алаштың игі жақсылары жиі-жиі келіп, оқушы қауыммен кездесіп, түрлі әдеби жиындар ұйымдастырып тұрды. Қарағашқа сонау Қазан, Уфа, Троицк, Орынбор, Омбы, Петербор қалаларында басылып шығатын мерзімді басылымдар мен кітаптар қап-қап болып келіп тұрады. Қазақтың тұңғыш Конституциясын жазған атақты Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлы да Патшалық биліктің ұлық қызметінен босаған соң, өмірінің соңына дейін осы мектептің оқу-әдістемелік жұмысына жегіліп, қараңғы жұрттың болашағын жарық сәулеге айналдыруға әлеуетін сарп етті.

 

      1905 жылғы «Қарқаралы петициясынан» соң, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі, заң магистрі Жақып Ақбайұлы Семей облысы губернаторының шешімімен Қапалға айдалады. Қапал қаласына жер аударылып келген, саяси қуғынға іліккен азамат осы дуанның алдаңғы қатарлы азаматтары Сейітбаттал қажы, Есенқұл қажы, Барлыбек, Тұрлыбек Сырттан балаларымен және Көлбай Тоғысовтармен танысып, қоян-қолтық араласа бастады. Уезд бастығының рұқсатымен бір екі күнге Қарағаш қаласына келіп, мектеп оқушыларымен жүздесіп, құқықтық ілім негізінде дәріс оқығаны бар.

 

     Алаш қозғалысының айбынды ері Міржақып Дулатұлы Орынбордан Омбыға, Семейге, Аякөзге ресми сапармен келгенде, Қапал қаласына арнайы ат басын бұрып, Маман қажының зәузаты қоныстаған шаһарға аялдап, Сейітбаттал ағасы мен Есенқұл інісі үшеуі алқалы жиын ұйымдастырып, Алаш мұратын дәріптеген ді. Осы сапарынан соң, өз көзімен көргенін әсерлі жолжазбаға айналдырып, «Қазақ» газетіне көлемді мақала жазған. Мақаласында Маман, Тұрысбек балаларының игі бағыттағы қызметтеріне дән риза болып, мұқым қазаққа ақ адал жандардың өнегесін насихаттаған еді.

 

      Біз, 2017 жылы осы қасиетті бақ мекенге барып, Маман қажы әулетінің қорымына зиярат етіп, құран бағыштап, әзіз жандардың рухына батиқа қылып едік. Басынан түрлі кезеңді өткерген, бағынан гөрі соры басым қаланың орнындағы кәрі тарихтың куәгері - Қара Ағашпен сырласып едім. Сол кезде ескі жұрттың орнын көріп, бір замандарда ірі өркениеттің бесігі болған, қазақтың көшін алға сүйреген династиялы әулеттің еңбек тері, ақ адал кәсібімен нәсібін тапқан сәуле шағы, барақатты дәуренді дидарын ойлап, жүрегім езіліп, көзімнен көл боп жасым ағып еді... Бір замандары Ежен жотасында Маман, Тұрысбек балалары асыр салып ойнап еді. Бір замандары Ақсу, Қапал болыстарына қарасты елді мекеннің балалары «Мамания» мектебінде оқып, қаріп танып, дүниеге жаңаша көзқараспен қарап, бой түзеген еді. Келмеске кеткен сол жылдары Алаштың аймүйіз серкелері осы жерде алқалы топ құрып, ұлттық бұлқыныс, арайлы азаттық туралы отты сөздерін айтып, дүйім елді бір тудың астына жиып еді. Иә, бір кездері солай болған еді... Сосын,  қасіретті 1917 жылы революция орнап, адамзат аңтарылып тұрған өтпелі кезеңде шоқпар айбатымен билікке жеткен сұмырай большевиктердің кесірінен әлемдік өркениет ошағы өртке оранып, жалын құшағында қалды... Қазақ рухы, қазақ жомарттығы, қазақ данышпандығы бәрі-бәрі қызыл жалынмен алаулап жанып кетті...

 

       PS:  Бүгінде кешегі Қарағаш қаласының, «Мамания» мектебінің тек орны ғана қалған... Ал құт бабаның қорымы қалың нулы арамшөптің арасында елеусіз қалған. Үркіншілік заманында жұрт босып, басы ауған жаққа үдере көшкен. Зираттардағы көктастар ұрланған.

 

       Егер, Елбасы Н. Назарбаев ұсынған озық идеялы «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында осы қала мен мектептің орнын, атақты Маман зәузатының қорымын ерекше қорғауға ие ескерткіштердің сапына кіргізіп, күрделі жөндеу жұмысын ұйымдастырып, ашық аспан астындағы музей ретінде ашса, кем дүниенің бір «әттеген-айы» түгенделіп, баба тарихымыздың бір тармағы қайыра жазылар ма еді...