7 Мамыр, 2019
ОТАН АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТ

Қазақстанда бір жылда 18 бен 28 жас аралығындағы 250-300 мың адам тіркеледі. Соның 25 мыңы ғана әскер қатарына алынады. Демек, әскер жігіттерге зәру емес. Жігіттер әскерге зәру.


Қазақстан Республикасының әскерлері:



Мемлекеттік күзет қызметі – күзетілетін обьектілер мен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жасақ. Бұл қатарға жылына 200-400 адам ғана алынады. Мектепті, ЖОО-нын үздік тәмәмдаған, үлгілі отбасынан шыққан адам осы жасақ құрамына өтуге үміттенсе болады.



Шекара әскерлері – мемлекеттің шекарасын қорғауға және күзетуге, мемлекет шекарасына заңсыз өтуге талпынғандарды бұғаттауға, елдің тыныштығын қамтамасыз етуге арналған арнайы әскер. Бетін аулақ қылсын, әрине, бірақ елге төнген қауіппен бетпе-бет кездесетін әуелі осы шекарашылар. Тәулігіне 24 сағат оқтаулы автоматпен жүретін психологиялық тұрғыдан салмақты жігіттер осы бөлімге алынады.



Десанттық-шабуылдау әскері – жауынгерлік даярлығы жоғары, тез жұмылдырылатын, аз уақытта әртүрлі масштабтағы қақтығыстарды шешуге арналған әскер тегі. Қақтығыс кезінде алдыңғы шепте жүретін де осы десанттықтар. Кез-келген уақытта, кез-келген жерге әуеден түсіп, тойтарыс бере кету екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Десанттықтардың мықтылығы осында.



Теңіз жаяу әскері – әсери-теңіз базаларын қорғауға, порттарды күзетуге арналған теңіз десанттары құрамында ұрыс қимылдарын жүргізетін арнай дайындалған әскери флот. Шоғарғы ауа температурасына қарамай дайындық жүргізе беретін бұл шепке өтушілерді іріктеу өте қатал болады. Бұл бөлімге психикасы да, білегі мен жүрегі де мықтылар топтасады.



Жаяу әскер – құрлықтағы ең көп санды және құрлықтағы әскерлердің ең негізгісі болып есептеледі.



Ұлттық ұлан – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші күш. Ең көп ерлік жасаушылар осы «ұлттық ұлан» қатарындағы жігіттер болып есептеледі. Осы ретте «ұлттық ұланның» баспасөз қызметіне алғыс білдіріп қоюға да болады.



Еленбей қалған ерліктер



Шекараны бұзып өткен қытайлық азаматты алты сағаттан соң ұстап әкелген шекарашылар бар. Түңгі бірде өтіп кеткен заң бұзушыны ұстап әкелуге рұқсат қағазын таңертең ғана береді. Ізі суып кетсе де іздеп жүріп, 8-9 шақырым Қытай территориясына сіңіп кеткен адамның үстінен түсіп, Қазақстанға алып келген мықты кинологтар бар. Қытай кинологтары тәрбиелеген иттер таба алмаған адамды Қытайдан алып шығып, Қазақстанда соттап, айыппұлын төлеттіріп, өздеріне қайтып беру бұған дейін болмаған.



Төрт бұзақыны жалғыз ұстап әкелген жігіттер де бар. Шекараны майда-шүйде адам бұза бермейді. Оны да небір жанкештілер жасайды. Осындай адамның төртеуін жалғыз ұстау, шынменен, ерлік-ақ. Бұл еске түскендері ғана...



Арнаулы мақсаттағы жасақтар:



«Қалқан» жауынгерлік қорғаныс бөлімшесі – Қазақстан Республикасы Президентінің қауіпсіздігіне жауапты. Қазақстан Республиксы Президентінің күзет қызметіне қарайды.



Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты  «Арыстан» (бұрынғы «Альфа») арнаулы жасағы мен Республикалық гвардияға қарасты «Көкжал» арнаулы жасағы терроризмге қарсы күресу мақсатында құрылған.



ҚР ҰҚК қарасты «Қуат» арнаулы жасағы еліміздегі қылмыстық ахуал ушығып тұрған аймақтарды бақылауда ұстау үшін құрылған.



«Барыс» барлау қызметі. Қорғаныс министрлігінің жасағы. Мемлекет ішінде де, мемлекет сыртында да барлау жасаушылар. Қатты қажеттілік болған жағдайда ғана қарулы қақтығыстарға араласады.



Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтары:



«Сұңқар» – резервтегі негізгі күш. Құрамында мыңнан аса жауынгер бар.



«Бүркіт» – аса қауіпті қылмыскерлерді тұтқындау мақсатында, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған арнаулы жасақ. Құрамында 500 жауынгер бар.



«Арлан» – арнаулы жасағы қандай да бір қақтығыс орын алған жағдайда жедел іске кірісетін 470 адамнан тұратын шағын құрлымдық күш.



«СОБР» – 929 әскерден тұратын қоғамдық тәртіпті қалыпқа келтіруші күш.



                                                         Әскери қызмет ұлды азамат ете ме?



«Әскерге бару – уақыт өлтіру емес. Бір жылда біршама дүниені үйреніп, қалыптастырып ала аласыз. Бастысы, сенімді досты да осы жерден таба аласыз. 11 жыл бір партада отырып, тай-құлындай тебісіп бірге өскен дос та, бір жылды ғана бірге өткізген әскердегі достар да бірдей дәрежеде болады. Оның себебі біреуімен бірге өскенің, екіншісімен өмірдің ең бір ұмытылмас кезеңін бірге өткізгенің.



Әскерде болған адам нені үйренеді? Ерте тұруды, таңертең жүгіруді, уақытты үнемдеуді үйренеді. Байқасаңыз, бұл қасиеттер жетістікке жету үшін аса маңызды. Әскерде адам тағдыры санаулы минуттарда шешіледі. Табысқа жету үшін де әр минутты бағалау аса маңызды. Күнделікті өмірде мән бере бермейтін маңызды дүниелерді сол бір жылда бойыңа сіңіріп қайтаратын күш бар әскерде. Ол уақытты үнемдеу болсын, ол салауатты өмір салты болсын, ол жігіттік қасиеттер болсын», дейді «Ақсауыт» әскери-патриоттық бағдарламасының жүргізушісі Ернұр Нұрғали.



Әскерге мықтылар ғана таңдалып алынады. Жалпақ табандық секілді кей денсаулық ақауларына бұрын көзжұма қарау болды. Қазір ол жоқ. Өйткені 300 мың жігіттің ішінен 25 мыңын іріктеу аса қиын емес. Денсаулығы мықты, жан-жақты білімі бар жігіттер әскер қатарынан табылады.



Жалпақ табандық демекші... 2013 жылдан бері балалар дәрігерлерін оқытпаймыз. Ондай мамандық жоқ енді. Осының орны білінеді. Балалар дәрігері жаңа туған баланың қай жерінде қандай олқылық барын анықтап, орнын алуға, емдеуге тырысатын. Емдейтін де. Қазір әскер қатарына қабылдаудағы медициналық тексеріс кезінде әртүрлі сырқаттар мен диагноздар анықталып жатады. Оны емдейтін уақыт әлдеқашан өтіп кеткен.



Қазір он адамның сегізі әскерге жарамайды. Бұл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ғана. Біреуінің бел омыртқасы зақымдалған, біреуінің көзі көрмейді. Балалар емханасы болғанда 16 жасқа дейінгі жастар сол емханаларға қаралатын. Емделіп, әскер қатарына шақырылғанға дейін денсаулықтарын оңалтып келетін еді. Қазір барлығын бір ауруханада емдейді. Кезекте тұруға, күтуге көп жастардың шыдамы жетпейді. Сырқатын арқалап аталмыш медициналық тексеріске дейін жүреді. Осы олқылықтардың орны толса дейміз. Осындай қызықтар бар қазақ даласында...



Сұлтан МҰСТАФИН,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz