17 Қазан, 2018
Отан үшін отқа түскен Бауыржан Момышұлының ерлігі - ұрпаққа өнеге

 «Шаңтимес»  деген лақап атқа ие болған Бауыржан Момышұлы қазақ халқының жанашыры, кеңес одағының батыры, халық қаһарманы, қолбасшы, көрнекті жазушы.


Ол 1910 жылы 24-желтоқсан күні Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ (Көлбастау) ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Он үш жасынан бастап  кеңестік интернатта тәрбие алады. 1929 жылы «Әулие Ата» тоғыз жылдық мектебін тәмәмдаған. Бетпақдала жерінде мұғалім болып қызмет атқарады. Әр саланың игеріп әкететін ерекше қабілетінің арқасында Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып та қызмет атқарған. Ат үстінде қылышпен ойын көрсетуде асқан ептілік танытып, Буденныйдың көзіне түскен. 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте сабақ берген. 1932 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында мансапты қызмет атқарады. Кейін әскерге шақырту алады.



Бауыржан Мо­мыш­ұлы: «Мен соғыс туралы жазамын, бірақ соғысқа қарсымын», дейді. Арына дақ түсірмей өткен азаматтың әскери өнер мен соғыс­тың философиясына байланыс­ты «Қанмен жазылған кітап» деп аталатын шығармасы батыр­дың 1944 жылы Алматыға келіп, сондағы зиялы қауыммен бес күн бойы өткізген дәрі­сінің стенограммасы негізінде жария­ланған.



Ол соғыстың философиясы мен психологиясын терең­нен қозғайды, соғыстағы адамның орны мен оның рухани-адамгершілік құнды­лық­­тары әрбір эпизодтан аңғарылып тұра­ды, әскери өнердің тактикасы мен стра­тегиясы қысқа әрі нұсқа стильде сөз бола­ды. Бұл шағын еңбек басынан аяғына дейін шынайы әрі өткір ойларға, ойдың тобықтай түйінін білдіретін сентенциялар мен афоризмдерге толы, олар ел аузын­дағы қанатты сөздерге айналып кетті. Мә­тін­нің жігерлілігі сондай, оқырманның қанын тасытып, жанын толқытып, кейде көзге жас келтіріп, таза да шынайы пат­риоттық сезіммен баурап алады. Гвардия полковнигінің терең біліміне, нәзік бай­қам­паздығы мен сезімталдығына, соны­мен бірге қатаң талап қоя білетін жауапкершілігіне еріксіз тәнті боласыз. Естуі­міз­ше, Баукеңнің осы бағыттағы туын­ды­лары Шығыс Еуропа, Орталық Америка елдерінің, тіпті Израильдің әскери оқу орын­дарында арнайы оқытылатын көрі­неді. Біздің елімізде болса, Б. Момыш­ұлы­ның соғыс теориясы мен философиясы мә­селесі әлі беті ашылмаған тың күйінде қалып отыр. Өмірге құштарлық, тірі қалу­ды құмарлана аңсау, өлімді жеңу – өлім­ді өмірдің атымен бар ашуыңмен өл­тіру үшін оған қарсы жүріп бетпе-бет келуге мәжбүрлейтін, адамға өлімді жек­кө­рінішті ететін шайқастағы ең басты қоз­ғау­шы күш. Өмір – сарбаздың туы».



Со­ғыс ешқандай шашыраңқылықты көтер­мей­ді. «Шеру мен шайқастың ара­сында қандай айырмашылық бар? Нағыз шеру, әскери күштердің нағыз бай­қауы, олар үшін ең жан-жақты, ең қатал сынақ – шайқас. Әркімнің тағдыры, халықтың тағдыры, елдің тағдыры шешілетін бұл нағыз шеруде әдеттегіден ерекше қатаң, жинақы, мұнтаздай таза, ұқыпты әрі әдемі болу керек», – дейді ішкі тазалы­ғымен қа­тар, үстіне қылау түсірмейтін, жан таза­лы­ғы­мен қатар, тән салауат­тылығын сақ­таған Баукең. Батыр адам мен адам соғыс­қанда, олардың әсер ету құралдары бірдей болғандықтан, оның соншалықты қорқы­нышты емес екендігін, ал «қорық­қандарға қос көрі­нетінін», шайқаста адам бойын­дағы бар­лық жақсы және жаман қасиет­тердің барынша ай­қын­далатынын айтады...



«Отанды сүю – иманнан», деп хадисте айтылғандай, Бауыржан елім деп еңіреген ерлердің санатынан еді. Ол «қазақ халқы дәл осы Ұлы Отан соғысында өзін ха­лық ретінде әлемге танытты, аса бай тә­жірибе жинап, жоғары көтерілді», дей оты­рып, осы ұлт өкілдерінің бұл соғыста көрсеткен ерліктерінің еленбей қалып жатқанына, тарихтың айнасынан бейнеленбей жатқа­ны­на қынжылыс білдіреді: «Сарбаздың ерлігін ұрлау – адам кейпіндегі хайуанның ең төменгі қылмысы», «Командир сарбаздың ерлігін бағалауы тиіс», «Сіздер үшін де қан төгіп, өмірін қиған жігіттердің жарқын да жалынды есімдері немқұрайдылықтың сал­қын желімен сөне бастады», «Батыр­лық­ты ұмыту – халықтың трагедиясы. Тарих мұны бізге кешірмейді».



Соғыстың мәні мен мазмұны, оның адамға, қоғам мен мемлекетке тигізетін әсері жайында айтылған батырдың ойлары өте көп. Және бұл ойлардың астарында терең дүниетаным мен философия жатыр. Мысалы үшін, олардың кейбіреуін келтірейік. «Даналық шығармашыл ойдың мәйегінен тұрады, ол өткеннің тәжірибесін, осы шақтың са­лауат­ты талдануын және болашақты бол­жау­ды бойында қорытады». «Сынақ ер кісіні шынықтырады, қорқақты шаршата­ды». «Адамгершілікке шақырып ақыл үй­рету кейде адамгершілікті қашырады». «Екі­жүзділіктің балына тойынғанша, әділ­дік уының ащы дәмін татқан артық». «Бар­лық халықтар ұлылық пен әдемілікке қабілетті». «Құтылу қашуда емес, қорға­ну­да және шабуылдауда». «Соғыс­тағы ең мықты қару – адамның жаны, ал оның оқ-дәрісі – рухани азық-түлік». «Майданда сарбаздар өз ана тілінің, туған әде­бие­ті­нің, ән-күйінің қорынан ең қарапайым, аз да болса үлесін ала алмаса, мен мұны қылмыс деп есептеймін». «Тобыр әскер емес және әскер де тобыр емес». «Ақыл бәріне берілген, ал жүрек барлығына емес». Бұл қанатты сөздерді ары қарай жалғастыра беруге болады.



Бауыржан Момышұлының шендері мен марапаттары.



1942 жылдың қазанында Бауыржан подполковник шенін алады. Ал сегіз айдан соң полковник шеніне көтеріледі.



1945 жылдың 21-қаңтарында Бауыржан Момышұлы Бірінші Балтық жағалауы фронтының 6-шы гвардиялық әскерінің 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып тағайындалады.



Бірінші дәрежелі «Қызыл Ту ордені мен (2 рет)», «Ленин», «Отан Соғысы» ордендерімен, «Әскери шайқастағы еңбегі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» орден және медальдарымен марапатталған. 1990 жылы 11-желтоқсанда Кеңес Одағы құламай тұрып ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен «Бауыржан Момышұлына Ұлы Отан Соғысындағы ерліктері үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы» жарлық шықты. Негізінде, Бауыржан Момышұлына бұл атақты беру жайлы 1942 жылы Мәскеу түбіндегі ұрыстардан кейін ұсыныс жасалынған болатын. Алайда, ол ұсыныс ол кезде көздеген мақсатына жете алмады.



Соғыстан кейінгі жылдардағы Бауыржан Момышұлы.



1948 жылы Генералдық штабтың әскери академиясын аяқтады. 1950 жылдан бастап «Тыл және Кеңес Армиясын қамтамасыз ету» әскери академиясында аға оқытушы болып қызмет етті. 1955 жылдың желтоқсанынан бастап запастағы полковник. Б.Момышұлы Қазақ Кср Жазушылар одағының мүшесі болды.



1982 жылы 10-маусымда Алматыда батыр Бауыржан дүниеден өтті.



Бауыржан Момышұлының әдебиетке араласуы.



Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады.



Бауыржан Момышұлы әдебиетке ерекшелікпен келген екен. Оқырман қауым батырды алдымен шығармалардың авторы ретінде емес, шығармадағы ержүрек кейіпкер ретінде таныды. Дәлірек айтар болсақ, Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» («Волоколамское шоссе») повесті арқылы танылған болатын. Повестің басты кейіпкері панфиловшы офицер, мәскеуді қорғауға қатысқан батыр – Бауыржан Момышұлы. А.Бек бұл еңбегін батырдың әңгімелері мен еске түсірулерінің желісімен жазған болатын.  



Бауыржан Момышұлы – «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас» әңгімелерінің, генерал И.В.Панфилов туралы «Біздің генерал» өмірбаяндық повестер мен әңгімелер жинағы кітабының авторы. «Біздің отбасы» туындысы үшін 1976 жылы «Кубалық кездесулер» атты очерктік шығармасын жазды. «Москва үшін шайқас» шығармасы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасының жалғасы болып табылады.



Ел аузындағы әңгімелер Б.Момышұлының мінезінің тік болғандығын айтады. Ол кісі өте қайсар болған. Шындықты жаны сүйетін, өтірікшілер мен қорқақтарды жек көретін ержүрек адам болды. Оның бойындағы қазақы қасиеттер молынан болды. «Момышұлы» деген тегінің өзі үлкен бір қайсарлықтың арқасында солай аталды. Кеңес заманында қазақтың тегіне шектеу қойып, -ев немесе –ева деген жалғауларды жалғатып қойған шақта Бауыржан Момышұлының қайсарлығы ғана өзінің қалаған тегін алып жүруге мүмкіндік берді.



Бауыржан батыр шындықты жақсы көретін адам болған. Онымен бірге болған әріптестері Бауыржанның шындықты сүйгіштігін аңыз қылып айтады.



Б.Момышұлы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» повесті жазылған кезде басты кейіпкер болады. Оның әңгімедері мен еске түсірген оқиғаларын қағазға түсірген Бек болған шайқастар мен оқиғаларды қатты әсерлеп, тіпті, Кеңес әскерінің жеңіліске ұшыраған кездерін жазбай қойса керек. Сөйтіп қолжазбасын Б.Момышұлына оқытады. Оқып болған соң, А.Бекпен болған келесі бір әңгімесінде оның жазғандарының кей жері шындыққа жанаспайтындығын және шындықты шындық етіп жазу керек екендігін айтады.



Отан соғысының ардагері Алексей Абрамов Момышұлы жайлы былай дейді: Тарихқа Клочковтың «Ресей ұлан – ғайыр, артымызда Мәскеу, шегінерге жер жоқ» деген сөзі кірген. Осындай ұлы сөзді Бауыржан Момышұлы айтқан. Ол алдында жатқан картаны өртеп жіберіп, «Бізге Мәскеуден ары батысқа қарай карта керек емес, не жаудың бетін қайтарамыз, не осы жерде өлеміз» деген. Бұл Ұлы жауынгерлердің қасиетті сөзі.


Ruh.kz
Socialego.mediasole.ru