27 Наурыз, 2019
ОТАНДЫ СҮЮГЕ ШАҚЫРАТЫН СПЕКТАКЛЬ

Ұлы Ғабең, сөз зергері, академик-жазушы Ғабит аға Мүсірепов «Театр –  хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген екен. 


Бүгін, сол «хас сұлудың» өзіндей көркем, оның «көз жасындай» лағыл бекзада өнер түрі – театр өнерінің төл мерекесі. Халықаралық Театр күні. Елімізде бүгінгі таңда алпысқа жуық театр шаңырақтары бар екен. Әр театр –  еліміздің рухани-мәдени дамуына үлес қосып келеді. Елорда мен Алматы, Шымкент қалаларынан бөлек, облыстардағы театрларымызда жас есім драматург, режиссер, актер тағы басқа өнер адамдарын танытуға, талантын ашуға зор еңбек сіңіруде.

Қазіргі таңда бір шоғыр жас драматургтардың есім-сойы қалыптасты. Сол жас үмітті толқынның бірі – жас жазушы, драматург, халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты Әлібек Байбол. Әлібек Уәлиханұлының есімі – оқырман қауымға, театрсүйер қауымға жақсы таныс. Оның әдеби шығармашылық қоржынында үш прозалық кітап бар. Сонымен қатар, ол бірқатар пьесаның авторы. Бүгінде жазған драмалық шығармалары еліміздегі театрларында жиі қойыла бастаған қаламгер. Жақында, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры біздің кейіпкеріміздің «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты кезекті жаңа туындысын сахналап, премьерасын өткізбекші. Бір қызығы – автордың бұл шығармасы ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мемлекеттік бағдарламасында айтылған ұлттық идеологиялық міндеттерді жүзеге асыруға және жастар мен жасөспірімдерге патриоттық, Отансүйгіштік тәрбие беруге, ұлт тарихы мен құндылығын сүюге шақыратын, көрерменнің дүниетанымын кеңейтуге арналған туынды.

Көркем әдебиет арқылы ұлтты сүюді, мемлекеттік идеологияны дәріптеп жүрген жас қаламгердің жаңа шығармасы хақындағы пікірін оқырман назарына ұсындық.

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург:

         Сахнаға жол тартқан ең алғашқы пьесам «Әріптер әлеміне саяхат» деп аталады. Аталған драмалық шығармам былтыр Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған еді. Режиссеры – Сағызбай Қарабалин. Одан кейін ағылшын драмашысы Рэй Кунидың «Туған күн» («Смешные деньги») комедиясын орысшадан қазақшаға тәржімалап, ол Елордадағы Қазақтың Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында қойылды. Режиссеры – Болат Ұзақов. Енді міне, Жаратқан Жаппар Хақ амандығын берсе, тағы бір премьерамның тұсауы кесілгелі тұр. Бұл – Павлодар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Қазақтың Ж.Аймауытов атындағы музыка-драма театрында қойылғалы жатқан «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты ертек. Бұл туындының негізгі айтар ойы, түпкі идеясы – кез келген жаратылыс бойындағы бауырмашылдық, жақындық, ізгілік атаулыны жоғалтпау жолындағы күрес. Соның аясында кішкентай көрермен қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Пьесада 9 кейіпкер бар: Сиқыршы, Барысбай, Жылқыхан, Алмагүл, Темірғазы, Қызғалдақ, Робот (Құлтемір), Бөрібек пен Алтын адам. Арғы жағын тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Себебі, қызықсыз боп қалады...

Айрықша алғысымды, сол Театрдың басшысы – Арман Темірбек мырзаға, Көркемдік жетекші, өнер жанашыры – Ерлік Жуасбекке, ертектің қоюшы режиссеры, болашағынан зор үміт күттіретін талант иесі, білімді де сергек жас – Әділет Ақанға және жұдырықтай жұмылған ұжымға айтқым келеді. Бұрындары Ерлік Тілеуқұлұлының атына сырттай қанық ем. 2019 жылдың ақпанында танысып, жүздесіп, сөйлесіп, шығармашылық байланыс орнатып, алға қойған жоба-жоспарлар жөнінде ақылдасқан ек. Сонда, Ерекең: «Балаларға арналған бір жақсы ертек жазып берсең...» – деп қолқалады. Мен көп ойланбастан келісе кеттім. Өйткені, «Әріптер әлеміне саяхаттан» соң өзім де татымды дүние жазғым кеп жүрген. Содан, Әділет Ақанмен хабарласып, жазғанымды шетінен жіберіп, оқытып отырдым. Сөйтіп, «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты туынды туды. Ол орыс тілінде де ойналады. Атауы – «Семь игрушек или кто первый?». Бұл – қойылымды тек қазақ қана емес, орыстілді аудитория да көрсін деген ниет. Аталмыш театр «Жеті ойыншықтың жеңісін» Фестивальға қатыстырмақшы екен. Оларға сәттілік тілеймін. Таяуда Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыка-драма театры Алматыға ат басып тіреп, гастрольдік сапармен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына келеді. Қойылым 2019 жылдың 10-13 сәуір аралығында сағат 11:00 мен 12:30-да өтеді.

 

Қазір артистер қызу дайындық үстінде. Шығарманың сахналық үлгісі қандай болатыны автор ретінде өзіме де аса қызық боп тұр. Бәріңізді театрда күтеміз...

Бүгіндері: «Драматургтар жоқ!» – деген жаттанды сөз көп айтылып жүргені даусыз. Мұнымен келіспеймін. Өйткені, Біз – бармыз. Әннас Бағдат, Ықылас Шалғынбай, Қолғанат Мұрат, Айдана Аламан, Әлішер Айтуар, Хан Асанов, Мерей Қосын секілді қатарлас-қанаттастарымның аяқ алысына көңілім толады, әрі келешекте осы жас қаламгерлерге үміт артамын.      

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Ruh.kz


Ruh.kz
Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыка-драма театрының баспасөз бөлімі