28 Қазан, 2018
Отырарлық меценат ауылдастарына мешіт салып берді

Түркістан облысы, Отырар ауданына қарасты Шәуілдір ауылында елі үшін етігімен су кешуге даяр азамат ауылдастарына бір мезетте мың адамды еркін қабылдайтын мешіт салып берді. Еңселі жаңа мешітке «Есен ана» деген атау берілген. Күллі мұсылман жұрты ауылдарында ашылған «Алла үйінің» ашылу салтанатына жиылды. Мұсылмандар бас қосатын киелі орынның лентасын қию рәсімін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз жасады.


Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағыты аясында еліміздегі қалталы азаматтардың көпшілігі өздерінің кіндік қандары тамған өлкелеріне қолдарынан келгенше көмек көрсетуден бәсекеге түсуде.



Әр аймақтың меценаттары жағдайларына қарай мектеп, медициналық орталық, монша, ойын-сауық орталығы, мешіт, жол, балабақша, аз қамтылған отбасыларға баспана салып беруде.



Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағыты аясында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» атты акция жариялаған еді. Жоғарыда аталған «Есен ана» аталмыш акция аясында отырарлық кәсіпкер Өскенбай Үсеновтың жеке қаражатына салынған.



Заман қанша өзгерсе де, әлем халқы төртінші индустриялық революцияға көшіп жатса да, мұсылмандығынан айырылмаған қазақ – әрқашан қазақ. Тектіліктің тереңдігі, ерек қасиет, жетімі мен жесірін жылатпағадығы, қара қазан, сары бала қамы үшін ерге қонған рухы қазақты әрдайым абыройдың биігінде ұстап келеді.



Бір ауыл мұсылмандарына Аллаға құлшылық жасайтын орын салып берген меценат Өскенбай Үсенов те сондай текті қазақтардың бірі.




"Ұлық Алланың қалауымен біздер Ұлылар отаны атанған – Отырар ауданында мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені – зәулім мешіттің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Мешіттен аттап өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. Алланың қаһарынан қорыққан жан құлшылық жолында жүрмесе де, дүниеден қайтқан аруақтардың рухтарына «Құран» бағыштатып, садақасын салып, басына саулық, отбасына амандық, ел-жұртына тыныштық тілейді, шын жүрегімен езіліп, шүкірлік айтады. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын", – деп ақжарма тілегін айтқан бас мүфти жаңа мешітке қасиетті «Құран» кітабын сыйға тартты.




Бас мүфтиден кейін сөз алған Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов аудандағы қалталы азаматтар туған жердің көркеюіне белсенді атсалысып жатқандығын мәлімдеді. Аудан әкімінің айтуынша, аз уақыт ішінде меценаттар көмегімен ашық спорт алаңдары, жабық спорт кешені, 5 ауыл округіне мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты ортаға бейімдеу орындары, ҰОС ардагерлерінің құрметіне арналған мемориалдық кешен салынып, халық игілігіне пайдаланылып жатыр.




"Мешітті салу туралы ой туған жерге деген іңкәр сезім мен ыстық ықыластан туындады. Руханиятқа тұнған, шежірелі тарихты мекеннің халқы қай кезде де өзіндік рухани биіктігімен үлгі болуы тиіс. Біздің ел мен туған жерге деген махаббатымыз перзенттік парызымызбен келешек ұрпаққа тәрбие болып қаланары хақ. Рухани өлкедегі рухани серпіліс, рухани жақсылық, жаңалығымыз азаймасын. Бабалар қалдырған тарих мирасын жандандыруға, ажарландыруға үлес қосу баршамыздың парызымыз. Жерлестерімді туған жерді түлетуге атсалысуға шақырамын", – деді «Есен ана» мешітін салдырған кәсіпкер Өскенбай Үсенов.




Салтанатты шара соңында аудан әкімі Бас мүфтиге Арыстан бабтың мөрі бейнеленген қолөнер туындысы мен «Отырар тарихы» атты аудан тарихы жинақталып, үш тілде баспадан шыққан кітап-альбомды сыйға тартты.



Сонымен қатар, Алла үйін салдырып, мол сауапқа кенелген азаматқа разы болған отырарлықтар атынан Жаңабай Әлсейітов ақ боз ат жетектетті. Ал ақсақалдар алқасы қайырымды кәсіпкерге алғыстары мен ақ аталарын жаудырды.



Рәсім соңында жаңа мешітте жамағат болып намаз оқылды. Өзге жігіттерге үлгі болатын отырарлық кәсіптерге қайта-қайта алғыс білдірген отырарлықтар осылай тарады.


Ruh.kz
baq.kz/