28 Желтоқсан, 2017
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»

«Рухани жаңғыру» Бағдарламасы аясында Ақтөбеде ағымдағы жылдың 27-желтоқсан күні «Мемлекеттік тіл - болашағым» тақырыбында қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшаларда оқып-тәрбиеленетін өзге ұлт өкілдері балаларымен кездесу өтті.


Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты: ұлттық бірлік, толеранттылық, теңдікке негізделген жаңа қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы мен дамуына бағытталған Елбасы Н.Назарбаевтың саяси бағытын қолдау, мемлекеттік тілді насихаттау, оның мәртебесін көтеру және қолданыс аясын кеңейту, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін кеңінен қолдануды жетілдіру.  



Шараға балаларын қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшаларға берген өзге ұлт отбасылары, тәрбиешілері мен жетекшілері, тіл жанашырлары, бірқатар облыстық басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының, этно-мәдени қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.



Қазіргі таңда облыс тұрғындары ішінде өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ мектептеріне беру үрдісі қалыптасуда. Облыстағы балабақшалар мен шағын орталықтарда 1358 бүлдіршін, жалпы білім беретін мектептерде 1660, орта арнаулы оқу орындарында 273 бала қазақ тілінде білім-тәрбие алып отыр. Бұл өзге ұлт отбасыларының балаларының болашағын Қазақстанмен, қазақ тілімен байланыстыруының бірден-бір дәлелі. Бұл туралы шараға қатысқан 13 өзге ұлт өкілінің балалары білдірген айшықты ой-пікірлерден анық байқалды. Солардың бірі Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, филология факультетінің 1-курс студенті, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушы Абасттар Зулфинор Алханқызы:




«Менің аты-жөнім Абасттар Зулфинор Алханқызы. Ұлтым – өзбек. Туып-өскен жерім – киелі Түркістан қаласы. Бүгінгі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқып жатырмын. Дүние жүзіндегі ең бай, ең көркем, ең әдемі тілдердің бірі саналатын қазақ тілінің қыр-сырын ғылыми негізде игергім келеді, ұлттық сана мен тарихтың алтын қазығы саналатын қазақ әдебиетінің жауhар туындыларымен танысқым келеді.» - деді.




Ақтөбе қаласы №40 орта мектептің 5 класс оқушысы, украин ұлтының өкілі Погорелова Арина Витальевна:




«Есімім – Арина, Ақтөбе қаласындағы  №40  орта  мектептің  5 «Б»  класында  оқимын. Кішкене кезімде Мәртөк  ауданында  тұрдым. Балабақшада  бірге  ойнаған  достарыммен ылғи қазақша  сөйлесетін  едім. Бір  күні  анам маған «Қазақ   ертегілері» деген кітапты сатып әкелді. Сол күннен  бастап мен қазақша ертегілер мен аңыздарды қызығып оқи бастадым. Мен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін жатқа білемін. Әңгімелерді де сүйіп оқимын. Маған қазақтың салт-дәстүрлері ұнайды, қонақжайлылығы мен бауырмалдығын да жоғары бағалаймын. Қазақ тілі – менің екінші  ана  тілім. Орыс тілінде де еркін сөйлеймін. Ағылшын тілін де меңгеріп жүрмін. Болашақта көп тіл білетін жақсы маман болғым келеді.» -  деген ойымен бөлісті.




Сол сияқты орыс ұлтының өкілдері Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті Шамей Марина Викторовна, Ақтөбе қаласы №6 «Орман ертегі» балабақшасының тәрбиеленушісі, 5 жасар Прихно Надежда Семеновна өз ой-тілектерін мемлекеттік тілде жеткізіп, мемлекеттік тілді білу – әрбір адамның жарқын болашағы деген түйінді ой айтты. Шара ұйымдастырушыларына алғыс сөзін ата-аналар атынан Погорелова Екатерина Владимировна білдірді.



Кездесу соңы Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г.Төлебаеваның мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге атсалысып келетін балаларға Алғысхат пен сыйлықтар  табыстаумен  аяқталды.



 


ruh.kz
Ақтөбе облысының "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі