14 Қыркүйек, 2017
Өзгере білу керек. Өткеннің шаңынан арыла да білу керек

Тарих ғылымы – адамды тәрбиелеуге арналған ғылым. Адамды тәрбилеуге арналған тарих ғылымымен сабақтас социология, саясаттану, мәдениеттану сияқты әртүрлі ғылым түрлері тағы бар. Біз соларды пайдалану арқылы талапқа сай, басқа  ұлттармен терезесі тең ұлттардың бірі болуымыз керек. Бұл өте маңызды идея. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасымыз: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді», - деді.


Расында солай. Бұл аксиоманың терең мәнін Президент аталған мақаласының қортындысында былайша түйіндеп берді:



«Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек.



Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.



Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс.



Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.



Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін.



Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы.



Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».



Иә, біз өткеннің шаңына көміліп қала бермеуміз керек. Баяғыда кеңес үкіметі кезінде біз туралы малшы, киіз үйден шықпайтын, қолына қамшы ұстайтын көзі сығырайған түземдік деген көзқарас қалыптасты. Енді сол шырмаудан  революциялық жолмен, үлкен қақтығыстар арқылы емес, эволюциялық жолмен шығуымыз керек. Бұны да Елбасымыз дұрыс ескертті. «Біз, - деді Президент, - тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен  мазмұны түбегейлі өзгерді.



Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.



Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс». Меніңше болғанда, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандық қазақ ұлтының байырғы бай мәдениеті мен салт-дәстүріне үңілуі керек. Ал, қазақтың мәдениеті де, руханияты да өте бай. Көне шаһарлар, кесенелер, қорғандар, ескерткіштер мен жәдігерлер жетіп артылады. Халқымыз тарихи тұлғалардан да кенде емес. Бүгінгі замананың да көшін бастайтын қаһармандары аз емес. Бүгінгі күннің белсенділерін елге таныту мақсатында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жүзеге аспақ. Патриоттық тәрбие, білімге ұмытылысты күшейту, көпшіліктің ой-өрісін кеңейтуді көздеген бастамалардың дені – жастар үшін! Демек, мақаланың өскелең ұрпаққа берері көп. Болашақ – бүгіннен басталады десек, сол болашақтың іргетасы берік қаланып жатқанына өз басым еш күмандабаймын.



 


Abai.kz