2 Шілде, 2018
Өзіңе сенімді бол!

Кез-келген түбегейлі шешімнің түкпірінде үлкен сенімділік сезімі сәуле шашып тұрады. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялаған кезде де осындай дәрежеде міндеттемелердің орындалуына сенімділік танытқаны күдіксіз.


Мемлекет басшысының аталған мақалада халықты прагматистік көзқараста болуға шақыратынын білеміз. Ал прагматизм дегеніміз – ірі игілікті немесе көлемді бастаманы бастар алдындағы батылдық пен сенім.



«Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды», - деп ұран тастаған Елбасы мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер қарастырылып тұрған кезде неге тартыншақтауымыз керек деген ойды сабақтап әрі қарай тарқата түседі.



Қоғамдағы сенім, адамдардың бір-біріне сенімі, ішкі сенім. Міне, сенімнің де осындай аталымдары бар. Өз қабілетіңе, өз дарыныңа, өз дәрежеңе сенім таныта білу – жетістік шыңына апаратын жетекші рухани құрал.



Сондықтан, өзіңе сене білу – бүгінгі қоғамның басты шарты. Өзіңе, өз азаматтығыңа сенім білдір. Егер сенімділікке ие болсаң, алдағы күндеріңде батылдық таныт. Тәуекелдерге бару да бұл ұғымға сыяды. Өзіңе сенудің маңыздылығы тамаша жеткізген хакім Абайдың сөзімен түйін жасалық:



«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен жүрегің екі жақтап!».


ruh.kz
Nurlybek Buhpin