23 Қараша, 2017
Павлодарда «ASARPVL» әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтуде

Павлодарда 15 үкіметтік емес ұйым 28 әлеуметтік жобасын таныстырды, деп жазады pavlodarnews.kz.



«ASARPVL» әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ішкі саясат басқармасы және «Павлодар облысының азаматтық альянсы» қауымдастығы ұйымдастырды.



«Аталмыш шараның мақсаты - азаматтық қоғам ұйымдары, бизнес пен мемлекеттік билік органдары арасындағы әріптестік қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ету. Жәрмеңкеде үш бағыт бойынша келесідей жобалар ұсынылады: мүмкіндіктері шектеулі адамдарды, тұрғындар мен жастардың әлеуметтік осал топтарын қолдау, экология және өлкетану, азаматтық қоғам ұйымдары мен әлеуметтік кәсіпкерлікті, қолөнер кәсібін дамыту», - деп хабарлады ұйымдастырушылар.  



Жобаларда ҮЕҰ қызметін дамытуға арналған идеялар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру және бизнестің әлеуметтік жауапкершілік бағыттары қамтылған. Іс-шараны өткізу барысында өңірдің мүдделі мекемелері мен азаматтық секторы өкілдерінің арасында меморандумдарға қол қойылады, деп күтілуде.



Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесі өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған пікірталас алаңында іс-шараға қатысушылар  пікір алысып,  толғандырған мәселелер бойынша кеңес алады.

 


ruh.kz