12 Ақпан, 2018
Павлодарлық облыстық музейде келушілерге сирек кездесетін экспонаттар таныстырылды

Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында«Туған жер – тұңған шежіре» атты акциясы өтті.


Акцияның басты мақсаты: мұражай қорында сақталып отырған құнды жәдігерлермен қала және қала қонақтарын жақыннан таныстыру, насихаттау. Осыған орай облысымыздың жер жерлеріне барып, тұрғындармен кездесіп, көне көз қарияларымыздан аңыз-әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдер, баталар жинақтау.



Сонымен қатар әдебиет пен өнерге елеулі үлес қосып ел арасында есімі елеусіз қалған жандардың өмірі мен шығармашылық жолы туралы мағлұматтар мен ұлттық құндылықтарымыз жөнінде тереңнен сыр шертетін жәдігерлер жинақтау. Акция жыл көлемінде жалғасады.



Дәл осы күні, мұражайда «Рухани қазына» атты көрме ұйымдастырылып, келген қонақтардың көңілінен шықты. Бұқар жырау Қалқаманұлының еңбектері, М.Ж.Көпеевтің қолжазбалалары (оның ішінде Абылай хан мен Бұқар жырау атырлы) мен бойтұмары, С.Торайғыровтың жеке заты, фото суреттері, «Айқап» журналында шыққан мақаласы, Е.Беркімбаевтың өз қолымен жазған өмірбаяны, толтырған жеке парақшасы, әндерінің нотасы, Қ.Қасымовтың өз қолымен жасаған домбырасы, ою-өрнектері және басқа да ақын-жазушылар, өнер майталмандарының заттары мен сирек кездесетін фотолары қойылады. Сонымен қарай музей қорында сақталып отырған қазақ және өзге ұлттардың музыкалық аспаптарды тамашалаған қонақтарға аспаптардың шығуы тарихы туралы айтып берген мұражай қызметкері М.Қ.Есмұқанов, барлық аспаптарда ойнап, өнер көрсетті. Сирек кездесетін кітаптардан А.Құнанбаев «Толық шығармалары» (1945 ж), Ж.Аймауытов «Қартқожа» (1926 ж), С.Торайғыров «Толық шығармалар жинағы» (1933 ж), «Қазақ халқының ертегілері» (неміс тілінде – 1950 ж), И.Байзақов «Кавказ» (1946 ж), Н.Баймұратов «Ер Төлеген» (1945 ж), В.Ивановтың «Бронепоезд 14-69» (1936 ж), неміс тілінде шыққан «Қазақ ертегілері» (1954 ж) сынды көптеген еңбектер қойылды.



Акция аясында өткен «Мұражай және қоғам» атты дөңгелек үстелге облысымызға танымал ақын –жазушылар, жас ақындар, «Сағым жылдар» ансамбілінің мүшелері (әжелер), жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары, журналисттер мен мұражай қызметкерлері қатысты. Мұражай басшысының міндетін атқарушы Жеңіс Нұртасұлы мұражайдың қоғамдағы рөлі жайлы түсіндіріп, барлық қатысушыларды бірге жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар, журналистер одағының төрағасы Арман Қани басталып отырған іс-шараның маңызды екендігін және мұражайға әрқашан қолдау көрсететінін білдірді. Сол секілді Ғ.Жұматов, А.Алақанұлы сөз сөйлеп өз ойларын ортаға салды. Шолпан Байғалықызы өтіп жатқан іс-шара өте орынды, әрі маңызды, ауыл ауылдарға бару қажет екенін және сол жерлерде поэзия кештерін өткізіп, жұртшылықты өнерге тартуымыз қажет екенін айтты, бүгінгі күні ақын-жазушылардың өлең-жырларын интернет желісіне көптеп жіберген дұрыс деген ой білдірді.



Дөңгелек үстел барысында мұражайда өтетін жаңа форматтағы іс-жоспарлармен таныстырылып, сол арқылы жастарды отансүйгіштікке, шығармашылыққа жебелеу, ақыл-ойларын жан-жақты дамытуға, әдебиет- өнерге қызығушылықтарын арттыру керектігі айтылып, талқыланды. Басқосу барысында жиналған зиялы қауым, жас шығармашыл топтар, журналисттер өз ойларымен бөлісіп, өңіріміздің әдебиеті мен өнерінің ілгері дамуына атсалысатындар жеткізіп, өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстел барысында көптеген нақты қадамдар жасалып, бірігіп өткізілетін іс шаралардың бірқатары айқындалды.



Акция соңында, қатысушылар фото-суретке түсіп, мұражай басшысының міндетін атқарушы Ж. Молдабековтың өзі салған аумағы 20х8, «Рухани жаңғыру» логотипінің қасында флешмобпен аяқталды. Далада өткен шараны арнайы дронмен түсіріп, арнайы бейне баян түсірілді.


ruh.kz...