9 Ақпан, 2019
Польшада қазақстандық жастар орталығы ашылды

«Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығы Польшаның Свече қаласындағы лингвистикалық-технологиялық университетте ашылып отыр.


 



Орталық ашу бастамасын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының қолдауымен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті көтерген. Орталық мақсаты – қазақстандық мәдениетті Польшада және Еуропалық одақтың өзге елдерінде насихаттау.



– Жастарға арналған орталықтың ашылуы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жарияланған Жастар жылына тұспа-тұс келгені айрықша оқиға, – деп атап өтті С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген салтанатты ашылу рәсімінде. – Атап айтарым, ұлы Абайдың есімі орталықтың атауына берілгенінің өзі аса маңызды. Абай – қазақстандық мәдениеттің құнды символдарының бірі. Ал шығысқазақстандықтар үшін ақын жерлес тұлға, кемеңгер ғалым болып табылады. Оған қоса, біздің университетте абайтанудың бай дәстүрі мен Қазақстанға танымал ғалым Айжан Қартаеваның ғылыми мектебі бар. Біздің оқу орнында ақынның ойларына арналған абайтану бойынша конференциялар ұйымдастырылады, монографиялар мен ғылыми мақалалар жарияланды, дипломдық және магистрлік жұмыстар жазылуда. Яғни, біздің ғалымдар мен білімгерлердің Абай мен оның шығармашылығы, дүниетанымы туралы айтары көп деуге болады.



Жаңа орталық мәдениеттермен, білім беру бағдарламаларымен және халықаралық ғылыми жобалармен алмасу үшін интербелсенді алаңға айналады, академиялық ұтқырлықты дамытуға және Қазақстан мен Польша жоғары оқу орындарының арасында қос дипломды білім беруге ықпал ететін болады.



Орталықтың ашылуына байланысты екі тараптан көптеген жұмыстар атқарылды. Польша тарапы жеке ғимарат ұсынды, ал оны көркемдеу бойынша қазақстандық тараптан еліміз туралы поляк, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде кітаптар, сонымен қатар мәдени жәдігерлер берілді.



Шығысқазақстандық делегация атынан Лингвистикалық-технологиялық университетіне сый ретінде мүсінші Дәурен Дощанов жасаған мәдени құндылыққа ие «Абай» мүсіні мен суретші Әлібек Шоқановтың «Абай» суреті берілді. Ал халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Лингвистикалық-технологиялық университет ректоры Эльжбетте Штернальға С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры М. Төлеген жоғары оқу орнының өркендеуіне ықпал еткен тұлғаларға берілетін Абай атындағы медальды табыс етті.



Орталықтың ашылуы күні Өскемен қаласында Польша мемлекетімен онлайн режимде «Мәдениеттер диалогындағы университеттердің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.



Екі елдің жоғары оқу орындары ынтымақтастығының келесі қадамы ретінде С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Коперник» ғылыми-білім беру орталығы ашылмақ.



Айнұр Нұрманғалиева, Ruh.kz


Ruh.kz
ШҚМУ халықаралық бөлімі