29 Қаңтар, 2020
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке сұрақ

Арқаның бүгінгі кейпі, «Цифрлы Қазақстан» жайы, мәдени өмірі осы сұқбатта. 

Ruh.kz: Сіз мектеп оқушысына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қалай түсіндірер едіңіз?

Жеңіс Махмұдұлы: Менің де балаларым – оқушы. Егер мен балама «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндірер болсам, бұл ең алдымен – ұлт санасының, ұлт тарихының жаңғыруы деп айтар едім. Өйткені, балаларымызға «Рухани жаңғыруды» мектеп жасынан бастап ептеп түсіндіруіміз қажет деп ойлаймын. Мысалы, облысымызда бағдарлама аясында тек соңғы үш айдың ішінде   білім басқармасының оқу-әдәстемелік орталығы «Ұстаз – өзгерістер елшісі», «Тарих мұрасы», «Алтын адам», «Первый шаг к великим изобретениям», «Мир профессий» арнайы жобалары бойынша 1 халықаралық, 6 облыстық іс-шара өтті. Мектеп   оқушыларының бойында рухани байлықты, моральдық тазалықты, XXI ғасырдың лайықты өмірін қалыптастыруға қабілетті жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеу мақсатында «Үздік тәлімгер», «Болашақ инженер», «Үздік тарихшы-2019», «Мектеп мұражайлары бойынша виртуалды экскурсия» атты облыстық конкурстар, «Ұлы дала мұрагерлері» форумы, «ROBOLAND 2019» V халықаралық фестивалі, «Worldskills Караганда» аймақтық кәсіптік шеберлік чемпионаты өткізілді. 

Международный IT-форум, Караганда.JPG

Ruh.kz: Қарағанды облысында тарихи-мәдени мұраларды насихаттау қалай?

Жеңіс Махмұдұлы: Мойындау керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамға жаңа мәдени серпін әкелді. Осы бағытта Сарыарқа төрінде орналасқан Қазақстанның ірі, әрі маңызды мәдени аймақтарының бірі Қарағанды облысында, тарихи-мәдени мұраларды насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қарағанды облысының аумағында барлығы 2700 ескерткіш тіркелсе, оның 1538-і қазіргі уақытта мемлекет қарауында, ал 22 ескерткіш республикалық мәртебеге ие. Атап айтқанда: Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Болған ана кесенелері, Беғазы мазарлары, ортағасырлық Басқамыр, Аяққамыр қалашықтары және тағы басқалар.

Бағдарламаның «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» аты жобасы аясында өңірімізден шыққан ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар және жалпы облыс тұрғындарының пікірі ескеріле отырып, 21 жалпыұлттық қасиетті және 43 жергілікті сакралды нысандар анықталды. Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұраларды сақтау және насихаттау мақсатында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде 2016 жылы үлкен ғылыми жаңалық ашылды. Шет ауданына қарасты Талды ауылынан 12 шақырым қашықтықта Қаражартас қорымында ежелгі сатылы пирамида табылды. Бүгінгі күні қорымды қызықтап көруге келетін келушілердің саны артып келеді. Қаражартас қорымын және маңындағы ескерткіштерді халыққа насихаттау, туристерді тарту мақсатында биылғы жылдан бастап «Талды тарихи-археологиялық паркін» ашу (2019-2021ж.ж.) мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, зерттеу жұмыстары қолға алынды.

Елбасының тапсырмасы аясында, облысымызда заман талабына сай сандық технологиялар енгізіліп жатыр. Мысалға Қарағанды қаласында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау мақсатында 45 тарихи-мəдени нысанға QR-код тақтайшаларының орнатылғанын келтіруге болады. Онда ескерткіш жайлы қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде мəліметтер берілген. Қала халқы, қалаға келген туристер, қонақтар мен оқушылар ұялы телефонның көмегімен тарихи-мəдени нысандар туралы толық мағлұмат ала алады. Яғни, қажет ақпаратты жедел алуға мүмкіндік жасалған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады.

Ескерткіштерді кең насихаттау мақсатында олардың 3D кескіні мен геоақпараттық мәліметтер қоры және бейнероликтер түріндегі онлайн ақпараттық-анықтамалығын іске қосу мәселесі қолға алынды. Биылғы жылдың соңында 3D кескіні мен геоақпараттық карта бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау мақсатында облыста көптеген іс-шаралар өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, ұлт ұясына айналған Ұлытау өңірінде 2018 жылдан бастап «Jezkiik» халықаралық этно-музыкалық фестивалі өткізіліп келеді. Бұл фестиваль аясында биыл Ұлытауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен туризмді дамыту мәселелерін талқылау бойынша туристтік форум өтті. 

Жошы-хан мазары.JPG

«Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек. Аса маңызды миссия: бүкіл әлемнің назарын осындай тарихи тұлғаға аудару және оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру» қажеттігін айтты. Осыған орай, Қарағандыда Алтын Орда қалыптасуының 750 жылдығына арнап «Сарыарқа мен Алтын Орда: уақыт және кеңістік» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Қазіргі таңда «Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастыру және деректі фильм дайындау» жобасы бойынша, Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұрасы бойынша көп сериялы авторлық «Сарыарқа қазынасы» атауымен Орталық Қазақстанның көне дәуір ескерткіштеріне арналған деректі фильмдер түсірілуде. Фильмнің негізгі мақсаты – Орталық Қазақстанның көне дәуір жауһарлары мен бай мәдени мұраларын деректі фильм топтамасы арқылы көпшілікке насихаттау. Фильмді түсіру барысында арнайы заманауи техникалық құралдар мен бағдарламалар қолданылады. Ескерткіш нысандарының 3D форматтағы кескіндемелері мен анимациялық реконструкциялары жасалып, көрерменге шынайы әрі көркемдік, эстетикалық эффектілер арқылы беріледі.

Ғасырлар бойы алтын қорымыздай сақталып, ата-бабамыздың заңды мұрагері екендігін дәлелдейтін қастерлі де қасиетті жәдігер сырға толы табиғи мұраны зерделей зерттеп, ел игілігіне жарату абзал іс болмақ.

Ruh.kz: Қарағанды облысындағы заманауи мәдениет жайлы бірер сөз?..

Жеңіс Махмұдұлы: Бүгінде Қарағанды облысының мәдениет және өнер мекемелері көп функционалды, көп деңгейлі әлеуметтік-мәдени институт ретінде мемлекеттік саясат аясында қоғам өміріне белсене қатысуда. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында облыс мәдениет және өнер мекемелері өз құндылықтарын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, жергілікті халықпен бірге біте қайнасып, қызметтерін жаңа жүйемен жалғастыруда.

Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік мәдениет, өнер және архив нысандарының жүйесі 668 мекемені құрайды. Мәдениет саласының қызметі тұрақты түрде жаңашыл ізденістерді, инновациялық жобаларды, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, жұмыс түрлерінің жаңа шығармашылық әдістерін енгізу бойынша жүйелі жұмысқа бағытталған.

Жаһандану заманының талабы – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға облыс мәдениет және өнер ошақтары жұмылып жұмыс істеуде. Кітапхана, музей, мәдени ойын-сауық мекемелерінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүйелі түрде жұмыс жүруде. Бүгінгі күнге кітапханалар 55 000 кітап және өзге құжаттарды, музейлер 23 915 жәдігерді сандық форматқа ауыстырды. Сондай-ақ, Қарағанды облысының музейлері смарт құралдармен музейге келушілер санын көбейту мақсатында жан-жақты жұмыс істеуде. Әр музейде жәдігердің тарихын баяндайтын аудиогид құрылғылары, заманға сай ақпараттық панельдер бар. Жоспарлы түрде интерактивті квест ойындар өткізіледі. Ал облыстық театрлар «BilletBar» және «Tiketon» порталдары арқылы электрондық билеттендіру жүйесін енгізді.

Мәдениетті заманауи дамыту ісінде кітапхана қызметінің үлесі зор. Қызмет спектрін кеңейте отырып, біздің кітапханаларымыз білім тарату орталығына айналды. Көптеген қызметтер виртуалды форматта көрсетіледі. Кітапханаларда смартфондарға арналған мобильдік қосымшалар әзірленуде. Электронды деректер базасын қалыптастыру және құнды өлкетану құжаттарын сандық форматқа ауыстыру үрдісі белсенді жүріп жатыр. Бүгінгі таңда кітапханалардың сандық форматқа ауыстырылған кітаптары мен құжаттарының саны – 55 мыңнан асады.

Кітапханалар оқырмандарды тарту үшін интерактивті технологияларды қолдануда. Облысымызда 25 ресми кітапхана сайты жұмыс істейді. Сайт арқылы оқырмандар кітапхананың электронды ресурстарына: электронды каталогқа, толық мәтінде деректер базасына қашықтан қол жеткізе алатын мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, электронды қызметтер арқылы: виртуалды анықтама, кітап мерзімін online-ұзарту, құжаттарды электронды жеткізу бойынша жедел және сапалы сұраныстар орындалады. SMS хабарлама арқылы оқырмандарды ақпараттандыру жұмысы қолға алынған. Бүгінгі күні бұл іс кітапхананың сайтына және ол жерде өтетін іс-шараларға назар аудартудың тиімді жолдарының бірі. Н.В. Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының оқырмандары «Алақандағы кітапхана» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы барлық online-қызметтерге қол жеткізе алады. 

бессайыс, п.Ботакара.jpeg

Әлеуметтік желілердің қоғамда алар орны ерекше екені белгілі. Кітапхана қызметкерлері интернет кеңістігінде, әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook және т.б.) өз қызметтерін белсенді жарнамалауда. Оқырмандарды соңғы жаңалықтардан хабардар ету, кезекті іс-шараға шақыру, сауалнама жүргізу үшін жаңа медиа-ақпараттарды желіге жүктеуде. Жастар әлеуметтік желіде жиі отыратындықтан, кітапханалар үшін бұл тиімді жол. Жалпы облыс кітапханаларының парақшасын пайдалану статистикасына жүгінсек, жылдан жылға жазушылар саны бірнеше есеге өсуде.

Бүгінгі кітапханалар тек кітап беретін орын болып қана қоймай, адамдар ақпарат алатын, бірлесе жұмыс жасайтын, ойын, білім, ғаламторды ұштастырған заманауи орынға айналуда. Осы тұрғыда жастар мен балаларға арналған Қарағанды облысы бойынша Н. Гоголь атындағы ОӘҒК «Bilim ortalygy» және 9 аудандық, 11 қалалық кітапханада арнайы коворкинг орталықтар ашылды. Осы орталықтар біріншіден кітапхана ісіне жаңа леп беріп, екіншіден жастарымыздың шоғырланып, жаңалық ойлап табатын, жаңа идея тудыратын ошағына айналды. Коворкинг орталықтарында ашылған күннен бастап, клубтар, әдеби отырыстар және басқада іс-шаралар өтуде.

Осылайша, Қарағанды облысының кітапханалары өңірдің инновациялық дамуындағы белсенді серіктесі ретінде әлеуметтік маңызды нысандарға айналуда, олар қоғам өмірінің барлық салаларына белсенді қатысып, ақпараттандырылған азаматтық қоғам құруға септігін тигізу бағытында жұмыс істеуде. Ал, кітапханашылар өз дағдыларын үнемі дамытып, биік шығармашылық потенциалға ие болу мақсатында кәсіби біліктіліктерін арттыруда.

Ruh.kz: Қарағанды облысының мақтан етер тұлғалары жайлы айтып өтсеңіз?

Жеңіс Махмұдұлы: Сарыарқа төрінде орын тепкен Қарағанды облысы – аса көрнекті тарихи және саяси қайраткерлердің, әнші-серілер мен ақын-жазушылардың алтын бесігі.

Атап айтар болсақ, Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы, Ағыбай батыр, Жидебай батыр, Сеңкібай батыр, Байғозы Наймантайұлы, Көкбөрі Керней Жарылғап батыр, Нияз батыр, Шабанбай би Қалқаманұлы және басқа да есімдер халық жадында жақсы сақталған.

Қазыбек би – қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз-Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шоқан Уәлиханов «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде: «Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда, ол: «Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңқалуға болады. Оның бірі – 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған Қаракесек Қазыбек те, екіншісі – өзінің сондай тұтқындағы туысын құтқарған уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып, сұрап алды. Соңғысы өзінің ауылында отырып, жауын қорқытып алды», - деп жазады. Бұл – заманында ақылымен қатарынан озған дана биіне ел басшысының берген нақ та әділ бағасы еді. Қаз дауысты Қазыбек би 1764 жылы күздің соңы, қыстың бас кезінде Далба тауының ішіндегі Қарағайлыбұлақ деген жерде, 97 жасында қайтыс болған. Қарабас балуан орнатқан сөре тасқа кереге жайып, үстіне үй тігіп, қыс бойы сақтаған бидің мәйітін Бекболат би ақ киіздің сыртынан былғарымен қаптатып, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне апарып жерлеп, басына құлпытас орнатқан.

Ағыбай батыр Қоңырбайұлы – Қазақтың ең соңғы ханы, отаршылдармен өмірінің соңына дейін күресіп өткен, айбынды батыр Кенесары ханның үзеңгілес досы, әрі бас қолбасшысы, құрдасы болған адам. Ағыбай елдің елдігі мен еркіндігі үшін жастайынан ат жалын ұстаған. Ол алғаш рет, 1822 жылдары 18-20 жасында Кенесары сұлтанмен жорыққа шыққан. Ағыбайдың батырлығын, ақылын, тапқырлығын, көрегендігін, сапарда, жорықтарда жол болғыштығын және жұмыста тынымдылығын жоғары бағалап, «Ақжолтай» атап кеткен.

Жидебай батыр – Абылайдың сенімді серігі, жауқарақ басы, пікірлес досы әрі биі. Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге қатысқан кісі. Абылай ханның майдандағы ұрыс тағдырын шешетін, әрі қосымша тың күш ретінде ұсынылатын 5000 қолды басқарған екен. Жидебай батыр Абылай хан тұсында хәм билік айтып, хәм жұртына бас болады. Шежірелердің айтуынша, Жидебай батырдың алғашқы үлкен жорығы – «Аңырақай шайқасы». Заманында Абылай хан қазіргі Балқаш-Ақмола өңіріне жауды кіргізбей сақшы қолдарымен тоқтата тұруды тапсырған екен деседі. Сарыарқаға Қазақ, Қалмақ, Жоңғар, Торғауыт таласқанда еңбегін сіңірген ердің бірі болады. Жидебай батыр «Аңырақай шайқасына», «Қаншеңгел», «Ақсүйек» соғысына қатысып ерлік көрсеткен, Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарақаралы, Ұлытау, Ақмола, Балхашты азат еткенде – мыңбасы Тарбағатай, Батыс Алтай шайқасы, Аягөз, Талдықорған-Шоңжы, Құлжа, Алатау жорығы, Талғарды азат еткенде – әскербасы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған. Жидебай батыр – XVIII ғасырлардығы жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған тарихи тұлға.

Байғозы Наймантайұлы – батырлардың бірі емес, бірегейі. Батырдың атамекені Сарысу өзенінің басы – Ақтау, Ортау, Көктіңкөл. Ол 90-нан асып қайтыс болған. Сүйегі Жаңаарқа ауданындағы «Қызыл ту» ауылы жерінде. Бейіті тұрған жерді «Батырдың басы» деп атайды. 

Парад творческих и музыкальных коллективов, Караганда.JPG

Алаш партиясының көшбасшылары, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері

Орталық Қазақстанның тумалары «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілдері – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков.

Әлихан Бөкейхан – мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист қана емес, ол қоғам және мемлекет қайраткері қатарындағы аса ерекше тұлға, Қазақстанның XX ғасырдың бас кезіндегі рухани-иннтеллектуалды элитасының көсемі, ұлт мақтанышы.

Жақып Ақбаев – қоғам қайраткері, заңгер, құқық магистрі, қазақ халқының азаттығы үшін алысқан қажырлы күрескер, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, ұлт зиялысы, ғалым, қазақтың тұңғыш құқық магистрі. 1917 жылы «Алашорда» үкіметін құруға қатысады. Алашорда автономиясының мемлекеттік институттары мен үкіметін құруда, Алашорда автономиясының шекарасын анықтауда басты рөл атқарады. «Алашорда» үкіметіндегі қызметін тоқтатқаннан соң, 1918 жылы Қарқаралыдағы қазақ комитетін басқарады. Қазір Қарағанды қаласындағы алаңға және Ақтоғай ауданында көше атына Жақып Ақбаев есімі берілген. 1998 жылы Алаштың үш арысы – Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейхан, Ә.Ермековке ескерткіш орнатылған.

Әлімхан Ермеков – ірі саяси қайраткер, «Алаш» қозғалысы мен «Алаш» партиясы көшбасшыларының бірі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш математик-профессор, ғұлама ғалым, ұстаз, белгілі ағартушы, Ленин басқарған Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде (Мәскеу, 1920 ж. 17 тамыз) қазақ елінің шекарасы туралы тұңғыш баяндама жасаған. Бүгінде Қарағанды, Қарқаралы қалаларының екі орталық көшесіне, Ағадыр станциясының № 131 орта мектебі мен Ақтоғай ауданы Қаратал ауылындағы орта мектепке Әлімхан Ермеков есімі берілген. 2000 жылдан бастап Президенттік мәдени орталық мұражайында Әлімхан Ермековке байланысты құжаттар мен суреттер жинақталып, алаш алыбына құрмет көрсетіліп келеді.

Ақындар, жыраулар

Сарыарқаның ақындары мен жырауларының шығармашылығы қазақ фольклорының қазынасына кірді. Бұқар жырау Қалқаманұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Нарманбет Орманбетұлы, Әсет Найманбайұлы есімдері Ұлы Далада кеңінен танымал болды.

Бұқар жырау Қалқаманұлы – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол ұзақ өмір сүріп, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған қазақ жырауы, мемлекет қайраткері. Бұқар жырау ерте кезден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ (1718 жылы бақилық болған) қабырғалы би болған деседі. Бірақ Абылайға дейінгі хандардың ешқасайсымен тіл табыса алмайды. Тек Абылай ханның тұсында жыраудың жұлдызы тағы да жанады, сөйтіп ол хан ордасына оралып, қалған өмірінде мемлекеттік істерге тікелей араласады. Бұқар жырау Қалқаманұлы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағындағы Далба тауының бір сілемінде жерленген.

Бұқар жырау шығармаларының басты тақырыбы – халқына, отанына деген ыстық махаббаты. Ол отанды сүюге, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға үндейді.

Шортанбай Қанайұлы – жырау, ақын, діни қайраткер. Ол өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей-кепшік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері. Жан-жақты талан-таражға душар болған елінің ауыр тағдырын тайға таңба басқандай бейнелей білген ақын 1881 жылы қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданы жерінде қайтыс болды. Ол өлерінде үстіне ескерткіш орнатпауды, үлкен ас бермеуді тапсырып, оған шыққан шығындарды елдегі жоқ-жітік, кемтарларға үлестіруді өсиет еткен. Ақын көз жұмғалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, оны халық қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді.

Шашубай Қошқарбайұлы – халық ақыны, әнші, композитор. Ол ән мен жырдың еркесі Біржан сал, Ақан сері, Шөже, Кемпірбай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Ғазиз, Мәди сынды ақындық, әншілік, орындаушылық өнердің иесі. Тіпті қазақ елінің көшпелі театры, дала циркі, қазақ эпосының архиві болған өнерпаз деуге де әбден саяды. Шашубай өз заманының өнер қайраткерлерімен, даңқты адамдарымен араласып жүрген. Ол Жетісу елінде Жамбыл, Қуандық, Сарыбас тәрізді арынды ақындарымен сөз бәйгісіне түскен. Шөжеге жолығып, онымен бірге қазақ, қырғыз елін аралаған. Осы бір өнер сапарында, Шөженің айтуынан оның Кемпірбай ақынмен айтысын жаттап алған. Қояндыда Біржан салмен кездесіп, одан бата алған. Халыққа әнмен өріп, сөз тартқан Шашубай шығармасы толқын-толқын буындардың рухани-эстетикалық нәр алар асыл мұрасы болып қала берері сөзсіз.

Доскей Әлімбаев – қазақтың халық ақыны, айыркөмей шешен, жезтаңдай әнші, дарынды композитор, еңбек сіңірген өнер қайраткері. Жас шағынан өнер мәдениетін әйгілі Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Біржан салдардан үйреніпті. Доскей Орынбай, Кемпірбай сынды өнерпаздармен кездеседі, Үкілі Ыбырай және Ақан серімен айтысады. Кеңес заманы орнағаннан кейін Доскей көмірлі Қарағандыда өмір сүрген. Сондықтан шығармаларының негізгі тақырыбы Қарағанды кеншілерінің өмірі мен еңбегі болды. «Қарағанды», «Екі сайлау», «Жүрегім» деген өлеңдері ақынның таңдаулы шығармалары болып есептеледі. Жасы жүзге аяқ басқан Доскей Әлімбайұлының ақындық дауысы майдан жылдарында ерекше екпінмен естіледі. Отан қорғау жолындағы әрбір жеңісті, әрбір жаңалықты егжей-тегжейлі анықтап, сұңқарша саңқылдады. Алпыс дұшпанның көзін құртқан қазақтың батыры Досмағамбетовтың, Жұмалиевтың асқан ерлігін баяндады. 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин Қарағанды қаласында болғанда, оны Доскей Әлімбайұлы өлеңмен құттықтайды. Ақынды Арқа жұртшылығы, оның ішінде қарағандылықтар көзі тірісінде де, қайтыс болған соң да қадірлеп, оған зор құрмет көрсетеді. Доскей Әлімбаев есімімен Қарағандыда көше, жатқан жері – Бұқар жырау ауданында елді мекен аталды. 

Рекорд Гинесса по взбиванию 10000 л кумыса одновременно (2).jpg

Сарыарқаның әдеби өмірі

Өңірдің мәдениеті біздің өлкеміздің тумалары, жазушылары мен ақындарының есімдерімен бай. Олардың ішінде қазақ әдебиетінің алып тұлғалары – Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов, Әлжаппар Әбішевті, кейінгі толқын қатарынан Ақселеу Сейдімбеков, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкенов, Ғалым Жайлыбай, Төкен Әлжанов сияқты қаламгерлерді ерекше атап айтуымыз керек.

Ruh.kz: Ән десе – Әсетті, күй десе – Тәттімбетті, жыр десе – Қасымды қалқан етер Қарағандының мәдени өмірі бөлек әңгіме. Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге жеміс, деніңізге саулық тіледік!

Ескерту: сұқбат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінің көмегімен дайындалды.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінен алынды