16 Қараша, 2019
Қазақ ән өнерінің патшасы

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес!» 

«Жылдар,

Өмірдің өзенімен,

Ағады кезегімен.

Сенсің көңілі ашық,

Менің ғашық ғасырым.

Ертеде де кеште,

Тұрасың сен есте,

Мен өшсем де өшпе, асылым».

Шәмші әндерін қай қазақ болмасын бірден таниды. Өлеңге көрік беріп, оның сәнін шығарып тұратын, әрине, – әні. Ән аға сондай, ерекше сазды 300-ге жуық ән жазып, қалдырды. Қазақта көптеген композиторлар болды, әлі де бар. Олардың бірінің әндері тарих беттерінен өшпейтін орынға ие болып жатса, енді бірінің ғұмырлары ұзаққа созылмай, тыңдармандарын жоғалтып жүргенін күнделікті өмірден-ақ біліп, көріп, куә болып жүрміз. Ал Шәмші әндерінің қайсысы болмасын ұлы дала жерінде күні бүгінге үні сайрап тұр. Сондықтан халық оны «Ән патшасы», «Ән королі», «Ән аға», «Қазақ вальсінің королі» деп бекерге атамаған. 

Шәмші.jpg

Өткен ғасырдың бірінші жартысында қазақтың аяғы ауыр бір келіншегі таңғажайып түс көреді. Түсінде оның ұлы аққу құсқа айналып, көл бетінде жүзіп жүреді екен. Ертесіне жары әйелінің бұл түсін естіп, оны жақсылыққа жориды. «Жақсы сөз – жарым ырыс». 1930 жылы жаңағы келіншек айы-күні жетіп, отбасына Жәмшид есімді ұл бала қосылады. Жәмшид – Шәмші Қалдаяқовтың әкесі тумай тұрып қойған шын есімі.

Шәмші – композитор, ән жанрының әйгілі майталманы, аса көрнекті сазгер, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі. Әйтсе де ол компзиторлық жолға оңай түспейді. Әуелі зооветтехникумды, одан кейін әскери училищені, сосын Ташкент қаласындағы музыка училищесін, соңынан барып Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының композиторлар дайындайтын факультетінде оқиды. Өзіндік бір себептерге байланысты Шәмші өмірінің ақырына дейін дипломсыз жүріп, әуесқой сазгерлер қатарында болады.

Ән патшасына ерекше дарындылық қасиет шешесінен, нағашылары жағынан дарыған, өйткені оның әкесі ұста, зергер болған. Шешесі Сақыпжамал Шәмшіні кішкентайында әлдилегенде оған Естайдың «Қорланын» жиі айтқан екен. Содан соң болуы керек ән ағаның өмірде ұнатып айтатын әні «Қорлан» болыпты. Шәмші мектепте оқып жүргеннен-ақ домбыра мен сырнайға әуес болады. Сондай-ақ ол аулына келген сыған жігітінен мандолина аспабын сатып алып, тартады. Ол пианинода да керемет ойнай білген. 

Шәмші Қалдаяқов.jpg

Халық сазгер әндерінің барлығын да сүйсіне тыңдайды. Анадан бастап, отан, табиғатқа дейін ән арнап, қазақ музыка өнерінің мұрағатын байытты. «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...», «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін». Біз білсек сіз де осы өлеңді ән ырғағына бөленіп, ыңылдап айттыңыз, солай ма?! Шәмші әндерінің күшінің кереметтілігі сонша, өлеңнің сөзін жазған автор басқа болғанымен, қараған адам бірден әуеніне тартып шырқай кетеді. Осының өзі-ақ композитордың шоқтығын биік қылып, ән патшасы екендігін дәлелдеп тұр емес пе?! Халық сазгердің тек бір әнін ғана емес, барлық әндерін де жатқа біледі десек қателеспегеніміз шығар?! Сөзін білмегенімен, әнін міндетті түрде біледі. «Әкенің ақ тілегін өтеу парыз, мен бүгін әкемді айтып толғанамын», «Өзгеден де сен сұлу, өмірлік дос тең сен сұлу...», «Кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен», «Жайраңдап жазда ағатын еді, есімде қайран Сыр сұлу...», «Белгісін балалық шағыңның, айтшы сен қай жерде қалдырдың?», «Кел билейік, кетпе менің қасымнан, қызғалдағым, таң нұрымен ашылған...», «Сені іздеп, арманым, сыр бойын шарладым», «Толқысын шартарап, тасышы, тебіренші, о гитара!», «Өзгені емес, өзіңді ойлап жүдедім, түсінер деп бір қазақтың жүрегін», айта берсең жалықпайсың, әндерінің саны да көп, мағынасы да ұшқыр және ең бастысы – жүрекке жылу сыйлайды. Оның сезімге толы, сазды әндері бір тыңдағаннан-ақ тыңдаушы ықылысына бөленіп, жүрегінің түбіне әп-сәтте жетеді. 

шәмші мен мұхтар-1009x720.jpg

Тарихта шежіреге айналатын әсем ән жазып қалдыру – тума дарындылық, ерекше қабілет. Шәмші тек композитор ғана, сондай-ақ оның айтарлықтай ақындық өнері де болды. Оның көзін көргендердің айтуларына қарағанда, Шәмші ән таңдайтын кезде оның сөзіне де аса мән беріп қараған екен. Әннің сөзін жазған авторға үнемі өз тарапынан қандай да бір идея қосып отыратын болған. Ұлы композитор Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Сабырхан Асанов және т.б. сынды қаламы мықты ақындар шығарған өлеңдерге ән жазып, қалдырды. 

Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов.jpg

Оның әрбір әнінің өзіндік шығу тарихы бар. Мәселен, қазіргі күні егеменді еліміздің әнұраны – «Менің Қазақстаным» әнін Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кезбен байланыстырады. Анасының қазасын көтере алмай жаны қиналғанда ол «Ана туралы жыр» әнін жазады. Бәлкім жүректен шыққан туынды болған соң шығар әннің ғұмыры да ұзақ болып, бүгінгі күнгі жастың да, кәрінің де естерінен кетпей жүргені. «Ақ бантикті» досы шаңырақ көтеріп, тойына шақырған сәтте жазушы Мұхтар Шаханов екеуі не сыйларын білмей отырып, дереу ән жазуға кіріскен екен. Бірде Сыр өңірінің сахнасында жазушы Зейнолла Шүкіров пен Шәмші тұрыпты. Сонда күрішші қыздардың еңбек жолы айтылады. Кештен соң жазушы «Сыр сұлуы» әнінің сөзін оқып, арты сазгердің мәңгі өшпес әнінің дүниеге келуімен аяқталған көрінеді. «Өмір-өзен» атты ән болса, Мұхтар Шахановтың өмірге деген құлшынысынан туындаған. Өлеңді қолына алып, оқыған Шәмші терең мағынаға толы сөздерін ұнатып, осылайша дүниеге әсем ән келеді. Алайда әсерлі ән халыққа отыз жылдан кейін, 70-80 жылдары ғана жетіпті. «Әр әннің өз орындаушысы болады» дегендей «Өмір-өзенді» ел іші әнші Алтынай Жорабаеваның орындауымен кеңінен таныды. Біз композитордың бір-екі әнінің ғана шығу тарихын аз-кем айтқандай болдық. Дегенмен Шәмші әндерінің қай-қайсысы болмасын тұнып тұрған тарих. 

отбасымен.jpg

Қазақ вальсінің королі шығарған әндер тек қара қазақтың ғана көңілінен шығып қойған жоқ. Қазақ эстрадасының ән патшасының өнеріне тіпті ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер де таңдана қарап: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», - деген екен. 

Алматыдағы ескерткіші.jpg

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай ғана түйіні: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», - деп данышпан Абай айтқандай, еліміздің дархан даласында, қазақтың музыка әлемінде Шәмшінің ерекше тұлғалығы, оның әсем сазды сазгерлік ізі, қоңыр үнді дауыстың ырғағымен шырқалатын әндері мәңгі өлмейді.

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден