18 Қазан, 2019
Қазақстандық этностардың еліміздің мәдени мұрасына қосқан үлестері

Басты мақсат – мәдениет, білім беру және ғылым салаларында үлкен қызмет атқарып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандық этностар өкілдерінің ортақ электронды мәліметтер базасын құру бойынша пікір алмасу және ұсыныстар әзірлеу.

2019 жылдың 18 қазанында, сағат 11.00-де, Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінде «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» тақырыбындағы сұхбат алаңы өткізілді. Іс-шара «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының ортақ тарихи және мәдени мұрасына қосқан үлесін зерттеу» жобасы аясында жүзеге асырылды.

Аталған іс-шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты және Қазақ-Орыс Халықаралық Университеті бірлесіп ұйымдастыруда. 

IMG-20191018-WA0019.jpg

Басты мақсат – мәдениет, білім беру және ғылым салаларында үлкен қызмет атқарып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандық этностар өкілдерінің ортақ электронды мәліметтер базасын құру бойынша пікір алмасу және ұсыныстар әзірлеу.

Диалог алаңына Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Орал қалаларының танымал тарихшы, этнограф ғалымдар, этносаралық қатынастар саласының жетекші мамандары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктерінің өкілдері шақырылып, білікті сарапшылардың ұсыныстары мен пікірлері негізінде қазақстандық этностардың батыс өңіріндегі көрнекті тұлғаларының тізімін жасақтау көзделді.

М. Өтемісов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сдықов ХІХ-ХХ ғасырларда Батыс Қазақстан өңіріндегі этностардың қалыптасуы мен дамуы туралы баяндама жасады. 

IMG-20191018-WA0016.jpg

М. Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандық филиалының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жарас Ермекбай шешен және ингуш этностарының еліміздегі тарихи-мәдени дамуына қосқан үлесі жөнінде баяндады.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жанна Қыдыралина өзінің баяндамасын қазақстандық этностардың тарихы мен мәдениетін зерттеудегі еліміздегі тәжірибе мен жетістіктерге арнады.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жасқайрат Ерназаров Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының этнографиясы туралы жинақталған мәліметтермен бөлісті. 

IMG-20191018-WA0017.jpg

Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ернар Ужкенов Қазақстан Республикасының ұлттық идеологиясы қалыптасуындағы тарихи ғылымдарының маңызы туралы баяндады.

Батыс Қазастан облысының «Орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Погодин өңірлік мәдени орталықтардың этносаралық келісім мен сабақтастықты қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды.

Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінің Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Орынкүл Табылдиева жалпы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру бағытында еліміздегі ҚХА кафедралары атқаратын жұмыстар туралы баяндама жасады.

К. Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің Тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Ізбасарова және Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Медеубаев сұхбат алаңы тақырыбына арналған алғы сөздерін айтып, ғылыми-сараптамалық жұмыстың нәтижелі өтуіне ат салысты.

Сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» институтының жетекші менеджері Мейрам Қиқымбаев қазақстандық этностардың елдің дамуына қосқан үлесін айқындауға бағытталған зерттеу жобасының таныстырылымын өткізеді. Сұхбат алаңында талқыланатын зерттеу жобасы Рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасындағы «ұлттық сананың қарама-қайшы полюстерін үйлестіру» және қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мақсаттарына бағытталған.

Ақтөбе қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі