1 Қараша, 2019
«Қазақтың інжу-маржаны»

Құрманғазы оркестріне 85 жыл

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақтың інжу-маржаны» деп атаған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне биыл 85 жыл. Осынау мерейлі күннің қүрметіне 30 қазан күні «Қазақстан» орталық концерт залында салтанатты концерт өтті. 

фото.jpg

Айтулы кеште елімізге еңбегі сіңген Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты Тамара Асар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова және т.б. өнер майталмандары мен Құрманғазы оркестрі халқымыздың музыкалық өнерін, бірегей музыкалық аспаптарын және Ұлы дала әуенінің пәк сұлулығын тыңдармандарға паш етіп, өнерлерін көрсетті. 

Ақтоты Райымқұлова .jpg

Ал Құрманғазы оркестрінің 85 жылдық мерейтойына қонақ болып ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова келді. Министр алғысөзінде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Қуанышбек Мұханғалиевті марапаттаумен қатар оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепбергенге болашақта қызметте табыс тіледі. 

домбыра.JPG

23 концерттік нөмірлер орындалған мерейтойда әншілер оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқады. Онда тек Құрманғазының ғана күйлері орындалған жоқ. Қазақ композиторларының күйлері, халық әндері, орыс және шетел классикасының шығармалары болды. Сонымен қатар бишілер де өнер көрсетіп, классикалық бағыттағы вальсті биледі. 

Абылай Тілепбергенов.JPG

Репертуары 5000-ға жуық шығармашылық қорымен ерекшеленетін оркестр жыл сайын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әлемнің жетекші сахналарында, еліміздің облыстарында, аудандарында өздерінің концерттерін беріп, халқымызды мәдени-рухани кешпен сусындатып келеді. 

дирижер1.JPG

Ағымдағы жылдың өзінде Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі гастрольдік сапармен Ресей Федерациясы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы мен Алматы облыстарына барып, концерттік кеш өткізген. 15 қазан күні оркестрден құралған топ Алматы қаласы Республика сарайында үлкен концерт берді. Онда КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстан мен Қырғызтанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев сынды үлкен корифейлеріміз, Қазақстан Республикасының шоқтығы биік жұлдыздары қатысып, өз өнерлерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қайтты. 

дирижер 2 .JPG

Бүгінде дүние жүзілік деңгейде қазақ даңқын биікке көтеріп жүрген оркестрді көпшілік сүйсіне тыңдайды. Мерекелік кешті тамашалауға келген қалың жұртшылық та оркестрге ерекше ілтипатын білдіріп, зор алғыстарын айтты. Қазіргі заман ағымында өмір кешіп жатқан адамдардың көпшілігін бүгінгі таңдағы оркестр жайынан мүлдем бейхабар деп айта алмаймыз. Ал оның құрылу тарихы жайлы білетіндер аз болуы мүмкін. Бұл ғажап емес. Біз порталмыздың оқырмандары өзінің және елінің тарихы мен мәдениетін ұмытпай жүргенін қалайтындықтан сіздерге Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі туралы, оның құрылуы жайында кішкене тарихи мәлеметтермен бөліскенді жөн көрдік. 

Тамара Асар.JPG

Құрманғазы атындағы сахналық-концерттік ұжым 1934 жылы 23 сәуір күні құрылып, оркестрдің алғашқы дирижері әрі көркемдік жетекшісі – қазақтың музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, композитор, Қазақстанның халық әртісі Ахмет Жұбанов болып тағайындалған. Әйгілі оркестр репертуары 3 бөлімнен тұрады. 1-бөлімінде халық композиторлары Құрманғазының «Сарыарқа», «Серпер», «Адай», Дәулеткерейдің «Құдаша», «Қос алқа», Динаның «Әсем қоңыр», «Той бастар», Тәттімбеттің «Сары жайлау», «Сылқылдақ» және т.б. атағы жер жарған даңқты күйшілердің күйлері, 2-бөлімінде ТМД елдері және Батыс Еуропа композиторларының шығармалары, ал 3-бөлімінде академик Ахмет Жұбановтың «Қазақ маршы» мен «Абай» сюитасы, Е.Г. Брусиловскийдің «Думанда» және «Желдірме», Н. Тілендиевтің «Поэма» және т.б. қазақ композиторларының оркестрге арнап жазған музыкалық туындылары бар. Аталған шығармалар халқымыздың аспаптық музыкасын гармониялық және полифониялық дыбыс бояуымен, көп дауысты белгілерімен байытты. 

Айгүл Қосанова.JPG

Оркестрдің артистік құрамы көптеген топтан тұрады. «1-ші домбыра», «2-ші домбыра», «Домбыра контрабас» тобы, «Домбыра прима» тобы, «Бас домбыра» тобы, «Бас қобыз» тобы, «Қыл қобыз» тобы, «1-ші қобыз», «2-ші қобыз», «Альт-қобыз» тобы, «Қобыз – контрабас» тобы, «Шертер» тобы, «Флейта» тобы, «Гобой» тобы, «Ұрмалы аспаптар» тобы, «Баян» тобы. Дарынды өнер иелерінен құралған осы топтардың барлығы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрін бүгінде ата жолымен бір ортада ұйытып отыр.

Өздеріңіз білетіндей, Ахмет Жұбанов атамыздан кейін оркестр құрамында әр жылдары бірнеше қазақ өнерінің әйгілі музыканттары, орындаушылар мен дирижерлер еңбек етті. Олардың есімдері оркестр шежіресінде мәңгі өшпей, алтын әріптермен жазылады. 

Қуанышбек Мұханғалиев .JPG

Айтулы мереке күні қарсаңында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрін қазіргі күні басқарып отырған Қуанышбек Мұханғалиевпен бір ауыз сұқбат құрған болатынбыз. Сол аздаған пікірден үзінді:

«85 жылдың ішінде бүгінде теңдесі жоқ оркестріміздің құрамы көбейді. 11 адамнан құралған оркестрде қазір 85 адам жұмыс істейді. Басында академик Ахмет Жұбановтың тікелей бастамасымен құрылғаны белгілі. Ол кісі өзі дирижерлік жасаған. Кейін Ш. Қажығалиев, С. Мансұров, Н. Тілендиев, А.Жайылов, А.Жүдебаев және т.б. сынды дирижерлердің легін қазірде дарынды күйші, дирижер, Халықаралық байқаулардың лауреаты, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген деген азаматымыз жалғасырып, бас дирижерлік қызметін жасауда». 

0Z9A8644.JPG

Концерт басталмас бұрын Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік акдемиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижерімен әңгіме-дүкен құрып, мерекелік кештің маңызын, қоғамға берер пайдасы мен концерттік бағдарламада көрерменді қандай тосын сыйлар күтіп тұрғанын сұраған едік. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, Жастар Одағы «Серпер» сыйлығы және «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Абылай Тілепбергенов:

«Бұл Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет өткізіліп жатқан үлкен көлемдегі концерт. Құрманғазы оркестрінің концерттік репертуарында әрдайым өзгерістер болып тұрады. Бүгін де көрерменді көптеген тосын сыйлар күтіп тұр. Әсіресе, бас дирижер ретінде мен тосын сый жасаймын. Бишілердің көмегіне жүгінеміз. Олар классикалық бағыттағы вальсті билейді», - деді. Артынан «Мүмкін бас дирижер билеп кететін шығар» деп күлді. 

фотоо.JPG

85 жылдық шежіресі бар әйгілі оркестр жайында шығаратын түйін: «Халықтың осы оркестрге деген шексіз махаббаты, музыка әлемінде ойып орын алған бедел-абыройы – бұл күллі ұжымның тер төккен еңбегінің жемісі», - деп 1958 жылы Ахмет Жұбанов айтқандай, оркестрдің осыған дейінгі жеткен әрбір жетістіктері – 85 жылдың ішінде құрамда қызмет атқарған әрбір өнер азаматының ортақ жемісі.

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - Джамиля Мурзабекова